"Неге?" ток-шоуының үшінші маусымы: эфирде қоғамдағы ең өзекті мәселелер талқыға түседі

Фото: 31-арна
Фото: 31-арна

"31 арнаның" "Неге?" ток-шоуының жаңа, үшінші маусымы 11 қыркүйек күні сағат 22.00-де АЭС салу идеясын талқылаумен басталады.

2020 жылдан бері "Неге?" ток-шоуының 45 хабары көрермен назарына ұсынылды. Бағдарлама алғашқы хабарынан бастап плюралистік қағиданы ұстанады. Хабарға билік және оппозиция өкілдері де, бұл екі тарапқа да қатысы жоқ тұлғалар да қатысады. Хабар қонақтарының көзқарасына, қызмет лауазымына, жасына және басқа да шектеу жоқ. Бірнеше хабар резонанс тудырып, әлеуметтік желілерде жақсы талқыланды. 

Ерқанат Көпжасар, ток-шоу жүргізушісі:

– "Неге?" ток-шоуына қатысты жақсы пікірлер қайда да айтылып жатты. Саяси элита тарапынан да мұндай хабарлар керек екені, плюрализм, пікір алуандығы хабарда ашық байқалды. Қоғам белсенділері де, демократиялық күштер де өзінің оң көзқарасын білдіріп жатты. Бірақ,"Неге?" ток-шоуының бір хабары елде резонанс тудырып, өкінішке қарай, негативті көзқарас көп айтылды. "Феминизм қазақ қоғамына қауіпті емес пе?" деген хабарға байланысты бейтарап көзқарас сақтамадым. "Агрессивті көзқарастағы спикерлер неге хабарға шақырылды?" секілді ойлар айтылды. Өздерін "демократпыз" дейтін кейбір топтар адамды аямай сынап, төмпештеп, сабап тастағанды жақсы көреді. Сол күні әлеуметтік желілерде сынға қатысты пікірімді білдірдім.

Миссиям – хабарды жүргізу, жан-жақты пікір білдіру. Бұл – саяси ток-шоу. Сұрақ қойғанда әркімге ойын ашық білдіруге бірдей мүмкіндік беріледі. Келіп тұрған спикердің сөзден сүрініп, мүдіріп қалғанына мен кінәлі емеспін. "Мұндай спикерлерді неге шақырасыздар?" деген сын айтылады. Шын мәнінде, бүкіл Қазақстан бойынша феминизмге ашық қарсы шыққан адамдар саусақпен санарлық, неге оларды шақырмаймыз? Феминистік көзқарасты, ЛГБТ мүшелерін қолдайтын азаматтар хабарды жерден алып, жерге салды. Өздері демократиялық көзқарасты қалайды, бірақ, олар студияда басқа пікірлердің айтылғанын қолдамай отыр. Сөйтіп, қарсы пікірлерге аса төзімсіз екенін көрсетіп алды.

Біреудің сынына сынып қалатын, мұқалып қалатын жүргізуші емеспін. Журналист қоғамның айнасы болуы керек. "Қоғам қандай болса, журналист те сондай" деген пікір болды. Мұнымен келіспеймін. Журналист ылғи да шыншылдығынан, турашылдығынан, ақпаратты батыл айтудан тартынбауы керек. Сол тұрғыдан келгенде "Неге?" хабарында барынша екі жақты пікір білдіруді қолдайтын, ашық көрсететін алаң бола алдық деп ойлаймын. Дәл осылай бір жарым сағаттық эфирді Қазақстанда ешкім берген жоқ. Феминизм тақырыбын дәл осылай ашық талқылаған жоқ. Бізді феминизм, ЛГБТ мүшелерін жақтырмайды, қарсы деп ойласа, бұл ұстанымдағы азаматтарды екі бірдей хабарға шақырмас едік. 

Болат Мүрсәлім, ток-шоу бас редакторы:

– "Неге?" ток-шоуының жаңа маусымында қоғамды алаңдатқан мәселелерді бұрынғысынша талқыға салуды жалғастыра береміз. Бұған дейін де халықтың пікірі бар, қоғамдағы жағдай бар, қазір қоғамдық процестерге әсер етуші күшке айналған әлеуметтік желілер бар, осы жердегі ең ерекше талқыланған мәселелерді шығаруға тырысамыз. Біз – әу баста жариялағанымыздай плюралистік алаңбыз. "Негеге" кез келген құбылысқа қатысты түрлі пікірдегі азаматтарды шақырамыз. Өзіміз ешбір тараптың позициясын қолдамауға, бағдарлама ретінде бейтарап болуға тырысамыз. Алғашқы кездегідей емес, қазір бізде кері байланыс қатты күшейді. Айтылған сынға, кей тақырыпты жақсы көтердіңіздер деп айтқан алғысқа қарап, қоғамдық реакция барын аңғарамыз. Негізінен кәсіби деңгейдегі бағытты ұстануды дұрыс көріп отырмыз.

Жаңа маусымды Қасым-Жомарт Тоқаев бір аптада екі рет айтқан атом электр станциясын салу идеясын талқылаудан бастаймыз. Бұл мәселе Жолдауда бір айтылды, Ресейдің Владивосток қаласында өткен форумда тағы қайталанды. Қоғам мәселенің екі рет қатар айтылуын кездейсоқтық санамайды. Бірақ, бәлкім қоғам эмоцияға беріліп отырған болар, шынында да Қазақстанда атом электр станциясын салу керек шығар. Жоқ, әлде қазіргі жемқорлық жайлаған мемлекетте, кадрлар тапшылығы заманында оны салу қауіпті шығар. Бір жарылыстың өзі бүкіл халықтың тағдырын тағы да трагедияға әкелуі мүмкін. Сол себепті алғашқы хабарымызды осы мәселеге арнаймыз.

Ток-шоу форматы сақталады. Спикерлермен видеоқоңырау арқылы тікелей байланысқа шығуды көбірек қолданамыз. Шетелдік мамандарды қатыстыруымыз мүмкін. Ток-шоу болғаннан кейін шоу көрсету емес, ой талқысы негізгі назарда болады. 

Жанна Рахимжанова, жоба жетекшісі:

– "Неге?" аудиториясы өте ауқымды. Бұны кері байланыстан көре аламыз. Әлеуметтік желілердегі парақшаларамызға, WhatsApp арқылы да өте көп хабарлама келеді. Әр хабар сайын белсенді қолданушылар тақырыптар, спикерлер ұсынады. Олардың бәрін оқып, жауап береміз. Адамдардың ойы мен пікіріне қарап, қандай тақырып көтеретінімізді шешеміз. Бұл маусымда көреремендерімізге одан сайын жақын болуға, аудиторияның пікірін тыңдауға тырысамыз. Сол себепті көрермендермен интерактив жасауды шештік. Instagram желісінде әр хабар басталғанда пост шығып, көрермендер сол жерде пікірін ортаға сала алады. Біз оларға құлақ асамыз.

Әр ай сайын жоба телеарнада, әлеуметтік желіде қанша қаралым жинағанын есептеп, қандай пікірлер жазылғанын қадағалаймыз. Жобамыздан қандай нәтиже болғанын білу үшін аналитика жасаймыз. Хабар нәтижесінде мемлекет деңгейінде шешім қабылданған сәттер болды. Резонанс тақырыптар көп көтерілді. Мал ұрлығына, шетелде өмір сүретін Қазақстан жастары, қорғаныс күштерінің жағдайы туралы, ұлттық құраманың Олимпиадаға дайындығы туралы жақсы талқыланды. Олимпиада басталмас бұрын хабарда Ермахан Ыбырайымов қонақ болып, сол кездің өзінде бокстың жағдайы мүшкіл екенін айтқан болатын. Дәл солай болғанын көрдік. Бірнеше рет вакцина тақырыбын талқыладық. Көптеген көрермен хабарды көріп вакцинаға қатысты шешім қабылдады деп сеніммен айта аламын.

Феминизм туралы тақырып ең көп талқыланды. Кейбір адамдар "шу шығып кетеді, қозғамай-ақ қояйық" дейді. Ал біз ешкім талқылағысы келмейтін тақырыптарды көтеруден қорықпаймыз. Бағдарламада айтылатын сөздер кейбіреулерге ұнамауы мүмкін, сонда да әрдайым тәуекелге барамыз. Егер оқиға қоғамда талқыланса, онда бұл тақырып "Неге?" ток-шоуының эфиріне шығуға лайық деп білеміз.


Төменде "Неге?" ток-шоуының YouTube арнасында көп қаралған 3 хабарын ұсынып отырмыз:

"Неге?" ток-шоуының барлық хабарын "Информбюро 31" YouTube арнасынан көре аласыздар. 

Поделиться:

informburo.kz в Instagram:

следите за самыми важными новостями в ленте и в сториз

Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter

Серіктестер жаңалықтары