Жамбыл облысының орталығы Тараз қаласында биыл 1 қыркүйекте лентасы қиып, салатанатты түрде ашылған №61 мектеп қазір жұмыс істеп тұрған жоқ. Мектеп әлі бірде-бір шәкірт оқытып жатқан жоқ, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Ал облыс пен қала басшылығының өкілдері шақырылған мектептің ашылу рәсіміне қаладағы басқа, №50 орта мектептің оқушылары мен мұғалімдері қатысқаны белгілі болды. Салтанатты жиында сөз сөйлеген облыстық мәслихат хатшысы Махметғали Сарыбеков мектепті аралап шыққанын айтқан:
"600 орындық керемет мектеп. 4 компьютерлік класы бар. Шеберханасы бар. Спорт залы бар. Кітапханасы бар. Балаларға барлық жағдай жасалған".
Оқи отырыңыз: Түркістан облысының 50-ге жуық мектебінде ішкі әжетхана жоқ. Министр уәдесі неге орындалмады
Дегенмен, бұл рәсім әдемі қойылым ғана болып шыққан. Оқу орны бала қабылдауға әлі дайын еместігінен бөлек, тіпті білім басқармасының қарамағына өтпеген. Ал мектептің ашылу рәсіміне неге №50 орта мектеп оқушылары мен мұғалімдері қатысқанын осы оқу орнының директоры Қарлығаш Қасымбаева түсіндіре алмады. Оның жауабын сол қалпында беріп отырмыз:
"Бірінші сентябрде ашылды. Пока мұғалімдердің конкурсы болғанша... Ойбай, оны айтуға я же не умею права. Қазір, мен бір минут сөйлесіп алайыншы. Ойымды жинақтап алайын".
Сұхбат осылай мүлде үзілген. Ал балалары жаңа мектепке баруы тиіс болған Қайнар алқабының тұрғындары қойылым ұйымдастырып, елді алдаған қала басшылығына наразы.
"Жауапкершілік жоқ. Мектепті ашып, бала қабылдамауы халықты алдау шығар", – дейді ата-аналардың бірі Әсел Игілікова.
№61 жаңа мектеп су, жарық жүйесіне жалғанбаған. Бұл турасында 31 арна тілшілері облыстық білім басқармасынан да, Тараз қаласы әкімдігінен де мардымды жауап ала алмады.