Үкімет басшысы Олжас Бектенов мәжіліс депутаттарына берген жауабында коуч тақырыбына қатысты түсініктеме берді.
Оның айтуынша, "Кәсіби біліктіліктер туралы" заңнамаға сәйкес, коучтар не жоғары білімге не арнайы сертификатқа ие болуы тиіс. Алайда, Қазақстан әзірге тек екі халықаралық сертификатты ғана мойындайды. Олар:
- ICF (International Coaching Federation);
- ACU (Association for Coaching University).
"Бұл сертификаттар кәсіби түрде коучингпен айналысу құқығын береді. Коучтар өзінің біліктілігін жоғары білімімен немесе осы аталған сертификаттарымен растауы тиіс", – делінген Олжас Бектеновтің жауабында.
Біліктілігін растау үшін коуч үздіксіз кәсіби дамуы керек. Атап айтқанда, әр үш жыл сайын кемі 40 сағаттан тұратын арнайы коуч оқуынан өтуі шарт.
"Коуч өз қызметінде кәсіби қауымдастық не федерацияның әдеп кодексінің талаптарын сақтауы және адалдық, тең құқылық, алаламаушылық қағидаларын ұстануы қажет. Осы мақсатта биіл медиаторлардың әдеп кодексі әзірленіп жатыр. Бұл құжат медиация институтына деген сенімді күшейтуге және сыйластыққа негізделген қарым-қатынасты дамытуға бағытталған", – деді Олжас Бектенов.
Айта кетейік, қоғамда өзін заңды-заңсыз коуч деп атап, онлайн және офлайн форматта түрлі семинарлар жүргізетін адамдардың көбеюі қоғам наразылығын тудырған болатын. Бұл мәселе Мәжіліс мінберінде де көтеріліп, депутаттық сауалға арқау болды.

