Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Фесенков атындағы ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығының мәліметіне сүйеніп және көрші Өзбекстан мен Қырғызстанның діни басқармаларымен кеңесе отырып, Рамазан айының басталуын осы күнге белгіледі. Еліміздің бас мүфтиі Наурызбай Қажы Тағанұлы шамасы келетін барша мұсылман қауымын ораза ұстауға шақырды. Бірақ, биылғы басты ерекшелік – мешіттерде тарауық намазы оқылмайды.
"Еліміздегі төтенше жағдайға байланысты қасиетті Рамазан айында індеттің таралуының алдын алу мақсатында тарауық намазы мешітте жамағатпен оқылмайды. Бұл намазды отбасы мүшелерімен бірге үйде оқуға кеңес береміз," – деді бас мүфти.
Оқи отырыңыз: 50 мың теңге көмек кімдерге беріледі? Оны алу үшін құжат тапсыру қажет пе?
ҚМДБ төрағасының айтуынша, ораза ұстап, ауыз бекіту тәртібіне карантинге байланысты еш өзгеріс енбейді. Дегенмен, ол халықты көпшілікті жинап, ауызашар бермеуге шақырды."Мешітте, дәмханада, жалпы қоғамдық орында жиналып, ауызашар беруді уақытша тоқтату қажет. Ораза ұстаушылар өз шаңырағында, отбасымен бірге ауыз ашқаны абзал", – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
ҚМДБ ораза ұстаған адамға ауызашар беріп, сауап жинағысы келген жандарға келесі қайырлы амалдарды жүзеге асыруға болатынын айтты:
- Мейрамханаға тапсырыс беріп, аузы берік адамдарға үйіне жеткізіп беру арқылы тамақ тарату;
- Әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға азық-түлік тарату арқылы ауыз аштыру;
- Ауызашарға жұмсалатын шығынды ораза ұстаған адамдарға қаржылай беру.
Оқи отырыңыз: 200 отбасыға – 25 мың теңгеден. Assyltas қорының көмегін кімдер алады?
Шариғат бойынша балағат жасына толған, ақыл-есі дұрыс әрбір мұсылманға Рамазан айында ораза ұстау – парыз. Алайда, жолаушыларға, сырқаттанған немесе денсаулығы нашар адамдарға, сондай-ақ, жүкті және омырауда баласы бар әйелдерге ораза тұтуды кейінге қалдыруға шариғат рұқсат етеді.Елімізде төтенше жағдай жарияланғалы бері:
- діни мекемелерде жиындар өткізіп, мешіттерде көпшілікпен жұма намазын оқуға тыйым салынды.
- ҚМДБ халықтың иманын күшейтіп, құлшылығын арттыру мақсатында онлайн насихат айту үшін интернет арқылы арнайы дәрістердің кестесін бекітті.
- жамағаттың сұрағына дер кезінде жауап беру үшін call-орталық ашылды. Оның нөмірі 333030, Нұр-Сұлтан қаласының коды арқылы хабарласуға болады. Орталықта дін саласының білікті мамандары тәулік бойы қазақ және орыс тілдерінде жауап береді.
Оқи отырыңыз: Індет пен міндет. Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәлидің түсіндірмесі
"Карантин кезінде үмітсіздікке бой алдырмай, сауапты амалдар мен қайырымдылық шараларға қатысуға шақырамым. Осы үндеуден кейін дін қызметкерлері карантин кезінде 17 643 отбасыға көмек көрсетті. Сонымен қатар, жұқпалы індеттің алдын алу мақсатында халыққа 47 821 дана маска тараттық. Бетперде мешіттеріміздегі тігін шеберханаларында тігілді және қалған бөлігі демеушілердің көмегімен жеткізілді", – деді бас мүфти.
ҚМДБ Төралқа мәжілісінің шешімімен биыл бір адам атынан берілетін пітір садақа мөлшері 370 теңге деп бекітілді. Пітір садақаның құны ұнның республика бойынша есептегенде нарықтық орташа бағасымен шығарылды. Ал материалдық жағдайы бар азаматтар пітір садақаны мейіз немесе құрма құнымен бергені абзал.