Қазақстанда суррогат аналардың шетел азаматтарына бала туып беруіне тыйым салынады

Фото: Depositphotos.com
Фото: Depositphotos.com
Мұндай тәртіп "Неке және отбасы туралы" кодекске енгізіледі.

Қазақстанда суррогат аналарға тек ел азаматтарының тапсырыс беруіне рұқсат ететін өзгертулерді "Неке және отбасы туралы" кодекске енгізу жоспарланып отыр. Бұл туралы үкімет басшысының орынбасары Қанат Бозымбаевтың мәжіліс депутаттарына берген жауабында айтылған. 

Еске салайық, 2025 жылғы желтоқсанда депутаттар осы мәселені көтеріп, үкіметке сауал жолдаса, премьер-министрдің орынбасары биыл жыл басында осы тақырыпта жиын өткізді. 

"Бүгінгі таңда заңнамаға сәйкес суррогат аналарға тапсырысты Қазақстан Республикасының азаматтары да, шетел азаматтары да бере алады. Алайда халықаралық суррогат ана болу тәжірибесінде түрлі жанжалдар мен сот процестері туындап отыр. Осыған байланысты қазіргі уақытта Қазақстан аумағында суррогат ана қызметтерін тек Қазақстан азаматтарына ғана көрсетуге рұқсат ету жөніндегі норманы заң жүзінде бекіту қажет", – делінген Қанат Бозымбаевтың жауабында. 

Оның түсіндіруінше, Денсаулық сақтау министрлігі "Неке және отбасы туралы" кодексіне қажетті өзгертулерді әзірлеп қойған. Бұл мәселе енді мүдделі мемлекеттік органдармен келісу сатысында тұр. Содан соң түзетулер белгіленген тәртіппен Парламентке енгізіледі. 

Серіктестер жаңалықтары