
Стоматит – балалар арасында жиі кездесетін ауыз қуысының қабыну ауруы. Ол ауыздың шырышты қабатында жара, қызару, ісіну, ауыру және дене қызуының көтерілуі сияқты белгілермен көрінеді. Алматы қаласындағы №2 қалалық емхананың Арнайы емдеу-диагностикалық профилактикалық бөлімінің меңгерушісі Мустафа Дастан Бақытұлының айтуынша, көптеген ата-ана бұл мәселеге баласының алғаш рет шағымданған кезінде ғана мән береді. Алайда, стоматиттің алдын алуға болады және бұл көп күшті қажет етпейді. Тек күнделікті әдеттерді дұрыс қалыптастыру жеткілікті. Осы орайда дәрігер аурудың алдын алу жолдарын түсіндірді.
Стоматиттің негізгі себептері қандай?
Стоматиттің пайда болуына бірнеше фактор әсер етеді:
- Гигиенаның сақталмауы – балалар жиі қолын, ойыншығын, бөтен заттарды ауызына салады. Егер олар таза болмаса, инфекция түсу қаупі жоғарылайды.
- Иммунитеттің төмендеуі – әлсіз иммунитет кез келген инфекцияға жол ашады. Бұл әсіресе маусымдық суық тию немесе созылмалы аурулар кезінде байқалады.
- Тісжегінің болуы – ауыз қуысындағы бактериялар тек тістерге емес, бүкіл ауыз қуысының шырышты қабатына да әсер етеді.
- Теңгерімсіз тамақтану – дәрумендер мен минералдардың жетіспеуі стоматиттің дамуына ықпал етуі мүмкін. Әсіресе, В тобы дәрумендері, темір мен фолий қышқылының тапшылығы бұл ауруға себеп болуы мүмкін.
- Механикалық жарақаттар – ыстық немесе өте қатты тағамдарды жеу, байқаусызда тілін немесе ұртты тістеп алу да шырышты қабаттың зақымдануына әкелуі мүмкін.
Балалар стоматитін алдын алу жолдары
Стоматиттің алдын алу үшін қарапайым, бірақ тиімді шараларды күнделікті дағдыға айналдыру қажет.
1. Тазалық – ең басты ереже
Баланы ерте жастан қол жууға, жеке гигиенаны сақтауға үйрету керек. Ойыншықтарды, әсіресе, жиі қолданатындарын, жүйелі түрде жуып, дезинфекциялап отыру қажет. Баланың ыдыстары мен жеке күтім құралдары (қасық, тіс щеткасы, сүлгі) тек өзіне арналуы тиіс.
2. Дұрыс тамақтану
Баланың күнделікті рационында көкөніс, жеміс, сүт өнімдері, ет және балық болуы керек. Витаминдерге бай тағамдар ауыз қуысының шырышты қабатын күшейтеді және инфекцияларға төзімділікті арттырады. Сонымен қатар, тым ыстық, өте ащы немесе қышқыл тағамдардан аулақ болған жөн.
3. Ауыз қуысын күту
Тіс тазалау – стоматиттің алдын алудың негізгі жолдарының бірі. Баланы бір жасынан бастап тіс күтіміне үйреткен дұрыс. Жасына сай сапалы тіс пастасы мен жұмсақ щетка таңдау маңызды. Егер балада тісжегі болса, оны уақытында емдеу қажет.
Оқи отырыңыз: Шертпе дегеніміз не және ол қандай ауруларға ем
4. Жаман әдеттерден арылту
Көптеген бала саусағын, ойыншығын немесе басқа заттарды ауызға салуды ұнатады. Бұл әдеттен ерте бастан арылту керек, себебі ол стоматиттің жиілеуіне себеп болуы мүмкін.
5. Иммунитетті нығайту
Күшті иммунитет кез келген инфекцияға төтеп беруге көмектеседі. Ол үшін бала дұрыс тамақтанып, таза ауада жеткілікті уақыт өткізуі, қозғалысты көп қажет ететін ойындар ойнауы керек. Сонымен қатар, жеткілікті ұйқы да маңызды рөл атқарады.
Стоматит белгілері байқалса не істеу керек?
"Егер балаңыздың ауыз қуысында жаралар пайда болып, тамақтанудан бас тарта бастаса немесе қызуы көтерілсе, уақыт жоғалтпай дәрігерге қаралған жөн. Өйткені, кей жағдайда стоматит басқа инфекциялық аурулардың белгісі болуы мүмкін. Дәрігер диагноз қойып, дұрыс ем тағайындайды. Стоматиттің алдын алу – ата-аналардың қолында. Баланың тазалыққа, дұрыс тамақтануға, денсаулығын күтуге деген әдеттерін ерте жастан қалыптастыру арқылы стоматиттен ғана емес, басқа да көптеген аурудан қорғауға болады. Бастысы – бұл кеңестерді күнделікті өмірде ұстану және балаңызға қамқор болу", – деп кеңес берді дәрігер Мустафа Дастан Бақытұлы.
Оқи отырыңыз: Ораза алдында кімдер check-up өтуі тиіс және ашығып қалмау үшін не істеу керек