Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нариман Мұқышев Tengrinews.kz ақпараттық порталының Instagram желісінде онлайн сұхбат беріп, 42 500 теңге төңірегінде қазақстандықтарды мазалаған маңызды сұрақтарға жауап берді. Informburo.kz соның негізгілерін назарларыңызға ұсынады.
42 500 теңгені кімдер ала алады?
Бұл төлемді негізінен төтенше жағдай енгізуге байланысты табысынан айырылғандар алады. Мүгедектер, көпбалалы аналар және зейнеткерлерге қосымша төлем ретінде қарастырылмаған. Тізім келесідей:
- ШОБ субъектілерінде жалдамалы жұмысшы болып істегендер. Олар төлемсіз еңбек демалысына шыққан болса, бұл көмекке ілігеді;
- Карантин енгізілген елдімекендердегі ірі бизнес субъектілерінің қызметкерлері;
- Өз-өзін жұмыспен қамтыған жеке кәсіпкерлер. Олар екі санатқа бөлінеді. Бірі – салығын, зейнетақы жарнасын төлеп ресми тіркеліп жұмыс істегендер. Тағы бірі – мемлекетке еш төлем жасамай өз бетінше жұмыс істейтіндер, жеке практикамен айналысатын адвокат, нотариустар. Бұл категорияға енген азаматтар 2 651 теңге көлемінде бірыңғай жиынтық төлемді аударып, 42 500 теңгені алуға өтініш бере алады;
- Азаматтық-құқықтық келісімшарт бойынша кіріс алатын адамдар;
Сондай-ақ, Нариман Мұқышевтың сөзінше, еш жерде тіркелмей, өз бетінше таксист, бала күтушісі, жүк көтеруші сынды қызметтерді атқарып жүргендер де бұл әлеуметтік төлемге іліге алады. Ол үшін азаматтар өтініш берер алдында бірыңғай жиынтық төлемді аударуы тиіс.
Оқи отырыңыз: 42 500 теңге. Төтенше жағдай кезіндегі бұл әлеуметтік төлем кімге және қалай беріледі?
42 500 теңгені алудың жолдары қандай?
Біріншісі, еgov.kz порталы. Онда төтенше жағдайға байланысты 42 500 теңге көлемінде жәрдемақы деген қызмет бар.
Екіншісі, 42 500.enbek.kz сайты.
Үшіншісі, Telegram-бот. Ол 17 өңірге бөлінген. Тізімді мына жерден көруге болады. Осы өңірлік боттар арқылы жәрдемақы алуға өтініш беруге болады.
Өтінім неше күн қаралады?
Өтінім 3 жұмыс күні ішінде қаралады. Келіп түскен өтініштерді бірінші кезекте жергілікті атқарушы органдар тексереді, екінші күні "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы, үшінші күні Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының жұмысшылары сүзгіден өткізеді. Қазір үш мекеменің де қызметкерлері өтініштерді жылдам қарауға күш салып жатыр.
"Осы уақытқа дейін 1 млн 700 мың адамнан 3 млн 200 мың өтініш түскен. Кей азаматтар екі рет өтініш жіберген. Мұның барлығын сұрыптау оңай шаруа емес, мемлекеттік корпорация тәулік бойы жұмыс істеп жатыр", – деді вице-министр.
Оқи отырыңыз: Telegram бот арқылы 42 500 теңге әлеуметтік төлемді қалай алуға болады? Нұсқаулық
Әлеуметтік төлем түспеген жағдайда, екінші мәрте өтініш беруге бола ма?
Өтініш берушіге міндетті түрде не SMS, не еgov.kz порталындағы жеке кабинетіне жәрдамақыны алатыны не алмайтыны жөнінде хабарлама келеді. Сондықтан, екінші мәрте өтініш берудің қажеті жоқ. Егер азаматтар шот нөмірін қате жазған болса, төлем уақыты кешігуі мүмкін. Мұндай кезде өтініш берушіге шоты қате көрсетілгені хабарланып, қайтадан өтініш беру қажеттігі туралы ескертіледі. Сол себепті, қайтадан өтініш бермей, жауап күткен абзал.
Өтінішті тәулік бойы беруге бола ма?
Иә, әлеуметтік төлемге үміткерлер кез-келген уақытта өтініш жолдай алады. Бірақ Telegram арнасындағы "EgovKzBot2.0 пен 42500.enbek.kz сервисінде шектеу бар. Онда бір мезетте 65 мың адамнан артық адам өтініш бере алмайды. Сондықтан, сервердің босағанын күтіп, сәт сайын тексеріп тұру қажет. Егер өзге азаматтар өтініш беріп, серверде орын босатса, тәулік ішінде миллион азамат өтініш бере алады.
Оқи отырыңыз: 42 500 теңге әлеуметтік төлем алуға 42500.enbek.kz сайтында өтініш беруге болады
42 500 теңгені мүгедектер ала ала ма?
Мүмкіндігі шектеулі азаматтар да екі санатқа бөлінеді. Бірі тек жәрдемақымен күн көріп жүргендер болса, ендігісі жәрдемақыға ғана қарап отырмай қосымша табыс тауып жүргендер. Осындай қосымша табыс көзі бар мүгедектерге 42 500 теңгені алуға болады. Бірақ, ол төтенше жағдайға дейін бірыңғай жиынтық төлем төлемей жұмыс істеген болса, 42 500 теңгені алуына мүмкіндік жоқ.
42 500 теңге көпбалалы аналар мен декреттегі әйелдерге қарастырылған ба?
Көпбалалы аналар бала санына қарай мемлекеттен жәрдемақы алады. Егер олар төтенше жағдайға дейін бірыңғай жиынтық төлем төлеп, кәсіпкерлікпен айналысқан болса, 42 500 теңге ала алады. Дәл сол сияқты декреттегі аналар да бұған дейін бірыңғай жиынтық төлемін төлеп, қосымша жұмыспен айналысқан болса аталмыш әлеуметтік көмекке ие болады.
Студенттер 42 500 теңге жәрдемақы ала ма?
Егер студент жұмыс істеп, ресми түрде зейнетақы төлемін жүргізген болса, ала алады. Студент азаматтық-құқықтық шарт бойынша жұмыс істеген болса да, алады. Егер студент ресми түрде жұмыс істемесе, ешқандай төлемақы жүргізбеген болса, онда бірыңғай жиынтық төлем форматы арқылы ол да осы жәрдемақыға үміткер бола алады.
Оқи отырыңыз: Төтенше жағдай кезінде табысынан айырылғандарға жәрдемақы төленеді. Тоқаевтың жаңа тапсырмаларының толық тізімі
Егер төтенше жағдайға байланысты жалақысы қысқарып қалса, жәрдемақы қарастырыла ма?
Егер азамат төлемсіз еңбек демалысына кетпесе, тек жалақысы қысқартылған болса, 42 500 теңгені алмайды. Өйткені, ол табысынан түгел айырылған жоқ.
Төтенше жағдай кезінде өз еркімен жұмыстан босатылған қызметкерлер не істейді?
Жұмыстан шығып қалған қызметкерлер egov.kz порталына жұмыс іздеуші адам ретінде тіркелуі керек. Оған жұмыспен қамту орталығының мамандары 3 күн ішінде жұмыс іздеп, тапқанын ұсынады. Егер табылған жұмыстар азаматқа сай келмесе, мамандар оған қашықтықтан "жұмыссыз" деген статус береді. Бұл статусты алған соң, автоматты түрде 1 айдан 6 айға дейін әлеуметтік төлем беріледі. Бұл жерде жұмысшының соңғы 2 жыл көлеміндегі табысы мен міндетті сақтандыру қорындағы өтілі ескеріледі. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры жұмысшының бұрынғы жалақысының 40 пайызын төлейді.
Өтінішті қай күнге дейін беруге болады?
42 500 теңге бір реттік төлем емес, бұл төтенше жағдай кезінде ай сайын төленетін төлем. Егер үкімет төтенше жағдай мерзімін ұзартса, демек әлеуметтік төлем мерзімін де ұзартады. Сол себепті, өтініш беру мерзіміне шектеу қойылмаған. Төтенше жағдай уақыты біткенге бір күн қалғанда берілген өтініштер де қаралып, тиісінше төлем беріледі.
Оқи отырыңыз: 1 сәуірден бастап зейнетақы қалай өседі? Еңбек министрлігінің есебі
Егер жеке куәліктің мерзімі өтіп кетсе, өтініш беруге бола ма?
Иә. Үкімет азаматтарға төтенше жағдай кезіндегі төлемді алу үшін жеке құжат мерзімі бітсе де, онымен өтініш беруге рұқсат ету туралы шешім қабылдады.
Ақша қанша уақытта түседі?
Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры өтінішті бекіткен соң, құжатты мемлекеттік корпорацияға жолдайды. Олар дәл сол күні қаражатты шотқа аударады. Осы күнге дейін азаматтардың 97 пайызына төлемдер өтініш мақұлданған күні түскен.
Шот бұғатталған болса, төлем алу үшін жаңадан шот ашу керек пе?
Жоқ. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі барлық банктерге бұғатталған шоттар бойынша ұсыныс білдіріп, келісімге келді. Төтенше жағдай кезінде банктер шектеулерін тоқтатып, тұтынушыларға 42 500 теңгені кедергісіз алуға мүмкіндік береді. Егер шот бұғатталған болса, банкке хабарласу керек. Егер банк қарсылық танытса, қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне шағымдану қажет.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда АЕК, ең төменгі күнкөріс деңгейі мен зейнетақы мөлшері өсті
Ақша түспеген жағдайда қайда хабарласу керек?
Егер IBAN номерін қате берген жағдайда қаражат шотқа түспейді. Сондықтан, өтініш берерде мұқият болған жөн. Ақша түспей жатқан жағдайда 1414 call орталығына хабарласу керек. Сондай-ақ, азаматтарға egov.kz және 42500.enbek.kz сервисінде өтініштерді ЖСН нөмірін теріп бақылау мүмкіндігі беріледі. Мамандар қазір бұл қызметте жетілдіріп жатыр, осы аптаның соңына дейін іске қосады.
Төтенше жағдай ұзарғанда келесі айдың төлемін алу үшін тағы өтінім беру қажет пе?
Төтенше жағдай ұзарса, келесі айда бұл ақшаны алу үшін қайтадан өтініш берудің қажеті жоқ. Сондай-ақ, бірыңғай жиынтық төлемді де қайта аударуға негіз жоқ. Азаматтар жәрдемақыға әрмен қарай да ие болады.
Әлеуметтік төлемді қанша қазақстандық алды?
Мемлекет басшысының тапсырмасымен бұл төлемді Қазақстанда 3 млн адам алу керек. Қазірге дейін 1,7 млн өтініш келіп түскен. Оның ішінде төлем алу талабына сай келмейтін азаматтардың да өтінім бергені анықталды. Яғни жұмыс істейтін, қайтыс болып кеткен адамдардың атынан да өтінімдер жіберілген. Сондықтан, деректер қорында мұқият тексеруден өткен өтініштер мақұлданады. Қазіргі уақытта 329 мың адамға жәрдемақы мақұлданды. Оның 310 мыңы ақшаны алды, 12 мың адамға бүгін немесе ертең түске дейін жіберіледі.
Зейнеткерлер төлем ала ала ма?
Зейнеткер төтенше жағдайға дейін зейнетақысынан бөлек, бірыңғай жиынтық төлемін төлеп кәсіпкер ретінде қосымша табыс тапқан болса, қазір оған 42 500 теңге қарастырылмайды. Себебі, оның мемлекеттен алатын жәрдемақысы негізгі табысы болып есептеледі.