Тікелей эфир

"Головкиннің ізбасарлары". Қазақстанды әлемге танытып жүрген спортшылар кімдер?

Елена Рыбакина, Шавкат Рахмонов пен Жәнібек Әлімханұлының спорттағы жетістіктерін баяндаймыз.

Шетелде танымал қазақстандық десе ең алдымен Геннадий Головкин еске түседі. Кәсіпқой бокстағы әр жекпе-жегінде оюлы шапан киіп, әнұранымызды шырқап, көк туымызды желбіретеді. Әлем оны GGG лақап атымен таниды. Бүгінде Головкиннен өзге әлемдік аренада үлкен жетістікке жетіп жүрген қазақстандық спортшылар аз емес. Осы ретте Informburo.kz тілшісі әлемдік спортта Қазақстан намысын қорғап жүрген спортшылар туралы шолу жасады.

Елена Рыбакина

Елена Рыбакина – қазақстандық кәсіпқой теннисші. 1999 жылы Мәскеуде туған. Бес жасынан бастап тенниспен айналысқан. 2018 жылы Қазақстан азаматтығын алып, cодан бері үлкен турнирлерде Қазақстан атынан сынға түсіп жүр.

2019 жылдың шілдесінде Рыбакина теннистен Бухарест ашық чемпионатына қатысып, WTA бойынша алғашқы титулын жеңіп алды. 

2021 жыл 

2021 жыл Елена Рыбакина үшін табысты жыл болды. Сол жылы Францияның ашық чемпионатында атақты Серена Уильямсты жеңіп, алғаш рет Үлкен дулығы турнирінің ширек финалына шықты. Алайда ресейлік Анастасия Павлюченковадан ұтылып, жартылай финалға шыға алмады. 

Токио Олимпиадасына қатысып, төртінші орын алды. Дәл осы жылы алғаш рет Уимблдон турнирінің негізгі торында ойнап, үш матч бойы екі сетте жеңіске жетті. Елена төртінші айналымда Арина Соболенкоға есе жіберді.

Елена Рыбакина / Фото: Getty Images

2022 жыл

2022 жылы қаңтарда теннисші Аделаидеде өткен WTA 250 турнирінің финалына шығып, ақтық сында әлемнің бірінші ракеткасы Эшли Бартиден ұтылды. 17 қаңтарда WTA рейтингінде 12-орынға көтерілді. 

Наурызда Рыбакина Индиан-Уэллстегі WTA 1000 турнирінің ширек финалына дейін жетті. Францияның ашық чемпионатының үшінші айналымында Мэдисон Кизға есе жіберді. 

Елена Уимблдонда қатарынан төрт матчта қарсыластарын 2-0 есебімен жеңіп, ширек финалда Айла Томляновичтен басым түсіп, алғаш рет Үлкен дулыға турнирінің жартылай финалына шықты. Жартылай финалда ол әлемнің бұрынғы бірінші ракеткасы Симона Халепті қатарынан екі сетте жеңді. Финалда әлемнің екінші ракеткасы Онс Жабермен кездесіп, алғашқы сетте қарсыласына есе жіберді. Қалған екі сетте Жаберден басым түсіп, әрі алғашқы Үлкен дулыға титулын иеленіп, әрі Үлкен дулыға турнирін жеңген алғашқы қазақстандық теннисші атанды. Алайда Рыбакинаның Уимблдонда иеленген ұпайлары рейтингіне қосылмады.

Елена Рыбакина / Фото: Getty Images

АҚШ ашық чемпионатында алғашқы айналымда жарыс жолынан шығып қалды. Қыркүйекте Порторожеде өткен WTA 250 турнирінің финалына шығып, ақтық сында Катерина Синяковадан ұтылды. Қазанда Рыбакина Остраведе өткен WTA 500 турнирінің жартылай финалында Барбора Крейчиковаға есе жіберді. 2022 жылы рейтингті 22-орынмен аяқтады.

Аустралияның ашық чемпионатында Рыбакина Даниэль Коллинзді, Ига Швентекті, Елена Остапенконы, Виктория Азаренконы жеңіп, екінші рет Үлкен дулыға турнирінің финалына шықты. Финалда ол Арина Соболенкомен кездесіп, алғашқы сетте басым түскенімен, қалған екі сетте қарсыласына есе жіберді. Турнир ұпайлары есептелген соң, Рыбакина алғаш рет әлемдік рейтингіде үздік 10 теннисшінің қатарына кірді. 

Индиан-Уэллс турнирінің финалына шығып, ақтық бәсекеде Australian Open турнирінде жеңілген Арина Соболенкодан есесін қайтарып, алғаш рет WTA 1000 турнирінде жеңіске жетті. Нәтижесінде WTA рейтингінде 7-орынға жоғарылады.

Елена Рыбакина / Фото: Informburo.kz

Майами ашық чемпионатында (WTA 1000) Елена финалға жетіп, Петра Квитовадан 6:7, 2:6 есебімен жеңілді.

Қазір ол WTA рейтингінде 6-орында тұр. 

Шавкат Рахмонов – аралас жекпе-жек шебері. Ол 1994 жылы Өзбекстанда дүниеге келген. Қазақстанға көшіп келіп, ел азаматтығын алған. 

"Ұлтым – қазақ. Әкем – қазақ, анам – қоңырат. Өзбекстанда тудым. Шавкат деген ат қазақта көп қойыла бермейді. Әлімұлынан тараған Алтынбай руынанмын", – деген еді Шавкаттың өзі. 

Шавкаттың әкесі Алшын руының Әлімұлы тармағының Шекті руының Алтынбай руынан шыққан қазақ. 

Әуесқой спортпен айналысып жүргенде ол WMMAA әлем чемпионы мен Азия чемпионы болды.

Шавкат Рахмонов / Фото: UFC

Кәсіпқой MMA

2014 жылы кәсіпқой спортқа ауысып, M-1 Challenge 52 турнирінде Адам Цуровты тұншықтыру әдісімен бірінші раундта жеңді. 

Ол М-1 аясында жеті жекпе-жек өткізді. Қалған бес жекпе-жекте Қазақстан Аралас жекпе-жек Федерациясы (KZMMAF) атынан қатысып, жеңіске жетті. Шавкат турнирлерге осы екі ұйым атынан кезек-кезек қатысып, жартылай орта салмақтағы KZMMAF белбеуі үшін Фаридун Одилопен жұдырықтасып, үшінші раундта техникалық нокаутқа түсіріп, алғашқы кәсіби титуылына ие болды. 

2013 жылы Рахмонов WMMAA нұсқасы бойынша әуесқой MMA-ден әлем чемпионы атанды.


Оқи отырыңыз: Димаштан Иманбекке дейін. Шетелде танылып, кейін елімізде мойындалған қазақстандықтар


2014 жылы ол ММА бойынша WMMAA Азия чемпионы атанды. Сол жылы ол WMMAA нұсқасы бойынша ММА-ден әлем чемпионатында Гаджимурад Хирамагомедовтен жеңіліп, екінші орын алды. 2015 жылы да Шавкат Гаджимурад Хирамомедовтен жеңіліп, WMMA бойынша әлем чемпионатында екінші орынға ие болды. Хирамагомедов – әуесқой ММА-де Шавкат Рахмоновты жеңген жалғыз спортшы.

Рахмонов 2018 жылы желтоқсанда Battle of Nomads 11 турнирінде Ринат Саяқбаевпен төбелесіп, белбеуін қорғап қалды. 2019 жылы M-1 сапына оралып, жартылай орта салмақ дәрежесінде бос тұрған М-1 чемпионы атағы үшін Данила Приказбен кездесті. Шавкат жекпе-жекті екінші раундта техникалық нокаутпен аяқтап, белбеуді жеңіп алды.

Рахмонов M-1 Challenge 102 турнирінде аймақтық аренадағы соңғы кездесуін өткізіп, Тиаго Варежаоны бірінші раундта жеңіп, M-1 орта салмақтағы чемпиондық атағын қорғады.

Шавкат Рахмонов Мишель Празериспен көз арбасқан сәт / Фото: Getty Images

UFC

Шавкат Рахмонов – UFC ұйымымен келісімшартқа отырған алғашқы қазақстандық. Ол 2020 жылдың 21 наурызында UFC Fight Night: Вудли мен Эвардс арасындағы жекпе-жекте Бартош Фабиньскимен жолығуы керек еді. Алайда COVID-19 пандемиясы басталып, турнир болмай қалды.

Рахмонов Рамазан Эмеевпен 2020 жылдың 26 ​​шілдесінде UFC on ESPN: Уиттакер vs. Тилл турнирінде кездесетін болған. Шілде айының басында Рахмонов жарақат алып, турнирден шығып қалды. Оны Никлас Штольце алмастырды.


Оқи отырыңыз: Спортшылар мен жаттықтырушыларға қандай жетістігі үшін ай сайын 345 мың теңге төленеді?


Рахмонов Алекс Оливейрді, Мишель Празеристі жеңді. 2022 жылы ақпанда UFC Fight Night: Херманссон vs. Стрикленд жекпе-жегінде Карлстон Харристі бірінші раундта нокаутпен жеңді. 

Жаңа бес жекпе-жек келісімшартына қол қойған Рахмонов алғашқы жекпе-жегінде Нил Магнимен кездесіп, жеңіске жетті. 

Шавкат Рахмонов / Фото: Getty Images

2023 жылғы 14 қаңтарда Рахмонов Джефф Нилмен кездесу керек болған. Алайда Нил жарақатына байланысты турнирден шығып қалып, жекпе-жек UFC 285 турниріне ауыстырылды. Лас-Вегас қаласында өткен жекпе-жек жеңіл салмақта өтіп, Рахмонов үшінші раундта қарсыласын тұншықтыру әдісімен жеңді. Ол бұл жекпе-жек үшін 200 мың АҚШ долларынан астам табыс тапты.

Шавкат Рахмонов кәсіпқой мансабында 17 жеңіске жетті, оны ешкім ұтқан жоқ. Ол өз салмағы бойынша UFC рейтингінде 6-шы орында тұр.

Жәнібек Әлімханұлы 

Жәнібек Әлімханұлы –  кәсіпқой боксшы. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері. 1993 жылы Алматы облысы Жыланды ауылында дүниеге келген. 

Әуесқой бокс

Жәнібек 8 жасынан бастап бокспен шұғылданады. Олимпиада медалі бұйырмаса да, ол әлі әуесқой бокста да жақсы жетістікке жетті.

Фото Жәнібек Әлімханұлының Facebook парақшасынан

75 келі салмақта үш дүркін Қазақстан чемпионы. 2013 жылы бокстан Амманда өткен Азия чемпионатында, Алматыда өткен әлем чемпионатында чемпион атанды.

2014 жылы Инчхонда өткен Азия ойындарының жеңімпазы. 2016 жылы Рио-де-Жанейро Олимпиадасының ширек финалында Камран Шахсуварлыдан жеңілді.

2016 жылғы Олимпиададан кейін Жәнібек Әлімханұлы кәсіпқой бокста бақ сынап көрді. Сол жылы 29 қазанда "Алматы Аренада" өткен кәсіпқой бокс кешінде алғашқы кездесуін өткізіп, колумбиялық боксшы Милтон Нуньесті 1-раундта нокаутқа түсірді.

2018 жылы мамырда кәсіпқой бокс менеджері Эгис Климасмен және Боб Арумның Top Rank промоутерлік компаниясымен келісімшарт жасасты. Жәнібекті Бадди МакГирт жаттықтырды. 28 қыркүйекте АҚШ-тағы алғашқы жекпе-жегінде колумбиялық Карлос Галванды жеңді. 

Фото Жәнібек Әлімханұлының Facebook парақшасынан

Одан кейін ол Вон Александермен, Стивен Мартинеспен жұдырықтасты. 2019 жылы сәуірде Кристиан Оливаспен бокстасып, орта салмақтағы WBO Global тұжырымы бойынша және WBC Continental Americas тұжырымы бойынша чемпиондық атақты жеңіп алды. Тамыз айында Стюарт Маклелланмен, қараша айында Альберт Онолуносемен кездесіп, чемпиондық атақтарын қорғап қалды. 

2020 жылы Гонсало Гастон Кориамен өткен жекпе-жекте орта салмақтағы WBO Global тұжырымы бойынша вакантты титулды алды. 2021 жылы Роб Брант, Хассан Н’Дам Н’Жикамді жеңіп, чемиондық атақтарын қорғады. 2022 жылы  Дэнни Дигнум, Дензел Бентли секілді боксшылармен жұдырықтасып, орта салмақтағы WBO чемпиондық белбеуді жеңіп алды.


Оқи отырыңыз: Жәнібек Әлімханұлы әлем чемпионы атағы үшін күресте жеңіске жетті


2023 жылы 13 мамырда Жәнібек Әлімханұлы екінші раундта канадалық қарсыласы Стивен Батлерді нокаутқа жіберіп, WBO нұсқасы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы атағын қорғап қалды. Бұл – Жәнібектің кәсіпқой бокстағы 14-жеңісі. 

Ring Rating Update нұсқасы бойынша Жәнібек Әлімханұлы орта салмақтағы бокс рейтингінде 3-орында тұр.

Біздің Telegram-каналдағы ең көп оқылған жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары