Тікелей эфир

Коронавирус қаупі жағдайында қорқынышты қалай жеңуге болады? Психоаналитик кеңесі

Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
Елімізде коронавирус жұқтырғандар саны 500-ден асса, арасында 28 медициналық қызметкер бар екені белгілі.

Орталық Азиядағы психоанализ институтының директоры, психоаналитик Анна Құдиярова дәрігергер елді індет жайлаған кезде өздерін қалай ұстап, қалай қорғануы керектігі туралы айтып берді.

Коронавирус қаупі психологиялық тұрғыдан қатерлі ісікпен ұқсас

Қазіргі уақытта біздің елімізде және бүкіл әлемде болып жатқан жағдай "Сізден қатерлі ісік анықталды" деген хабарды естіген адамның күйіне ұқсайды. Мұндай хабарды естіген адам бастапқыда бұл сөзге сенбей, "Бұлай болуы мүмкін емес!" деп, ауырып қалғанын мойындағысы келмейді. Сол себепті де италиялықтар елді індет жайлағанына сенбей, мойындамай, бірден тәртіпке бағына қоймады.

Оқи отырыңыз: Індет пен міндет. Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәлидің түсіндірмесі

Мәселен, қатерлі ісікке шалдыққан адам психологиялық тұрғыдан бірнеше кезеңнен өтеді.

  1. Қатерлі ісік дерті бар екенін мойындағысы келмеу;
  2. Одан кейін ашулану, реніш білдіру кезеңі басталады. Тіпті, құдайға ренжіп, "Неге дәл менің басымда осындай жағдай болды? Менің не күнәм бар? Мені не үшін жазалаудасың?" дейтіндер де бар. Қазір жер бетіндегі адамдар осы кезеңде;
  3. Ашу-ыза, реніші күшейген адамда паранойя басталады. Мұндай күйді әлеуметтік желілерден анық байқауға болады. Бұл жағдайға кім кінәлі екенін, басты жауы кім екенін білгісі келетінін әзіл-шынын араластырып жазғандар көп. Қатерлі дертке шалдыққан адам да бұл жағдайға тап болуына кім кінәлі екенін білгісі келетін кезеңнен өтеді;
  4. Ұзақ уақыт агрессиялық күйде болғаннан кейін басына түскен жағдайға мойынсұну кезеңі басталады. Біздің еліміздегі дәрігерлер осы кезеңде жүр деп ойлаймын.

Құдайға, билікке қанша ренжісең де – болатын нәрсе болып қойды: қауіпті вирус келді, ауру жұқтырғандар ауруханада жатыр. Бұл жағдайды қабылдап, мойынсұна білген адам мәселені шешу үшін қолынан келгеннің бәрін істейді.

Қорқыныш тұз сияқты: көп те, аз да болмауы керек

Мұндай жағдай болған кезде қорқыныш, ашу-ыза, реніш сияқты жағымсыз сезімдердің бәрін ең алдымен дәрігерлер қауымы сезінеді. Сол себепті оларға үлкен қолдау, көмек қажет. Бұл жағдайды қабылдап, мойынсұнған кезде ғана бір-бірімізге көмектесе аламыз.

Оқи отырыңыз: Екіжүзділік пен эгоизм. Карантин кезінде қоғамда не байқадық?

Дәрігер ең алдымен өз ішіндегі қорқынышты жеңе білуі керек. Қорқыныш, үрейді тұзға теңеуге болады. Тамаққа тұзды артық салсаң, қалай болады? Сол сияқты артық қорқыныштың керегі жоқ. Бойын үрей билеген адам дәріханаға барып келуге де қорқатын болады. Ал тамаққа тұзды аз салып қойсаңыз ше? Тамақ дәмсіз болады, сол сияқты адам бойында қорқыныш, үрейдің мүлде болмауы да дұрыс емес.

Егер сізде қорқыныш, үрей мүлдем болмаса – жағдай шын мәнінде қалай болып тұрғанын бағалай алмайсыз. Көшеде емін-еркін жүріп, өзіңіздің және өзгенің өміріне қатер төндіресіз.

Біз үшін еліміздегі әр дәрігердің бағасы қымбат. Бұрын әлеуметтік желілерде дәрігерлерге тіл тигізіп, тіпті министр, президентке дейін шағым жазып отыратын адамдар қазір дәрігерлердің қадірін біліп отырған шығар, себебі мұндай кезде кеше ғана оқуын бітіріп келген медбикенің де қадірі артады.

Осыдан жиырма жыл бұрын көп адам психоаналитика мен онкология не гинекология арасында қандай байланыс болуы мүмкін екенін түсінбейтін. Ал қазіргі уақытта дәрігерлердің көбі науқастарды психоанализ орталығына жібереді. Психологиялық бедеулік, психосоматика дегеннің не екенін уақыт өте келе түсініп келеміз.

Біздің елде психология мен медицина бірігіп жұмыс істесе – көптеген адамды жылдам әрі сапалы емдей аламыз.

Оқи отырыңыз: #ҮйдеОтырыңыз. Карантин талаптарына қатысты 20 маңызды сұраққа жауап

"Қауіпсіздік шараларын 10 есе күшейтіңіз"

Қорқынышты жеңуге арналған кеңестер. Ең алдымен күні бойы қайда болып, кімдермен байланыста болғаныңызды еске түсіріңіз және бойыңызды билеп алған үрейдің нақты себебінің негізі бар-жоғын анықтап алыңыз. Бойыңыздағы үрейден арылу үшін қауіпсіздік шараларын он есе күшейтіңіз. Егер жұмыста қауіпсіздік шаралары толық сақталмаған деп ойласаңыз – өзіңіз әрекет ете бастаңыз.

Мысалы, интернетте аз уақытта көп маска тігуді үйрететін видеолар бар. Содан қарап, өзіңізге маска тігіп алыңыз да, қалтаңызға артығымен салып жүріңіз. Антисептикті де өзіңізбен бірге алып жүргеніңіз жөн. Алла сақтанғанды сақтайды.

Италиядағы дәрігерлерлердің бірі жұмыстан кейін үйіне барудан бас тартып, "Мен ұлымды жақсы көретінім сондай, жұмыстан кейін үйге барып, оған ауру жұқтыру қаупін төндіре алмаймын. Оны көрмегеніме үш апта болды" деп жазды. Егер сіз жұмыс барысында ауру жұқтырған адамдармен тікелей байланыста болған болсаңыз және жұмысыңызда душқа түсіп алу, қону мүмкіндігі болса, кем дегенде екі апта үйіңізге бармауға тырысыңыз.

Оқи отырыңыз: Коронавирус жұқтырып, қайтыс болғандар қалай жерленеді? Министр бұйрығы, ҚМДБ пәтуасы және шетел тәжірибесі

Әр адам 30 жасқа қарай өз ағзасын жақсылап түсініп алуы керек

Мен Құдай емеспін, зерттеуші де емеспін және параноик емеспін, сол себепті бұл вирусты адамдар жасады деп айта алмаймын. Мен бұл эпидемия кездейсоқтықтан пайда болды деп ойлаймын. Ақын Шәкәрім Құдайбердіұлы 1920 жылдардың басында атом бомбасын ойлап тапқандар туралы "Әрі ғалым, әрі залым" деп, ғалымның жүрегі мейірімге, гуманизмге толы болуы керектігі, ғылыми зерттеулер адамзатқа зиян тигізбеуі керектігі туралы жазған болатын.

Бұл дерттен егде жастағы адамдар көз жұмып кетуі мүмкін, ал жастарда аман қалу мүмкіндігі көп. Осы орайда айтқым келетіні: егер сіз отыз жастан асқан болсаңыз – өз ағзаңызды өзіңіз жақсы түсіну керексіз.

  • Сіз өзіңіз үшін қай уақытта таңғы ас ішіп, қай уақытта дәретханаға бару ыңғайлы екенін білесіз бе?
  • Қандай жағдайда ішіңіз өтіп, қандай жағдайда ішіңіз қатып қалатынын жақсы білесіз бе?
  • Қандай жағдайда қан қысымыңыз көтеріліп, қандай жағдайда түсіп кететінін білесіз бе?

Әр адам 30 жасқа қарай өз ағзасын жақсы түсініп, қандай тағам оған жағатынын, қандай тағам жақпайтынын білуі керек. Өз ағзасын жақсы білетін дәрігерлерге айтарым, оны қалыпқа келтіру үшін қолдан келгеннің бәрін жасаңыз. Біреу душқа түскен кезде өзін жақсы сезінсе, енді біреу ұйықтап алған жағдайда өзін жақсы сезінеді. Осының бәріне мән беру керек.

Оқи отырыңыз: Иммунитеті мықтыға коронавирус қауіп емес. Оны қалай нығайтамыз?

Бейсаналы түрде өлімге құштар жандар

Төтенше жағдай режимінде карантин аумағынан шығып немесе оған кіргісі келетін азамат көп екенін байқадық. Психологиялық тұрғыдан оларды бейсаналы түрде ажал құшқысы келіп жүрген адамдар деп атауға болады. Егер бір адамға "Ол жерге баруға болмайды! Ол жерде өміріңе қауіп төніп тұр" десең және ол адам сенің айтқаныңа құлақ аспаса – басқа нені білдірмек? Ол бейсаналы түрде ауру жұқтырып, өліп қалғысы келуді білдіреді.

Маған келетін адамдардың бірі шын мәнінде осылай екенін мойындады. Ол "Мен суицид жасағым келіп жүр, бірақ суицид жасасам – өлсем де ешкімге қадірім болмайды. Өзіне қол жұмсаған әлсіз адам деп ойлайды, ал коронавирус жұқтырып өлсем – адамдарда маған деген аяушылық сезімі пайда болады" деп айтты. Маған осы туралы айтқаннан кейін бұл мәселені талқылап, ол өз әрекетін тоқтатты.

Ал бейсаналы қалауы бар екенін білмейтін адамдар қаншама? Әр адамда өмірге және өлімге деген құштарлық болады. Өмірге деген құштарлықты арттыру керек.

"Мен бәрінен шаршап кеттім, жұмысымнан кетіп, үйде отырғым келеді" деген ой өлімге деген құштарлықты білдіреді, бірақ оны адамның өзі мүлде сезбеуі мүмкін.

Оқи отырыңыз: Ауруханалар карантин режимінде қалай жұмыс істейді? Фоторепортаж

Нені көп ойласаңыз – соған қол жеткізесіз

Қазақтың "Ауруды тілеп алды", "Сатып алған ауру" деген тіркестері – таза психоаналитика. Мен психоонкологиямен айналысамын. 21 күн қатарынан "Мен қатерлі ісікке шалдықтым" деп қайталай берсеңіз, 21-күні дәрігерлер ағзаңыздан қатерлі ісік тауып береді. Бұл басқа да дерттерге қатысты. Нені көп ойласаңыз – соған қол жеткізесіз.

Маған шетелден арнайы ұшып келген науқастардың бірі дәрігерлер оның жаман ауруға шалдыққаны туралы айтқанын әңгімеледі. Бар-жоғы үш күн ғана өмірі қалғанын айтып, ағыл-тегіл жылады. Мен оған "Егер сіз шынымен солай ойласаңыз – сізді өмірден кетуге дайындайын" деп айтып едім, өлгісі келмейтінін айтты. Онымен жұмыс істегеннен кейін ол өзіне диагноз қойған емханаға барып, қайтадан тексерілген кезде ауруынан құлан таза айыққанын айтқан.

Күн сайын "Мен коронавирус жұқтырып алған сияқтымын" деп айта берсеңіз және оны жұқтырып алсаңыз – таң қалмаңыз.

Қазір интернетте өзіңді тұлғалық жетілдіруге, жақсы ойлауға үйрететін материалдар, видеолар көп. Қазіргі уақытта әлемдегі барлық мықты мамандар рухымызды биіктетіп, сенімімізді арттыру үшін өз білетіндерімен бөлісіп, көмектесіп жатыр. Бос уақытты тиімді пайдалану керек.

Оқи отырыңыз: Коронавирустан сақтанудың ең дұрыс тәсілдері. Инфографика

Әлеуметтік желідегі парақшамда "Карантин кезінде үйде отырған жалықтыра ма?" деген сауалнама жүргіздім. Сауалнамаға қатысқандардың:

  • 61 пайызы үйде отырған жалықтырмайтынын;
  • 39 пайызы жалықтыратынын жазды.

Егер 5 пайызы ғана үйде отырған жалықтыратынын айтса – қолды бір сілтеуге болар еді, ал 39 пайыз деген үлкен көрсеткіш.

Италияда вирус жұқтырған медбике неге өзіне қол жұмсады?

Италияда өз-өзіне қол салған медбике туралы білгеннен кейін қазақстандық дәрігерлерді осындай жағдайға жеткізбес үшін көмектесу керек екенін түсініп, оларға әлеуметтік желі арқылы онлайн тегін вебинар ұйымдастырдық.

Еліміздегі психоаналитиктер дәрігерлер қауымына тегін түрде психологиялық көмек көрсетуге дайын. Италиядағы медбикенің әрекетіне қатысты психоаналитикалық тұрғыда әртүрлі болжам айтуға болады және оның қайсысы дұрыс болатынын білмейміз. Кім біледі, мүмкін оның бала кезден бері арқалап келе жатқан қап-қап өкпе-реніші көп болған болар және бейсаналы түрде өлгісі келген шығар.

Оқи отырыңыз: Сіз білуіңіз қажет! Covid-2019 коронавирусынан сақтану шаралары

Бізге белгілісі, аталған мебдикенің жұмыс жүктемесі көп болған. Ол мемлекетте жағдай қалай екенін бәріміз білеміз. Ауырғандар саны өте көп, сол себепті дәрігерлерге түсетін салмақ та ауыр. Ол медбикеге психологиялық тұрғыда шыдам жетіспеген болар. Мүмкін ол өзгелерге ауру жұқтыру қаупі қаншалықты жоғары екенін және емделіп кету мүмкіндігі қаншалықты төмен екенін жақсы түсінген шығар.

"Өлсем де, өзгелерге ауру жұқтырмай өлейін" деп ойлаған болар. Мен оның бұл әрекетіне құрметпен қараймын. Ол өзінің жақындарын аурудан қорғау үшін өз-өзін өлтіруге мәжбүр болды.

Бұған ұқсас жағдай Қазақстанда да болды. Мысалы, ұшақ апаты кезінде ұшқыш жолаушылардың өмірін құтқарып қалу үшін әуе кемесінің бағытын адамдар тұрмайтын далаға қарай бұрды. Бұл ұшақ жүргізушісінің жауапкершілік дегеннің не екенін жақсы түсінетінін білдіреді.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары