"Алматы" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы қала тұрғындары мен қонақтарын демалыс күндері өтетін жәрмеңкелерге шақырды.
Апта сайын ұйымдастырылатын уақытша сауда алаңдарына 305 саудагер мен ауыл шаруашылығы өндірушілері қатысады.
"1000-нан астам өнім Алматы облысының Қарасай, Іле, Талғар, Жамбыл, Еңбекшіқазақ және Ұйғыр аудандарынан, сондай-ақ Алматы қаласы мен Шығыс Қазақстан облысынан жеткізіледі. Жәрмеңкеде жаңа сойылған ет, жұмыртқа, көкөніс пен жеміс-жидек, сүт өнімдері, шұжық, бал және басқа да азық-түлік түрлері ұсынылады. Жыл басынан бері бұл жәрмеңкелерде шамамен 7,5 мың тонна өнім сатылған. Бағаны тұрақтандыру мақсатында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары делдалсыз жеткізіліп, нарық бағасынан 15–20% төмен ұсынылады", – делінген хабарламада.
Жәрмеңкелер әр сенбі және жексенбі күндері сағат 09:00-ден 18:00-ге дейін мына мекенжайларда өтеді:
- Бостандық ауданы – "Қазақфильм" шағынауданы;
- Әуезов ауданы – Рысқұлбеков көшесі, 33/2;
- Медеу ауданы – Меңдіқұлов пен Бектұров көшелерінің қиылысы;
- Алмалы ауданы – Масанчи көшесі (Әйтеке би – Гоголь аралығы).
Апта сайын жәрмеңкелерге 45 мыңнан астам адам келеді.
Оқи отырыңыз: Концерт, жәрмеңке мен фестиваль: Алматыда Наурыз мейрамына орай Nauryz Sale акциясы өтеді
Қазіргі уақытта "Алматы" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы Бостандық және Әуезов аудандарындағы екі жәрмеңкені кезең-кезеңімен жаңғыртып жатыр. Жоба инфрақұрылымды жақсартуға және сатып алушылар мен кәсіпкерлер үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
"Жаңғырту аясында жәрмеңкелер бірыңғай сәулеттік стильге келтіріліп, жабық және ашық павильондар, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған санитарлық тораптар, автотұрақтар, аялдамалар, қоғамдық тамақтану орындары және абаттандырылған қоғамдық кеңістіктер салу жоспарланған. Жобалар жеке инвестициялар есебінен жүзеге асырылады. Сонымен қатар жәрмеңкелердің әлеуметтік сипаты сақталып, кәсіпкерлер мен жергілікті өндірушілер үшін қолжетімді жағдай қамтамасыз етіледі", – делінген хабарламада.
Жаңартылған нысандардың ашылуы құрылыс аяқталғаннан кейін, яғни мамыр айында жарияланады.
USD:
463.1 / 465.7
EUR:
543.5 / 548.5
RUB:
6.01 / 6.13