Тікелей эфир

"Үш жыл ішінде қирап жатыр". Смайылов елдегі спорт нысандарын сынға алды

Өңірлердегі мектептерде дене шынықтыру мұғалімдері мен кәсіби жаттықтырушылар жетіспейді.

ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов бұқаралық спортты дамытуға арналған бағдарлама мен жобалардың көптігіне қарамастан, көптеген жүйелі мәселе шешімін таппағанын атап өтті, деп хабарлайды primeminister.kz сайты. 

Мониторингтеу нәтижесінде шілде айының өзінде халықтан көп шағым түсетіні анықталған. 

"Мысалы, Павлодар облысы Баянауыл ауданы Майқайың кентінде 2020 жылы жөнделген стадион құлап жатыр. 3 жыл ішінде бұл объект жарамсыз болып қалды десе де болады: футбол алаңы мен жүгіру жолдарынан бастап трибуналар мен киім ауыстыратын бөлмелерге дейін жарамсыз күйге түскен", – деді Әлихан Смайылов.

Сондай-ақ ол Қарағанды облысындағы Шұбаркөл көмір вахталық кентінде спорт залы қирап қалғанын атап өтті. Ал Ақтөбе облысының Шиқұдық ауылындағы Теректі мектебінде спортзал жоқ.


Оқи отырыңыз: 12 жылға созылған жалақы дауы: Алматыдағы трамплинді салған құрылысшылардың ақысы қайда?


"Бізде спортзалдары жоқ мектептер шағын ауылдарда ғана емес, сонымен қатар ірі қалаларда әлі де көп. Дене шынықтыру мұғалімдері мен кәсіби жаттықтырушылар жетіспейді", – деді премьер-министр. 

Сонымен қатар Әлихан Смайылов Астанадағы ұлттық спорт университетінің және Алматы облысындағы олимпиадалық даярлық орталығының құрылысы ұзаққа созылып кеткеніне жұртшылықтың наразы екенін баса айтты.

"Спортты дамыту және саламатты өмір салтын насихаттау бағытында біз ауқымды жұмыстар жүргізіп келеміз, алайда, кейбір мәселелер бойынша бір орында тұрып қалдық. Өкінішке қарай, бізде дене шынықтыру мен спортты басқарудың тиімді біртұтас жүйесі жоқ. Бұл мәселе, әсіресе жергілікті жерлерде өте өзекті. Спортты және саламатты өмір салтын насихаттаумен айналысатын мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдардың қызметін үйлестіру жұмыстарында кемшілік көп", – деп атап өтті премьер-министр.


Оқи отырыңыз: Алматы облысының 11 мектебі оқу жылына дайын емес


Үкімет басшысы сондай-ақ өңірлерде саябақтарды, көшелерді, жағалаулар мен тұрғын үй аулаларын тренажерлармен, спорт алаңдарымен жабдықтауға ерекше назар аударуды талап етті.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары