Дүниежүзілік Тоғызқұмалақ қауымдастығы тоғызқұмалаққа арналған жаңа цифрлық платформаның іске қосылғанын хабарлады. 9qum.com платформасын тоғызқұмалақшы әрі бағдарламашы Элдар Шаймағамбет пен Әдемі Есеншораева бірлесіп әзірлеген.
Жаңа платформа тоғызқұмалақ әуесқойларына, кәсіби спортшыларға, жаттықтырушылар мен төрешілерге арналған кең мүмкіндіктер ұсынады. Пайдаланушылар жасанды интеллектпен түрлі деңгейде ойнап, шеберлігін шыңдай алады, сондай-ақ әлемнің кез келген нүктесіндегі қарсыластармен онлайн партия өткізуге мүмкіндік алады.
Платформада әр ойынға жасанды интеллект арқылы толық талдау жасауға болады. Жүйе ойын барысында жіберілген қателерді, тиімді жүрістерді және балама нұсқаларды көрсетеді. Сонымен қатар пайдаланушылар кез келген дебюттік немесе тактикалық позицияны тақтаға қойып, ең тиімді жүрістер жөнінде ЖИ ұсыныстарын ала алады.
Платформаның негізгі мүмкіндіктерінің бірі – жаттықтырушымен онлайн жұмыс істеу. Ойыншылар жеке кабинеті арқылы тапсырмалар орындап, партияларын талдай алады. Сондай-ақ қарсыласпен бейнебайланыс арқылы ойнауға мүмкіндік қарастырылған.
Бұдан бөлек, платформада онлайн турнирлерге қатысуға және халықаралық жарыстар ұйымдастыруға болады. Турнир ұйымдастырушылары қатысушылардың тіркелуін, ойындардың өту барысын және нәтижелердің жаңартылуын онлайн режимде бақылап отыра алады.
Қазіргі таңда платформаға 1400-ге жуық спортшы тіркелген. Іске қосылған алғашқы үш күнде 9 мыңға жуық партия ойналды. Осы уақытқа дейін екі онлайн турнир өткізіліп, оған шамамен 300 спортшы қатысты.
Алдағы уақытта платформада республикалық және халықаралық деңгейдегі тұрақты турнирлер өткізу, рейтингтік жүйені жетілдіру, оқу-жаттығу мүмкіндіктерін кеңейту және жасанды интеллекттің талдау сапасын арттыру жоспарланып отыр.
Пәкістанда тоғызқұмалақ сыныбы ашылды
Сеулде Оңтүстік Корея тоғызқұмалақ федерациясы құрылды