Тікелей эфир

Қазақстандық кәсіби спортшылар енді арнайы медициналық орталықта тегін емделеді

ҚР ПІБ Медициналық орталығының ауруханасы мен "Қазақстандық спортшылар одағы" РҚБ ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Енді аурухананың спорттық медицина орталығында отандық спортшылар консультациялық-диагностикалық және хирургиялық қызметтерді тегін ала алады, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

"Меморандум біздің серіктестігімізді нығайта түседі. Міне осы ынтымақтастықтың пайдасын көрсететін бірнеше негізгі тармақ бар: мамандандырылған медициналық қызметтер көрсету, жеке тәсіл, жарақаттанудың алдын алу, спорттық әлеуетті оңтайландыру", – деді ҚР ПІБ МО ауруханасының спорттық медицина орталығының басшысы Асқар Баймұхаметов.

Өз кезегінде "Қазақстандық спортшылар одағы" РҚБ төрағасы Азамат Қарлығашев бұрынғы және қазіргі спортшыларға көмек көрсеткені үшін ҚР ПІБ МО ауруханасының басшылығына алғыс білдірді.


Оқи отырыңыз: Әлемде саны 55 миллионнан асады: Қазақстан саяхатшы IT мамандарға Digital Nomad визасын бермек


"Спортшыларымыз мен спорт ардагерлері енді сапалы медициналық көмек ала алатынына қуаныштымын. Елімізде спортшылар сапалы және өте қажет медициналық көмекке жүгіне алмай жатады. Денсаулық біздің басты капиталымыз, онсыз спортшы карьерасын ары қарай жалғастыра алмайды. Ал мұндай жағдайлар бізде өте көп кездеседі", – деді Азамат Қарлығашев.

ҚР ПІБ медициналық орталығы ауруханасының директоры Рустам Албаевтың айтуынша, қазіргі және бұрынғы спортшыларды емдеу, оңалту және қалпына келтіру үшін барлық жағдай жасалған.

"Спорттық медицина – тек операциялар емес, ең алдымен алдын алу шаралары. Аурухана базасында 2023 жылдың ақпанында спорттық медицина орталығы ашылды. Орталық дәрігерлері жыл сайын шетелде біліктілігін арттырады. Жақында дәрігерлер Испанияда, Кирон Салюд ауруханасында үлкен лига футболшыларына операция жасайтын әйгілі профессор Рамон Кугаттың қол астында оқыды. Барлық әдіс-тәсілдер осында жеткізілді, белсенді жұмыс істеуде. Сондай-ақ спорттық медицина орталығында спортшылар кеңес алып, операция жасатып қана қоймай, Қазақстанның кез келген азаматы ТМККК және МӘМС шеңберінде осы қызметтерді ала алатынын атап өткім келеді", – деді Рустам Әлбаев.


Оқи отырыңыз: Табиғатты қорғау ұйымдарының штаттан тыс қызметкерлеріне үстемақы төленеді


Спорттық медицина орталығы спортпен шұғылданатын кәсіби спортшылар мен қазақстандықтардың жиі жарақат алуына байланысты құрылды.  

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары