Тікелей эфир

Жолдама, сыйақы және ноутбук. Екпе алған студенттер мен оқытушылар арасында акция өткізетін ЖОО саны артты

Кей ЖОО вакцина салдырған студенттерге оқу ақысын төлеуге 30, 50, 100% жеңілдік беруі үшін лотерея ұтысын ойнатпақ.

Вакцина салдырған студенттер мен оқытушылар арасында акция өткізетін отандық ЖОО қатары көбейді.

Бұған дейін Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Гумилев атындағы ЕҰУ, Абай атындағы ҚазҰПУ, Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ, Әуезов атындағы ОҚУ, Өтемісов атындағы БҚУ, Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің вакцина салдыруды қолдау акцияларын өткізіп жатқаны хабарланды. Енді бұл тізімді НАРХОЗ, Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті және Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университеті толықтырды. 

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ұсынатын жеңілдіктер:

  • 3 ай көлемінде студенттер үйінде тұруға жеңілдік;
  • оқытушы, қызметкер мен студенттер үшін Ыстықкөлге жеңілдетілген жолдамалар;
  • Қазақстанның көрікті жерлеріне туристік сапар;
  • университет асханаларында студенттер мен қызметкерлерге 1 айға тегін тамақтану талоны;
  • студенттерге "жол ақысын" қосымша төлеп беру;
  • бағалы сыйлықтар;
  • студенттер мен қызметкерлерге арналған ағылшын тілін оқыту сертификаттары;
  • ағылшын тілі бойынша IELTS/TOEFL емтихандарына дайындалуға жеңілдік. 

Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті: 

  • сауықтыру орталықтарына 50 тегін жолдама;
  • Түркістан және Семей қалаларына тарихи орындарға тегін жолдамалар;
  • студенттік спорт орталығына тегін абонементтер;
  • қазақ және ағылшын тілдерін үйренуге арналған тегін сертификаттар;
  • ірі сауда орталықтарында тауарларды сатып алу үшін вакцинацияланған оқытушыларға 40 ақшалай сертификат.

НАРХОЗ университеті:

  • вакцина салдырған талапкерлерге арналған ЖОО-ның жеке гранттары;
  • 2, 3, 4-курс студенттері, магистранттар мен докторанттар үшін ЖОО-ның жеке гранттары;
  • MBA бір курсын тегін оқуға 3 орын.

Досмұхамедов атындағы Атырау университеті: 

  • ЖОО-ның вакцинацияланған қызметкерлері мен оқытушыларына 10 000 теңге мөлшерінде біржолғы сыйлықақы беру;
  • студенттер үйіндегі бассейнге баруға 50% жеңілдік;
  • 30 студентке туристік жолдама;
  • 3 ноутбук;
  • оқу ақысына 30, 50, 100% жеңілдік;
  • ағылшын тілін оқыту бойынша тегін курстар.

ЕСКЕРТУ: конкурстар барлық білім алушының 60%-дан астамы вакцина салдырған кезде өтеді.

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті:

  • 100 білім алушыға бір жылдық оқу ақысына (2021-2022 оқу жылына) 5% жеңілдік;
  • 50 білім алушыға 20 000 теңге ақшалай сыйақы;
  • 50 білім алушыға Қапшағай жағажайындағы "Ұстаз" демалыс орнына жолдама;
  • 60 бакалавр түлектеріне магистратураға түсу үшін I teach in English ағылшын тілі бойынша дайындық курсына тегін сертификат;
  • 20 білім алушыға кітап сатып алу үшін 10 000 теңге көлеміндегі сертификат;
  • 100 білім алушыға Abai University имидждік өнімдер жиынтығы табысталады.

Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті:

  • "Үздік куратор-мотиватор" байқауының жеңімпазына туристік жолдама немесе Абай туған жеріне саяхат;
  • 15 000 теңге сомасындағы 50 сертификат;
  • 2021-2022 оқу жылында оқу ақысын төлеу кезінде 5% жеңілдік; 

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті: 

  • ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай студенттерге Нұр-Сұлтан қаласына 30 тегін жолдама;
  • қызметкерлер мен студенттерге спорт-сауықтыру кешенінде бассейнге арналған 30 тегін абонемент;
  • жазғы сауықтыру лагеріне студенттерге арналған 30 тегін жолдама;
  • қызметкерлер мен студенттерге фитнес-залға 30 тегін абонемент;
  • 30 студентке бір оқу жылының көлемінде жатақханада тұруларына 50% жеңілдік.

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университеті: 

  • Конституция күніне қызметкерлер мен оқытушыларға сыйақы беру;
  • "Сосновый бор" шипажайына 10 тегін жолдама;
  • 2021-2022 оқу жылында оқу ақысын төлеу кезінде 10% жеңілдік;
  • 2021-2022 оқу жылында әскери кафедраның оқу ақысын төлеу кезінде 10% жеңілдік;
  • қосымша білім беру курстарын тегін ұйымдастыру;
  • 2021-2022 оқу жылында студенттер үйінде тұруға 50% жеңілдік.

Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті:

Студенттер үшін: 

  • Түркістан мен Қазығұрттың киелі жерлеріне бір күндік автотур-экскурсия;
  • университет лагеріндегі 3 күндік жазғы мектепке қатысу мүмкіндігі;
  • вакцина салдырған студенттер арасында Shymkent BIKE-тен бір айлық абоненттік билеттердің ұтыс ойынын ұйымдастыру;
  • 5 білім алушыға TOEFL емтиханын тегін тапсыру мүмкіндігі;    

Оқытушылары мен қызметкерлері үшін: 

  • Сарыағаштағы шипажайға 10 жолдама (ұтыс ойыны кездейсоқ сандарды генерациялау әдісімен ойнатылады);
  • 10 оқытушы мен қызметкер үішн TOEFL емтиханын тегін тапсыру мүмкіндігі;
  • университеттің 8 оқытушысы мен қызметкері жатақханада 1 ай мерзімде (тамыз) тегін тұрады;
  • 30 қызметкер мен оқытушыны ақшалай көтермелеу.

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті:

  • екпе алған студенттер мен оқытушылар үшін ағылшын тілі курстарына тегін сертификаттар.

Еске салсақ, коронавируске қарсы екпе салдырған студенттер мен оқытушыларды қолдау акциясы басталды. Акция кезінде студенттердің кино, театр және концертке тегін бару мүмкіндігі бар. Ал вакцина алған оқытушылар қосымша ақы немесе ақылы демалыс алады.

Біздің Telegram-каналдағы ең көп оқылған жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары