Ашық НҚА порталында "Отбасы банкі" тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" акционерлік қоғамына ұлттық даму институты мәртебесін беру туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметі қаулысының жобасы жария талқыға ұсынылды.
Қаулы жобасына сәйкес, даму институты тұрғын үй жағдайларын жақсартуға бағытталған мемлекеттік қолдау шараларын іске асырумен айналысады. Бұл ретте Отбасы банкіне азаматтарды есепке қою және оны жүргізу, сондай-ақ тұрғын үйді бөлу жөніндегі жергілікті атқарушы органдардың функциялары беріледі.
Бұл өзгеріске 30 қазанда ҚР Парламентінің Мәжілісі қабылдаған "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы негіз болып отыр.
Оқи отырыңыз:
- Отбасы банкі: Жас ғалымдардың ай сайынғы ипотекалық төлемі тоғызыншы жылдан бастап азаяды
- 2024 жыл соңына дейін қалай баспана алуға болады? Тұрғын үй бағдарламаларына шолу
Еске салайық, 2023 жылы бұл мәселе Мәжілісте талқыланған кезінде бірқатар депутат Отбасы банкін екінші деңгейлі банктер қатарынан шығару жөніндегі Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің ұсынысына қарсы болған еді. Өйткені, бұл жағдайда Отбасы банкі депозиттерді кепілдендіру жүйесінен шығып қалады. Кейін министрлік Отбасы банкі даму институтына айналған жағдайда екінші деңгейлі банк функцияларын сақтап қалатынын мәлімдеді.