Тікелей эфир

Қазақстан халқының 40 пайызы ғана дене шынықтырумен айналысады

Республикада жыл сайын 25 мыңнан астам бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізіледі. Бұл туралы мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов айтты.

"Қазіргі кезде министрлік жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, дене шынықтыруды дамыту бағытында белгілі жұмыстар атқаруда. Республикада жыл сайын 1,2 миллион адамды, оның ішінде ауылдық жерлерде 500 мың адамды қамтитын 25 мыңнан астам түрлі деңгейдегі бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізіледі. Әсіресе, соңғы жылдары жүгіру, марафондар, велошерулер мен веломарафондар, фестивальдер, отбасылық жарыстар, жаппай коньки тебу кеңінен насихатталуда", – деді Асхат Оралов Үкімет отырысында.

Министр атап өткендей, дене шынықтыру және спортпен айналысатындардың қатарын кеңейтудегі маңызды құралдардың бірі – Президенттік тестілеуден өту. 2020 жылдан бері еліміз бойынша 7,6 млн адам тестілеуден өткен.


Оқи отырыңыз: "Үш жыл ішінде қирап жатыр". Смайылов елдегі спорт нысандарын сынға алды


"Бүгінде дене шынықтыру және спортпен айналысатындар саны халықтың 38,5 пайызын құрайды. Бұл – 7,5 миллионнан астам адам. Балалардың спортпен, дене шынықтырумен жүйелі айналысуына көп көңіл бөлінеді. Республикада 800-ден астам балалар мен жасөспірімдер клубы жұмыс істейді", – дейді Асхат Оралов.

Серіктестер жаңалықтары