Тікелей эфир

Өскеменде науқастар тозығы жеткен ауруханада ем алуға мәжбүр

Диагностикалық бөлімді жаңғырту жобасына 250 млн теңге қарастырылған.

Өскемендегі №1 аурухананың әбден тозығы жеткен. Қазір ғимараттың ішкі сылақтары опырылып, есіктері қирап тұр. Ал тұрғындар мұндай ескірген ауруханада сапалы қызмет көрсетілмейтінін айтады, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Ақысын төлесе де, мұндағы қызметке көңілі толмағандар шағымдарын облыс әкімі Даниал Ахметовке жолдады. Қолданысқа берілгеніне қырық жылға таяған ғимараттың ішіндегі ахуалды тұрғындар түсіріп, әлеуметтік желіге жолдаған. Шағымданушылар облыс әкімінен аурухананы дереу жөндеп беруін талап етеді. Өйткені, осыдан үш ай бұрын Даниал Ахметов бұл аурухананы қалыпқа келтіруге бюджеттен қаражат бөлінетіні туралы айтқан болатын.

"Диагностикалық бөлімді модернизациялау мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алған. Жоба бойынша бұған 250 млн теңге қарастырылған. Бүгінгі таңда мердігерлік ұйымды анықтау бойынша конкурс жарияланды. Конкурстық үрдістер біткеннен кейін құрылыс жұмыстары басталады. Жөндеу жұмыстары 5 ай ішінде аяқталады", – дейді ШҚО Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы бөлімінің басшысы Әлішер Бекен.

Серіктестер жаңалықтары