Алматыда әлеуметтік желіде үш әйелімен бірге түскен видеоларын жариялап, көп әйел алуды насихаттаған тұрғын әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оған 86 500 теңге көлемінде айыппұл салынды, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Алматы қаласы Полиция департаментінің мәліметінше, азамат Қазақстан заңнамасына және қоғамдағы моральдық-адамгершілік құндылықтарға қайшы өмір салтын ашық насихаттаған.
Ведомство мұндай контенттің отбасы институтына деген құрметті төмендететінін атап өтті. Осыған байланысты тұрғынға әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынған.
Полицияның хабарлауынша, профилактикалық түсіндіру жұмыстарынан кейін азамат әлеуметтік желідегі жарияланымдарын өз еркімен өшірген.
Құқық қорғау органдары әлеуметтік желі қоғамдық ақпараттық кеңістік екенін еске салып, заңға қайшы әрекеттерді насихаттайтын контент үшін жауапкершілік қарастырылғанын айтты.