USD: 475.7 / 478.3
  • EUR: 539.0 / 544.0
  • RUB: 5.67 / 5.79
Тікелей эфир
Алматы +31C
Все города

Міндетті медтексеру және емтиханды қайта тапсыру. Жол ережелеріндегі өзгерістерге шолу

Фото ЖИ көмегімен жасалды
Фото ЖИ көмегімен жасалды
Масаң күйде көлік айдағандарға жаза қатаңдайды.

25 тамыздан бастап "Жол жүрісі туралы" заңға енгізілген түзетулер күшіне енеді. Жаңа нормалар жүргізушілердің жекелеген санаттары үшін міндетті медициналық тексеруден өтуді, жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған жағдайда теориялық емтиханды қайта тапсыруды және мас күйде көлік басқарғандар үшін жауапкершілікті күшейтуді көздейді. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, өзгерістер жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға және жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған.

Осы орайда Информбюро порталы заңға енгізілген өзгерістерді түсіндіреді.

№1. Кімдер міндетті медициналық тексеруден өтуге тиіс?

Жаңа талапқа сәйкес 65 жастан асқан жүргізушілер мен мүгедектігі бар жүргізушілер екі жыл сайын міндетті медициналық тексеруден өтуі қажет. Оның нәтижесі автоматты түрде жүйеге түседі. Сондықтан ешқандай қосымша анықтама жинаудың немесе мемлекеттік органдарға барып жүрудің қажеті жоқ. Өзге жүргізушілерден бұл талап етілмейді.

№2. Медициналық тексеруден өтпесе не болады?

Міндетті медициналық тексеруден өткені туралы мәліметтер Денсаулық сақтау министрлігі мен Ішкі істер министрлігінің ақпараттық жүйелері арасында автоматты түрде алмасады. Мемлекеттік ақпараттық жүйеде жүргізушінің медициналық тексеруден өткені және көлік басқаруға медициналық қарсы көрсетілімдерінің жоқ екені расталмаса, оның көлік құралын басқару құқығы уақытша тоқтатылады. Бұл талап барлық жүргізушіге емес, тек 65 жастан асқан азаматтар мен мүгедектігі бар жүргізушілерге қатысты.

№3. Қандай жағдайда жүргізуші қайтадан теориялық емтихан тапсырады?

Заңда көзделген жекелеген жағдайларда жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған жүргізушілер жол жүру қағидалары бойынша теориялық емтиханды қайта тапсыруға міндеттелуі мүмкін. Мұндай құқық бұзушылықтарға:

  • жол қиылысында апаттық жағдай туғызу;
  • белгіленген жылдамдықты бірнеше рет асыру;
  • маневр жасау, жолақ ауыстыру немесе басып озу кезінде қауіпті әрекеттерге жол беру;
  • көлік қозғалысына кедергі келтірген немесе қауіп төндірген тоқтау және тұраққа қою ережелерін бұзу;
  • заңнамада көзделген өзге де өрескел құқық бұзушылықтар жатады.

Бұл талап барлық жүргізушіге бірдей қолданылмайды, тек заңда белгіленген негіздер болған кезде ғана күшіне енеді.

№4. Емтиханды қайта тапсырмаса не болады?

Жүргізуші теориялық емтиханды қайта тапсыру туралы қаулыны алғаннан кейін екі ай ішінде дәлелді себепсіз емтиханға келмесе, оның көлік жүргізу құқығы тоқтатылады.

№5. Мас күйде көлік айдағандарға талап күшейе ме?

25 тамыздан бастап алкоголь, есірткі немесе уытқұмарлық масаң күйде көлік басқарғандарға қатысты талаптар да күшейеді. Енді қылмыстық іс жәбірленушімен татуласуына байланысты тоқтатылса да, құқық бұзушы 8 жылға көлік құралын басқару құқығынан айырылады. Жүргізуші куәлігі болмаса, онда 8 жыл бойы жүргізуші куәлігін ала алмайды.

№6. Бұл өзгерістердің мақсаты қандай?

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, енгізілген өзгерістер жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға, азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғауға және жолдағы қауіпті құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған. Осыған байланысты министрлік жаңа талапқа жататын жүргізушілерді міндетті медициналық тексеруден уақытылы өтуге және жол қозғалысы ережелерін сақтауға шақырады.

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау