Тікелей эфир

Қазақстан жол сапасы бойынша 100 елдің қатарына кіре алмады. Енді "жөндедім" деп қаражатты қылғытатын әкімге қылбұрау салынады

Сурет "ҚазАвтожол" ұлттық компаниясының сайтынан алынды
Сурет "ҚазАвтожол" ұлттық компаниясының сайтынан алынды
Жолдың сапасы жөнінен Қазақстан әлемдегі 137 елдің арасында 115 орында. Лайықты баға. Осы уақытқа дейін қыста көлік мүлде жүре алмайтын жолдар бар.

Алдымызда Ресей, артымызда Қырғызстан...

Күні кеше Дүниежүзілік экономикалық форум елдер арасындағы бәсекелестіктің жаһандық рейтингісін жария етті. Сол рейтингтің арасында жолдары ең сапалы және сапасыз елдердің тізімі де бар.

137 елдің арасында Біріккен Араб Әмірліктерінің жолы ең сапалы деп танылып, бірінші орынға қойылған. Екінші сатыда – Сингапур, үшіншіде – Швейцария.

Ал, Қазақстан 115-ші орында. Еліміз алғашқы жүздіктің ішіне де енбеген. Ресейдің жолдары бізден бір саты жақсы болса, бұрынғы КСРО елдерінің арасында бізден жолы жаман Қырғызстан, Украина және Молдава елдері екені анықталды.

"Нұрлы жол" осы рейтингті "нұрландыра" ала ма?

Қазақстан халыққа керекті инфрақұрылымды дамыту үшін 2014-2019 жылдарға арналған "Нұрлы жол" бағдарламасын қабылдаған болатын. Дәл осы бағдарламаға сай, 2017 жылы 926 шақырым автожол магистралінің бөлігі салыну керек.

Бұл – әрине, құжат жүзіндегі жоспар. Ал шын мәнінде, Қазақстанның жолдары қандай күйде? Құрылысы жырға айналған Астана-Павлодар тас жолының қақ ортасындағы бөлігі биыл неге (дұрысы, тағы да – авт.) салынбай қалды? Қабылданып жатқан бағдарламалар шенеуніктердің әдемі баяндамасынан басқа, қара халыққа қандай пайдасын тигізіп жатыр? Биыл елімізде неше шақырым жол салынып, ал қандай жолдар әлі де мүсәпір халде? Бәріне рет-ретімен тоқталайық.

Жүргізушілердің обалы ирандық мердігерде

Қазақстандағы жолдардың бүгінгі жай-күйі туралы informburo.kz тілшісі Инвестиция және даму министрлігіне қарасты Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасарымен сұқбаттасқан еді.

Амангелді Беков кейбір шенеуніктер сияқты, сұрақты алдын ала жібер демеді, төтеден қойылған сұраққа мүдірмей жауап беріп, ел-жұртты байланыстырып отырған жолдардың бүгіні мен болашағын баяндап берді.

Ол Астана-Павлодар тас жолының тағдырына қатысты алғашқы сұраққа жауап бере отырып, жол ортасындағы бір учаскесі биыл да салынбай қалды дейді. Себебі – осы жолды саламыз деп келген мердігер ирандық компания жобаны аяқсыз қалдырған.

"Ирандық мердігер өз міндетін атқара алмай қалды. Қаржылық қиындықтарға тап болды. Бір жыл бойы біресе Ираннан, біресе басқа жерден қаржы әкелеміз деді, бірақ, таппады. Сондықтан, ирандық компаниямен келісімшартты бұзып, жаңадан үш мердігер анықталды", – дейді Амангелді Беков.

Керекуге барарда, 130 шақырым ойдым шұңқыр жолға дайын болыңыз

Жалпы, Астана-Павлодар тас жолының ұзындығы қаланың айналма жолын қоспағанда 430 шақырымды құрайды. Былтыр жолдың небәрі 60 шақырымы жөнделген.

Биыл 230 шақырым ғана жол салынған. Қазақтың құтты мекені болған Баянауыл аймағына, одан ары қарай Шығыс Қазақстанға көлік мініп барамын десеңіз, картаны мұқият қарап, жолдың қай жері жаман екенін біліп алыңыз.

Амангелді Бековтің ақпаратына сенсек, Астанадан Шідерті ауылына дейінгі жол бөлігі сосын, Пограничник ауылынан Павлодар қаласына дейінгі жол салынған. Арасындағы 130 шақырым жолдың жөндеу жұмысы тағы келесі жылға қалдырылған.


Астана-Павлодар тас жолында Шідертіден бастап Пограничник кентіне дейін жол жаман

Астана-Павлодар тас жолында Шідертіден бастап Пограничник ауылына дейін жол жаман / Фото informburo.kz


Яғни, Шідертіден Екібастұзды көктей, Пограничник ауылына жеткенше, ойдым-ойдым жолдан іші-бауырыңыз солқылдап,езіліп барады деген сөз.

– Жыл басында мердігер болмай, жол қараусыз қалды. Жол салынбаған аумақтағы ең үлкен елді мекен – Екібастұз қаласы. Қазір Ерейментау ауданының орталығын айналып өтетін жаңа жол салып жатырмыз, – дейді Амангелді Беков.

Анықтама: Астана-Павлодар тас жолының құрылысы 2014 жылы басталған. Жоба республикалық бюджеттен қаржыландырылады. Мердігерлердің жауапсыздығына байланысты, былтыр жөндеу жұмыстарын жандандыру үшін Ұлттық қордан ақша тартылған. Жалпы, осы жолды толық салу үшін 170 млрд теңге керек деп бағаланып отыр.

Қаржының 80 пайызы игерілген. Келесі жылы 40 млрд теңге жұмсалады. Ирандық компаниядан кейін Қазақстанның үш компаниясы – "Кадустрой" ЖШС, "Автожолсервис" ЖШС мен "Ақмолақұрылыс материалдары" ЖШС мердігер болып анықталған.

Балқаш пен Қапшағайды қосатын жаңа жол салынады

Жалпы, "Нұрлы жол" бағдарламасы бойынша Астанадан төрт тарапқа – шығыс, батыс, оңтүстік пен солтүстікке қарай жаңа жолдар салыну керек.

Астананы Шығыс Қазақстанмен байланыстыратын автобанның жай-күйін айттық.

Қызылжар бағытына шығатын жолдың Солтүстік Қазақстан облысының орталығына дейінгі бөлігі салынып біткен. Қазір Ресей шекарасына қарай жол жөндеу жұмыстары басталған.

– Ал, Орталық Қазақстанда Астанадан Теміртауға дейінгі жолды аяқтадық, қазір Теміртаудан Қарағандыға дейінгі аралықта жұмыс істеп жатырмыз. Биыл Қарағандыдының айналма жолын сала бастадық. Келесі жылы Балқаш пен Қапшағай арасындағы жолдың құрылысы басталады, – дейді Амангелді Беков.

Батысқа төте жол әзірге жоба күйінде

Ал, Астанадан Батыс Қазақстанға бару үшін халық қазір Қостанайды басып өтіп жүр. Амалдың жоқтығынан. Өйткені, тура баратын жол жоқ.

"Бірақ жоспар бойынша Астанадан Ырғыз және Арқалық елді мекендері арқылы өтетін төте жол салғымыз келеді. Бірақ ол – әзірге жоба. Қаражат жағы қиын болғандықтан, бұл жоба 2020 жылға шегерілді".

Бір қуантарлығы, биыл Бейнеуден Ақтауға баратын жол салынып бітеді екен. Ары қарай, Ақтөбеден Атырау мен Астраханға шығатын жолдың құрылысы басталады.

"Өлім жолы" өмір жолына айналды

– Бұрын Қызылорда мен Ақтөбе облысының арасында бір учаске бар болатын, – дейді Амангелді Беков.

Оның айтуынша, Арал мен Ырғыз елді мекендерінің арасындағы жол жаман болатын. Жаманы несі, жол атаулы мүлде жоқ болған. Халық Қарабұтақ елді мекені мен Ырғыз арасындағы жолды "долина смерти", қазақшаласақ, ажал жолы деп атап кеткен.

"Нұрлы жол" аясында салынған Батыс Еуропа – Батыс Қытай дәлізінің бойындағы осы жолға биыл ғана жан біткен. Қызылорда мен Ақтөбе облысының арасындағы тауар айналымы әп-сәтте 30 пайызға артыпты.

Тауар айналым ғана өспейді. Мұндай жаңа жол – жаңа бизнес

Атақты Батыс Еуропа – Батыс Қытай жобасының 600 шақырымы біз айтып отырған "Нұрлы жол" бағдарламасының аясында салынған. Батыс Еуропа – Батыс Қытайдың бес облысты басып өтіп, жүздеген елді мекеннің жолын жақсартқаны көп айтылды.

Енді осы жоба аясында Ұзынағаш қаласынан Отарға дейінгі 90 шақырымы бірінші санатты төрт жолақты жолға айналады. Яғни, Қытай шекарасынан бастап, Қызылордаға дейін төрт жолақты кең автобан болады деген сөз.

Тақтайдай жолдың тағы бір пайдасы – тұрғылықты халыққа қосымша табыс көзі. Жолдар жақсарған соң, оның бойынан жаңадан жиырма шақты кешен ашылған. Оның ішінде тарихы орындар да бар.

Мысалы, Қызылорда облысында Қорқыт Атаның мемориалы бар. Сол жерге жаңадан үлкен қызмет көрсету кешені ашылды. Қонақ үй, асхана, автотұрақ, жанармай құю бекеті, техникалық қызмет көрсету пункті бар.

Жол салынады, инфрақұрылым тартылады, қалған жұмыс кәсіпкерде

Қазір Қазақстандағы үлкен трассалардың бойында екі мыңға жуық қызмет көрсету кешені бар екен. Жол бойында қонақ үй, асхана, жанармай құю бекетін ашып, бизнес бастаймын дегендерге қазір көп жеңілдік қарастырылған.

– Қазақстанда жол бойындағы қызмет көрсету бекеттеріне қойылатын талаптардың Ұлттық стандарты бар. Яғни, ол бекеттер қандай болу керек, бір-бірінен неше шақырым алшақ орналасу керек деген мәселе, – дейді Амангелді Беков.

Жол бойындағы бизнес қандай болады

Ұлттық стандартқа сай төрт категорияға бөлінеді. Негізгісі үшеу.

Ең бірінші "А" категориясы. Ондай кешеннің ішінде міндетті түрде қонақ үй, жанармай құю бекеті, асхана, техникалық қызмет көрсететін орын болуы керек.


Ақтөбе облысында салынатын "А" категориялы кешеннің жоспары

Ақтөбе облысында салынатын "А" категориялы кешеннің жоспары / Сурет investinaktobe.kz сайтынан алынды


Екінші "Б" категориясы. Қазақстанда көп тарағаны да осы категориядағы кешендер. Яғни, жолаушылар бір күнге, жарты күнге тоқтайды да, қонып, тамағын ішіп, жанармай құйып алып кете береді. Осы екі категориялы кешендердің арасы 150 шақырымнан кем емес, 200 шақырымнан көп емес қашықтықта орналасуы керек.

Ал үшіншісі – "В" категория. Онда тамақтанатын орын, жанармай бекеті болуы тиісті. Мұндай бекеттердің арақашықтығы стандарт бойынша 50 шақырым.

Бұл кәсіпті қалай бастауға болады?

– Біздің министрлік, жергілікті әкімдік, "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы бірігіп, қай бекеттің қай жерге орналасуы керектігін анықтаймыз. Сосын, жергілікті әкімдік жер бөледі, инфрақұрылымын тартып береді. Біз өз тарапымыздан бұрылатын жердің жолын жасап береміз. Ал кешенді жеке кәсіпкер салуы керек.

Әр әкімдіктің кәсіпкерлікті дамыту басқармалары қандай бекеттердің жетпейтінін айтады. Сол аумақ қарайтын жергілікті әкімдіктен жер алып, рұқсат алса, кез келген кәсіпкердің бұл бизнесті бастай беруіне еш кедергі жоқ, – дейді Амангелді Беков.

"Жол жөндедім" деп қазынаның қаражатын қылғытатын әкімге енді қылбұрау салынады

Жергілікті әкімдіктің тағы бір міндеті – өз облысының, ауданы мен ауылының ішкі жолдарын жөндеу. Жол жоқ жерге асфальт төсеу.

Қазақстандағы көп ауылдың тәжірибесі көрсетіп отырғандай, топырақ төгіп, қаражатты құмға шашу – жол салудың бір түрі. Министрлік енді мұндай әкімдердің жұмысын қадағалап отыратын орталық ашпақшы.

– Автомобиль жолдары комитеті республикалық маңызды жолдарды қадағалайды. Ал, әкімдіктер жергілікті маңызы бар жолдарға жауапты. Көбіне ауылдардағы көшелердің сапасы сын көтермейтінін білеміз.

Әзірге жоба күйінде ғана тұрғанмен, біз болашақта аудан мен ауылдардың жолын бақылайтын "Сапа орталығын" ашқымыз келеді. Ол үшін бірқатар заңдарға өзгеріс енгізу керек. Қазір осы бағыттағы жұмыстарды бастадық.

Міне, сол орталық ашылған кезде ауыл азаматтарының өздері енді қай ауылдың қай көшесі жөнделмегенін тікелей айтып отыра алады, – дейді Амангелді Беков.

Мамандар бұл орталыққа ең алдымен Батыс Қазақстан мен Солтүстік Қазақстан облысындағы ауыл тұрғындары хабарласады деп болжап отыр.

Өйткені, ауыл арасындағы жолдары ең жаманы, тіпті,жолдары жоқ елді мекендердің көбі осы екі облыста.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары