Тікелей эфир

"Позитив ойдың өзі – ауруды 50% жеңдім деген сөз". Психикалық денсаулық орталығының директоры комедия көруге кеңес берді

Орталық жетекшісі Сапар Рахменшеев коронавирустан қалай емделгені туралы айтты.

Алматы қаласындағы психикалық денсаулық орталығының директоры Сапар Рахменшеев Covid-19 жұқтырғанда бойында қандай қорқыныш болғанын баяндады. Сондай-ақ, ол ем алып шыққан науқастарға позитивті ойлап, комедиялық фильмдер көруге кеңес берді. 

"Міндетті түрде дәрі-дәрмексіз емдейтін психологтардан консультация алып, олармен байланыста болу қажет. Кей науқас емделіп шыққан соң, вирус жұқтырудың теріс жақтары, жағдайдың нашарлауы туралы оқи бастайды. Бұлай жасауға кеңес бермейтін едім. Керісінше ойды жақсы жаққа бұру қажет. Яғни таза ауада көбірек жүріп, көркем әдебиет пен өзге кітаптарды оқып, комедиялық фильмдер көріп дегендей. Мұның барлығы да бізге психикалық денсаулығымызды жылдам қалыпқа келтіруге көмектеседі. Әйтпесе, "коронавирустан қанша адам өлді, қаншасының жағдайы ауырлап кетті" деген ақпараттар көмектеспейді. Бұл тек науқастың бойындағы қорқынышты еселейді", – деді Сапар Рахменшеев. 

Әрі қарай орталық жетекшісі коронавирус жұқтырған кезде өзін қалай ұстағанын айтып берді. Алғаш инфекция жұқтырғаны туралы естігенде бойын үрей билегенін жасырмады. 

"ПТР-тест нәтижесінің оң екенін білген кезде іштей қорқыныш пайда болды. 2 минуттай ойланып отырып қалдым. Кейін жинақталып, өз-өзіме емделуім қажет екенін айттым. Инфекциялық стационарға жатқызып, сол жерде дәрігер ем тағайындады. Не істеу керегін, дәріні қай кезде ішу керегін айтқан кезде құлақ астым. Ем ойдағыдай өтті. Қазір бізге келіп түскен науқастардың дүрбелеңге салынатынын байқадым. Әсіресе, әйелдер арасында жиі кездеседі. Арасында ерлер де бар. Негізінен оларда "өліп кетуім мүмкін", "маған тиісті деңгейде көмек көрсетілмейді" деген қорқыныш бар. Ал кейбіреуі, тіпті, өзінің диагнозын қабылдамайды. "Бұл менің анализім емес, сіз қателескен шығарсыз" деп емге қарсылық көрсетеді. ПТР-тесті мен компьютерлік томографияның оң нәтижесін көрсеткен кезде ғана шындықты қабылдайды", – деді маман. 

Мұнымен қатар, Сапар Рахменшеев бастысы жақсылық туралы ойлау екеніне тоқталды. Айтуынша, позитивті ойлаудың өзі – ем 50% сәтті өтті дегенді білдіреді. 

Еске салсақ, психикалық денсаулық орталығының жетекшісі Сапар Рахменшеев екпе алмаған науқастардың өкініп, туыстарын телефон арқылы үгіттеп жатқаны туралы айтты. 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары