Тікелей эфир

3х3 баскетболынан Almaty Quest жеңімпаздары анықталды

Халықаралық турнирге 6 қазақстандық және 10 шетелдік команда қатысты.

Алматы қаласында 3х3 баскетболынан Almaty Quest халықаралық турнирі өз мәресіне жетті. Финалдық ойында ресейлік "Руна" командасы катарлық Al Shamal клубынан басым түсіп, турнирдің жеңімпазы атанды. Үшінші орын сарапқа салынған ойында Беларусь елінен келген "Минск" командасы қазақстандық IMS Astana командасын жеңіп, қола жүлдеге ие болды.

Марапаттау рәсімінде ФИБА 3х3 басқарушы директоры Алекс Санчез сөз сөйлеп, турнирдің жоғары деңгейде өткенін атап өтті. Турнирдің жеңімпаздары мен жүлдегерлерін Алматы қалалық спорт басқармасы басшысының орынбасары Бекжан Онжан, Ұлттық баскетбол федерациясының президенті Абай Алпамысов марапаттады.

"Турнир тамаша өтті. Ұйымдастыру деңгейі өте жоғары. Бәрі де жеңіске лайық командалар. Алматының табиғаты қатты ұнады. Қазақстанға қайта келеміз деп ойлаймыз", – деп Al Shamal ойыншылары турнир туралы пікір білдірді.

Турнир жеңімпаздары / Фото: nbf.kz

Almaty Quest жеңімпазы атанған "Руна" командасының жаттықтырушысы Анатолий Лаптев барлық командаға қолдау көрсеткен жанкүйерлер таң қалдырғанын айтты. "Минск" командасының ойыншысы Максим Коратцов та қазақстандықтардың жылы қабылдағанын атап өтті. 

"Жанкүйерлердің қолдауын сездік. Финалға жетпегеніміз болмаса, бәрі керемет өтті. 3x3 баскетболында айқын мықтылар болмайды. Шапшаң спорт болғандықтан соңғы секундтарда жеңісті жұлып алуы әбден мүмкін. Турнирде барлық команда жақсы ойнады. Жігіттер мықты. Алматы өте әдемі қала екен. Тауға бардық. Қаланың өзін аралап үлгермедік. Алматыға жолымыз түседі деп үміттемен", – деді Максим Коратцов.

Фото: nbf.kz

Almaty Quest турниріне 6 қазақстандық және 10 шетелдік команда қатысты. Ресей, Беларусь елі, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Катардан баскетбол командалары келді. Катарлық Al Shamal клубы Chengdu Masters әлемдік турына жолдама алды. Shoot-out Contest жеңімпазы – Ривхат Бабекенов. Ал Slam Dunk Contest шоуында Руслан Лигай үздік деп танылды. 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары