Informburo.kz Ричард Грейдің BBC сайтында жарық көрген мақаласын тәржімалап ұсынады.
Жаңа коронавирустың адам денесінен тыс жерде қаншалықты ұзақ өмір сүретіні енді ғана анықталып отыр.
Бүгінде әлемнің түкпір-түкпіріндегі қоғамдық орындардан бірдей көріністі байқауға болады:
- есікті шынтағымен ашуға тырысқан адамдар;
- вокзалдарда тұтқаны ұстамай кетіп бара жатқан жолаушылар;
- күн сайын жұмыс үстелін сүртіп жатқан кеңсе қызметкерлері.
Оқи отырыңыз: Коронавирустан аман қалуға болады. Ол үшін дәл қазір не істеу керек?
Вирус енді ғана келген аймақтарда қорғанатын арнайы киім киген жұмысшылар алаң, саябақ, орталық көшелерді зарарсыздандыруға кірісіп жатыр. Кеңселер, ауруханалар, мейрамханалар мен дүкендердегі тазалық шаралары жиілеген. Кей қалаларда тұрғындар түнде банкоматтардың батырмасын тазалау үшін ерікті түрде далаға шығып жүр.
Бойында Covid-19 вирусы бар адам бір рет түшкірсе, айналасына 3 мыңға жуық вирус тамшысын шашып кетеді. Ол тамшылар маңайындағы адамдарға, заттарға, киім-кешекке барып қонады. Вирустың шағын бөлігі ауада қалады. Cондай-ақ, вирустың нәжісте ұзағырақ сақталатынын айғақтайтын дәлелдер бар. Сондықтан, дәретханада қолын дұрыс жумаған адам қолы тиген жердің бәріне вирус қалдырып кетуі мүмкін.
Оқи отырыңыз: "Қол жуып, үйде отырғаннан да басқа мәселе бар". Маман пікірі
Ауруларды бақылау орталығының мәліметіне сәйкес, адам вирус жұққан заттарды ұстап барып, өз бетін ұстаса, ол "вирустың таралуының негізгі себебіне жатпайды". Десек те, CDC, Дүние жүзілік денсаулық сақтау ұйымы және басқа да органдар "күн сайын адамдар жиі ұстайтын заттардың тұрақты түрде зарарсыздандырылып отыруы Covid-19 таралуының алдын алады" дейді. Сондықтан, біз әлі күнге дейін адамдар бұл вирусты заттарды ұстаған кезде жұқтырғаны туралы нақты ештеңе білмесек те, сарапшылар осы мәселеде мұқият болуды талап етіп отыр.
Covid-19 шақыратын SARS-CoV-2 вирусы адам ағзасынан тыс жерде қаншалықты ұзақ өмір сүре алады?
Бұдан бұрын ашылған Sars және Mers сияқты коронавирустар қажет деңгейде зарарсыздандырылмаған кезде металл, шыны және пластик заттарда 9 күнге дейін тұратыны анықталды. Тіпті, кейбірі төмен температурада 28 күнге дейін сақталған. Жалпы, коронавирустар өмір сүру ұзақтығы жағынан өте төзімді болатыны мәлім. Зерттеушілер бұл төзімділік жаңа коронавирустың таралуына қалай ықпал ететінін енді-енді түсініп келе жатыр.
Оқи отырыңыз: Көрме, театр, ойын-сауық орталықтарының қызметі тоқтайды. Төтенше жағдай кезінде тағы қандай шектеулер қойылады?
АҚШ-тың ұлттық денсаулық сақтау институтының вирусологы Нилтье ван Доремален мен оның Гамильтондағы Rocky Mountain зертханасындағы әріптестері SARS-CoV-2 заттардың үстінде қаншалықты ұзақ сақталатынын анықтау үшін бірнеше сынақ жүргізді. Олардың зерттеуі әзірше ғылыми журналда жарияланып үлгермеген. Зерттеу нәтижесінде жөтелден соң ауада қалған вирус тамшылары 30 минутқа дейін тірі болғаны анықталып отыр. Адам шашынан 30 есе жұқа вирустар ауада бірнеше сағатқа дейін тұра береді. Бірақ, ауа кондиционері бар жерде вирус бірнеше сағаттан артық сақталмайды.
АҚШ ұлттық денсаулық сақтау институтының зерттеуі SARS-CoV-2 вирусы картон бетінде 24 сағатқа дейін, ал пластик және ламинатта, есік тұтқаларында және тот баспайтын құрышта 2-3 күнге дейін тұра алатынын анықтады. Ал, жез металдың үстінде вирус шамамен 4 сағатта өледі екен.
Оқи отырыңыз: "Сақтаныңыздар, бұл – ойын емес!" Коронавирус тараған елдердегі қазақстандықтардың монологы
Covid-19 вирусын өлтіруге не көмектеседі?
Зерттеу нәтижесіне сүйенсек, коронавирустарды 62-71 пайыздық спиртті тазалағышпен не 0,5 пайыздық пероксидті ағартқышпен бір минут ішінде өлтіруге болады. Сондай-ақ, вирустың көзін жоюға құрамында 0,1 пайыздық натрий гипохлориті бар тұрмыстық ағартқыш та жақсы көмектеседі. Жоғары температура мен ылғал коронавирустың басқа түрлерін өлтіргенімен, Sars шақыратын коронавирусқа шамасы жетпейді. Бұл вирус тек Цельсий бойынша 56 градустан жоғары температурада өлетіні анықталып отыр.
Вирустың киімде қанша уақыт тұратыны белгісіз. Бірақ, Rocky Mountain зертханасының Вирустық экология бөлімінің жетекшісі Винсент Мюнстер "жаңа коронавирус табиғи матадан тез ұшып кетеді" деп болжап отыр. Оның айтуынша, температура мен ылғал деңгейінің өзгеруі де вирустың қаншалықты ұзақ сақталатынына әсер етуі мүмкін. Қазіргі таңда Винсент Мюнстер бастаған зерттеушілер тобы температура мен ылғал деңгейінің вирусқа әсерін тереңірек зерттеп жатыр.
Мюнстердің пікірінше, жаңа коронавирустың ұзақ сақталуы адамдарға қол жуудың маңызы мен заттардың сыртын жиі тазалау керектігін көрсетіп отыр.