Тікелей эфир

Шетелдіктер кіргізген көлікті Қазақстаннан шығару мерзімі 30 қыркүйекке дейін ұзартылды

Қазір елде 3 000 шетелдік азамат кіргізген көлік бар.

Қазақстан аумағында шетелдік азаматтардың ЕАЭО құрамына кірмейтін елден алып келген көлігін басқару мерзімі 30 қыркүйекке дейін ұзартылды. Бұл туралы ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Серік Түсіпов мәлімдеді. 

"Кеден заңнамасына сәйкес, шетел азаматтары көліктерін Қазақстанға және ЕАЭО-ның өзге елдеріне баж салығын төлемей уақытша кіргізе алады. Ереже ЕАЭО-ға кірмейтін елдерде тіркелген көліктер үшін енгізілді. Сондай-ақ, көліктер Ресей Федерациясы, Қырғызстан, Армения, Беларусь елінен емес, өзге үшінші мемлекеттен болуы тиіс. 2020-2021 жылы коронавирустық инфекцияның таралуына байланысты шекаралар жабық болды. Осы жағдайға байланысты шетелдік азаматтар елге уақытша кіргізген көлігін ЕАЭО аумағынан тыс жерге шығара алмады. Мұны ескерген Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесі шетелдік көліктердің елде болу мерзімін 2021 жылдың 30 қыркүйегіне дейін ұзартты", – деді комитет өкілі. 

Мемлекеттік кіріс органы мәліметінше, қазір Қазақстанда 3 000 шетелдік азамат кіргізген көлік бар. Олардың барлығы да мерзім аяқталған соң елден шығарылуы тиіс. Мұнымен қатар, ведомство өкілі қазақстандық азаматтардың шетелдік көлікті эксплуатациялау мәселесіне тоқталды. 

"ІІМ азаматтар мүддесі қорғалуы үшін, 2014 жылы "Жол қозғалысы" заңымен бекітілген талаптардың орындалуы үшін келісім ұсынады. Өйткені көлік құралын сақтандыруға келгенде азаматтар үшін белгілі бір тәуекелдер бар. Егер көлікті тасымалдауға тыйым салынған немесе ол іздеудегі көлік болса, онда азаматтар автомобильден және оған жұмсалған ақшадан айырылуы мүмкін. Осындай себептерге байланысты барлығы заңнама негізінде жүзеге асқаны жөн: біріншіден, бұл күдікті, қандай да бір қылмысқа қатысы бар көлікті сатып алудан сақтандырады; екіншіден, көлік сатып алушы өз мүлкін қорғап қалады; үшіншіден, бұл иесіне өз көлігін толық қолдануға мүмкіндік береді. Мысалы, жол-көлік апаты кезінде сақтандыру төлемдері Заң бойынша тек иесіне немесе иесі сеніп тапсырған адамға ғана беріледі", – деді Серік Түсіпов. 

Еске салсақ, Қазақстанда жол апатының көктем мезгілінде аз болатыны хабарланған еді. Сондай-ақ, керісінше күзде жиі болатыны белгілі болды. 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары