Белгілі ақын, баспагер, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Журналистика факультетінің бұрынғы деканы Темірғали Көпбайдың университеттегі кадрлық әділетсіздік туралы жазбасы әлеуметтік желіде кеңінен талқыланды. Бұл постта автор факультеттің төрт оқытушысының қызметтен кеткенін мәлімдеп, мұны университет басшылығының қудалауының нәтижесі деп айыптайды.
Темірғали Көпбайдың жазбасынан кейін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ басқарма мүшесі – академиялық мәселелер бойынша проректоры Алина Галеева қалыптасқан жағдайға түсініктеме берді. Ол университеттің сайтында жарияланған.
"Журналистика факультетінің профессоры Кәкен Хамзин мен доцент Темірғали Көпбаевтың еңбек шарттарының қолданылу мерзімі аяқталды. Аға оқытушы Ермахан Шайхы академиялық біліктілігін анықтау мақсатында өткізілген конкурстық комиссия отырысына қатыспады және белгіленген рәсімнен өтуден бас тартты. Аға оқытушы Мұрат Шаймаран академиялық талаптарға сәйкестігін бағалау мақсатында жүргізілген конкурстан өте алмады", – делінген жауапта.
Алина Галееваның түсіндіруінше, лауазымға қабылдау рәсімі жоғары оқу орындарында белгіленген тәртіпке сәйкес тұрақты түрде жүргізіледі. Арнайы құрылған конкурстық комиссия өтініш берушілердің ғылыми және оқу-әдістемелік еңбектерін, педагогикалық тәжірибесі мен дәріс беру біліктілігін және өзге де белгіленген талаптарға сәйкестігін бағалау негізінде шешім қабылдайды.
"Аталған рәсімдер қолданыстағы заңнамаға және университеттің ішкі нормативтік құжаттарына сәйкес жүзеге асырылады", – деді Алина Галеева.
Еске салайық, Facebook желісінде жазған постында Темірғали Көпбай журналистика факультетінде 12-32 жыл аралығында дәріс берген оқытушылардың қызметтен шеттетілуін сынға алған. Төрт оқытушының қатарында ақын Темірғали Көпбайдың өзінен бөлек, филология ғылымдарының докторы Кәкен Қамзин, ақын, ғалым Мұрат Шаймаран және сатирик жазушы Ермахан Шайхы бар.
Пост авторы аталған оқытушылардың қызметтен кетуін олардың факультеттегі басқару шешімдеріне қарсы шығып, басшылыққа сауатты адамның тағайындалуын талап етуінен кейінгі қудалаумен байланыстырады.
"Бұл жағдай факультет дамуының перспективалық бағыттарын ілгерілетуге сөзсіз кесірін тигізді. Біріншіден, бұл әрекет факультеттің қоғамдық және академиялық беделіне нұқсан келтірді. Екіншіден, бұқаралық ақпарат құралдары саласын дамыту стратегиясына, журналистика ғылымының дамуына және жас мамандарды даярлау ісіне залалын тигізді", – деп жазды Темірғали Көпбай.
Бұған дейін әлеуметтік желі қолданушылары оқытушы Мұрат Шаймаранның факультеттен кететініне қарсылық танытқан болатын. Университет өкілдерінің түсіндіруінше, Мұрат Шаймаран іріктеу байқауынан өте алмаған.