2026 жылдың жаз айларында қазақстандықтар республикалық маңызы бар ақылы жолдармен 25,8 млн-нан астам рет жүрген. Бұл туралы "ҚазАвтоЖол" хабарлады.
1 маусым мен 31 тамыз аралығында елдегі республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының 28 ақылы учаскесінде 25 818 167 көлік жүріп өту дерегі тіркелген. Үш айда тәулігіне орта есеппен 281 мыңға жуық көлік ақылы жолдарды пайдаланған.
Жаз айларындағы ең жоғары трафик "Алматы – Қонаев" учаскесінде тіркелді. Бұл жолмен үш айда 4,3 млн-нан астам көлік жүрген.
Екінші орында "Шымкент – Өзбекстан Республикасының шекарасы" бағыты – 2,68 млн көлік. Үшінші орында "Шымкент – Тараз" учаскесі тұр. Мұнда 1,87 млн көлік жүріп өткен.
Сондай-ақ "Тараз – Қайнар", "Астана – Теміртау", "Астана – Щучинск", "Шымкент – Қызылорда" және "Қонаев – Талдықорған" бағыттарында да көлік қозғалысы жоғары болған.
Ең көп сұранысқа ие 10 ақылы учаскенің өзінде 18,2 млн-нан астам көлік жүрген. Бұл жазғы трафиктің шамамен 71%-ын құрайды.
"ҚазАвтоЖол" мәліметінше, көлік қозғалысының жоғары болуы еліміздің ірі қалаларын байланыстыратын жолдармен қатар, туристік және демалыс орындарына апаратын бағыттарға да сұраныстың артқанын көрсетеді.
Жазда көлік көп жүрген туристік бағыттардың қатарында:
- Алматы – Қонаев;
- Астана – Щучинск;
- Щучинск – Көкшетау;
- Қарағанды – Балқаш;
- Қызылорда – Арал;
- Үшарал – Достық.
"ҚазАвтоЖол" жазғы трафик көрсеткіштері автокөліктің Қазақстан ішінде қатынаудың негізгі құралдарының бірі болып отырғанын атап өтті.