Тікелей эфир

"Болашақ" студенттері АҚШ-та қазақтар құрылтайын өткізеді

Фото Дархан Мұңайтпасовтың жеке архивінен
Фото Дархан Мұңайтпасовтың жеке архивінен
Нью-Йорк университетінде қазақ студенттері ашқан Nomad Club жетекшісі Informburo.kz тілшісіне құрылтайдың мақсаты мен ұйымдастыру барысы туралы айтты.

Көшпенділер клубы не үшін құрылды?

Нью-Йорк университетінде қазақ мәдениеті мен дәстүрін дәріптейтін ұйым бар. Ол Nomad Club деп аталады. Оны "Болашақ" бағдарламасымен оқуға келген қазақ студенттері ұйымдастырып отыр.

Nomad Club президенті Дархан Мұңайтпасов Нью-Йорк университетінде қаржы саласы бойынша магистрлік білім алған. Ол - осы университет қабырғасында өткізілетін қазақ тілі курсын ұйымдастырушылардың бірі.

"Қазақ тілі курсын өткізуге университет әкімшілігіне апта сайын кабинет сұрайтынбыз. Ол кейде бос болмайтын. Сол себепті де студенттер клубын құруға шештік. Себебі ұйым атынан тұрақты түрде бір кабинетті бір жылға бекітіп қоюға болады", – дейді ол.


Дархан университеттегі қоғамдық жұмыстармен қатар спортқа қызығады. Ол жақында дзюдо бойынша университет аралық жарыстан жүлделі қайтты

Дархан университеттегі қоғамдық жұмыстармен қатар спортпен де шұғылданады. Ол жақында дзюдодан университетаралық жарыста жүлде алды/ Фото Informburo.kz


Қазақ мәдениеті мен дәстүрін дәріптеу және қазақ тілін оқыту бүгінгі Nomad клубының негізгі мақсаты болып отыр. Сонымен бірге клуб қайырымдылықпен де айналысады екен.

Қазақ тілінен басқа да мәселелер бар

Nomad клубы қазақ тілі курстарын ұйымдастырудан басталған еді. Қазір клуб жетекшілері домбыра тарту мен пианинода ойнауды үйрететін үйірмелер ашып отыр. Сонымен қатар "Қамажай" деп аталатын балалар би үйірмесін құрмақшы. Қазақтың дәстүрлі мейрамдарын атап өту де іс-шаралар қатарына енгізілген.

Нью-Йорктағы қазақ студенттері бұған дейін Наурыз мерекесі мен 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнін атап өткен.


Апта сайын өтетін қазақ тілі сабағынан кейінгі сәт

Апта сайын өтетін қазақ тілі сабағынан кейінгі сәт / Фото Informburo.kz


"Әр шара өткізер алдында университет студенттеріне хабарландыру таратамыз. Өзге ұлт өкілдері келіп, Қазақстанмен танысады. Ал біз ұлттық оюы бар киім киіп, оларға бауырсақ және басқа ұлттық тағамдардан дәм татып көруге шақырамыз", – дейді отандасымыз.

Дархан Нью-Йорк сияқты алып қалада қазақтың мәдени орталығы болуы керек деп есептейді. Сол үшін де қазақ азаматарының басын қосып, осы және басқа да ортақ мәселелерді талқыға салуы керек.

Құрылтай ұйымдастырудың себебі неде?

Дарханның айтуынша, АҚШ-та тұратын қазақтардың саны бірнеше мыңнан асады. Нақты статистика болмағанымен кез келген үлкен қалада қазақтар қауымдастығы бар.

"АҚШ-та қазақтар көп. Оны әлеуметтік желілердегі қазақ қауымдастықтары арқылы-ақ біле беруге болады. Меніңше, оларды жұмылдыру керек. Сол үшін де құрылтай ұйымдастырғымыз келеді", – дейді ол.

Дарханның айтуынша, құрылтай өткізудегі мақсат – қазақтардың бір-бірімен танысуына мүмкіндік жасау және оларға қажет кезде қолдау білдіру.


Nomad клубы Нью-Йорк университетіндегі үздік студенттік ұйымдардың қатарынан табылды

Nomad клубы Нью-Йорк университетіндегі студенттердің үздік ұйымдарының қатарында/ Фото Дарханның жеке архивінен


"Мұндағы қазақтар бір-біріне жоғары деңгейде қолдау білдіреді. Оны біз көмекке зәру отандастарымызға жасалып жатқан қолдаудан білеміз. Бірақ АҚШ-тың әр аймағындағы немесе әр үлкен қаласындағы қазақтар өзара танысып, көбірек араласса, диаспора деңгейіне жетеді", – дейді ол.

"Болашақ" студентінің айтуынша, АҚШ-тағы қазақтар ұйымшыл. Қазақтар әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы мәселелерін оңай әрі тез шеше алады.

"Мысалы, екі ай бұрын АҚШ-тың Огайо штатында Қанат есімді отандасымыз көлік апатынан қайтыс болды. Оның денесін Қазақстанға жеткізу үшін қомақты қаражат қажет болды. Сол кезде отандастарымыз жедел түрде онлайн қайырымдылық платформасын құрып, екі күнде 20 доллар жинады", – дейді ол.

Құрылтайға қанша қазақ келеді?

Nomad клубына әзірше 70 студент мүше. Олардың қатарында американдар мен өзге елдерден келген студенттер бар.


Nomad клубы ұйымдастырған қайырымдылық кеші

Nomad клубы ұйымдастырған қайырымдылық кеші/ Фото Дарханның жеке архивінен


"Құрылтайға әзірше нақты қанша адам келетінін айту қиын. Себебі әр штаттағы қазақтармен байланысты енді орнатып жатырмыз. Олардың Нью-Йоркқа келуіне де біршама қаржы қажет болары анық. Бірақ бізді қолдаушылар көп болса, қазақтардың басын біріктіреміз деп сенемін. Менің ойымша, құрылтайға кем дегенде 300 адам қатысады", – дейді ол.

Дархан құрылтайға қатысуға ниет білдірген барша қазақ келе алатынын айтты. Сонымен бірге АҚШ-тың әр үлкен қаласындағы белсенді отандастарымыз арнайы сөз сөйлеуге тағайындалады. Жоспар бойынша қазақ белсенділері жиын мәселелерін талқылайды.

"АҚШ-та түрлі ұлттың диаспоралары бар. Олардың арасында әсіресе еврейлер мен армяндар қауымдастығы белсенді жұмыс істейді. Елге енді келген отандастарына жан-жақты қолдау білдіреді. Біз де осы бағытта әрекет етуіміз керек. Қазақтар бір-бірін танып, ұйымдаса алса, біріне-бірі қолдау жасай алса, оның еш жамандығы жоқ", – дейді Дархан Мұңайтпасов.

АҚШ-тағы қазақтар Арысқа қолдау білдірді

АҚШ-тағы қазақстандықтар маусым айының соңғы аптасында Арыста болған жарылыстан зардап шеккендерге де қолдау білдірді.


Студенттер клубы қазақ тілінен бөлек тарихи және мәдени ағартушылық сабақтарын да жүргізеді

Студенттер клубы қазақ тілінен бөлек тарихи және мәдени ағартушылық сабақтарын да жүргізеді / Фото: Informburo.kz


"АҚШ-тағы қазақстандықтар әлеуметтік желілерде көп топ ашқан. Арыста зардап шеккендерге көмек ретінде қаржы жинау мәселелері сол топтардың бәрінде талқыланды. Адамдар банк карталары арқылы ақша аударды", – дейді Дархан.

Дарханның айтуынша, АҚШ-та елде болған қиын жағдайға бейжай қарамаған отандастарымыз көп болды.

"Шындығында қанша қаржы жиналғанын нақты білмеймін. Себебі әртүрлі картаға ақша жібердік. Мұнда өзінің бір жұмыс күнінің жалақысын берген қазақстандықтар болды. Оларға ризашылығымды білдіремін", – дейді ол.

Мәдени орталық не үшін керек?

Дарханның айтуынша, Нью-Йорк университетіндегі Nomad клубы студенттер деңгейінде ғана қалып қоймай, болашақта АҚШ-тағы отандастарымыздың бәрінің басын біріктіретін мәдени орталыққа айналуға тиіс.

"Орталықтағы қазақ тілі курсы, домбыра және би үйірмелері АҚШ-та туған қазақтардың арғы тегін ұмытпауына түрткі болады. Қазақ тілін үйренуге Қазақстаннан асырап алынған балалар да келеді. Олардың америкалық әке-шешесінің сондай шешіміне қуанамын. Олар да баласының тегін ұмытпағанын маңызды деп отыр", – дейді ол.

Басты мақсат – қазақстандықтарды қолдау

Nomad клубы мүшелері осы жылдың мамыр айында АҚШ-тың Флорида штатындағы Майами қаласында оқитын отандасымыз Аружан Төлеубайға қаржылай көмек беру үшін қайырымдылық шарасын ұйымдастырды.

"Қайырымдылық шарасына халықаралық байқаулардың лауреаты, дарынды пианиношы Иван Гусев, қазақтың дәстүрлі әндерін орындаушы әрі журналист Тәуірбек Бозекенов, тағы да басқа дарынды қазақстандықтар атсалысты. Кешке келген шетел студенттері де қазақ әнін тыңдап, қазақтармен жақын танысып қайтты. Ал біз Аружанға қаржы жинадық", – дейді ол.


Қазақ тілі сабағы барысы

Қазақ тілі сабағы барысы / Фото: Informburo.kz


Дархан қайырымдылық кешінен түскен бар қаржыны Аружан Төлеутайға жібергенін айтады. Отандасымыз қазір Майами қалалық ауруханасында емделіп жатыр.

АҚШ-те қазақтар белсенді бола бастады

Нью-Йорктағы белсенді қазақтардың бірі Талғат Әбдірахманов та мұндай шаралардың көп болғанын қолдайды. Талғат алып қаладағы KazCommunity USA қауымдастығының жетекшісі. Ұйымның әлеуметтік желілердегі топтарында отандастарымыздың әртүрлі мәселесі талқыланады.

"АҚШ-тың Техас штатындағы Хьюстон қаласында қазақтар көп. Сол қалада қазақтың мәдени орталығы ашылған. Ал жақында Флорида штатында қазақтар жиыны өтті. Батыс бөліктегі үлкен қалаларда да қазақтар бүгінде көп шоғырланған. Олардың бірге бас қосуы қашан да қуантады", – дейді Талғат.

Талғаттың өзі де Нью-Йоркта түрлі шара ұйымдастырады. Қазақстанның Тәуелсіздік күнінде де қазақтардың басын қосуды жоспарлап жүр. Nomad клубы шақырып жатса, атсалысуға дайын екенін айтты.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары