Тікелей эфир

Алматы облысының жолдарынан 3 айда 130-дан астам ақау табылды

Былтыр сапасыз жол салған мердігерлер үстінен облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасына 7 рет арыз жолданған.

Алматы облысындағы жолдардың басым бөлігі талапқа сай емес. Негізінен асфальт жабындысы жұқа әрі тас жол төселетін топырақ дұрыс нығыздалмайды. Салдарынан жаңадан салынған жол бір маусымға жетпестен бүлініп, тозады. Осыған байланысты Жол активтері ұлттық сапа орталығының мамандары бақылауды күшейтті.

Орталық инженерлері былтыр Алматы облысындағы 17 аудан мен Талдықорған, Текелі, Қапшағай қалаларының тас жолдарын тексерген. 231 мәрте рейд өткізіп, асфальт жабындысынан алынған 670 сынаманың 66 пайызы талапқа сай келмейтінін анықтаған.

"Конкурс өткен кезде төмен баға ұсынып, тендер ұтып алған мердігер мекеме кейін материалды үнемдей бастайды. Содан қате кетіп жатады. Техникалық бақылау қызметі өзінің жұмысын толық атқармаған жағдайлар бар. Салдарынан жолдар сапасыз жасалады", – деді Жол активтері ұлттық сапа орталығының Алматы облыстық филиалы директорының міндетін атқарушы Мәулен Әліпов.

Былтыр осындай сапасыз жол салған мердігерлердің үстінен облыстық Сәулет және қала құрылысы басқармасына 7 рет арыз жолданған. Олардың алтауына қатысты әкімшілік іс қозғалып, сотқа жолданды. Соған қарамастан биылғы 3 айда облыстағы жолдардан тағы да 130-дан астам ақау табылған.


Оқи отырыңыз: Қазақстан жол сапасы бойынша 100 елдің қатарына кіре алмады


Мамандар сапасыз жолдардың бір себебі – жергілікті атқарушы орган қызметкерлерінің біліксіздігі екенін айтады. Мәселен, Қазақстанда Тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімдері мен басқармаларында 1 500-ге жуық маман жұмыс істейді. Бірақ, олардың 10 пайызының ғана жол саласы мамандығы бойынша дипломы бар. Қалғандары асфальттың құрамы, ол қалай төселеді, қандай талап қою керектігін білмейді.

Осы орайда Ұлттық сапа орталығы әкімдік қызметкерлерінің біліктілігін арттыру үшін жергілікті атқарушы орган өкілдеріне арналған оқыту семинарын бастады. Қазақстан өңірлерінің бәрінде өтетін семинарда мамандар:

  • жол салу жобаларының сапасын бақылау;
  • автомобиль жолдарын диагностикалау және паспорттау;
  • жол қозғалысы қауіпсіздігін бақылау;
  • техникалық қадағалаудың функциялары мен міндеттері туралы жан-жақты мағлұмат береді.
Серіктестер жаңалықтары