Тікелей эфир

Президент отставкасы, Арыстағы жарылыс, әуе апаты. 2019 жыл Қазақстанда несімен есте қалды?

Фото informburo.kz
Фото informburo.kz
2019 жылы еліміздің қоғамдық-саяси һәм әлеуметтік өмірінде көптеген шулы оқиға болды. Олардың ең негізгілеріне тоқталдық.

Жастар жылы

2019 жыл – Жастар жылы болып жарияланды. 23 қаңтар күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жастар жылының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. Жиында Елбасы Үкіметке тиісті тапсырмалар беріп, осы жылы жастар жұмысының жандануы керегін айтқан еді. Назарбаев өз сөзінде грант пен жатақхана саны артатынын, "Жас маман" бағдарламасының жүзеге асатынын (жоба 3 жылда 200 мың жасты қамтуы тиіс), жас ғалымдар өрісінің кеңейетінін және ерікті жастар санын көбейту керектігін айтты.

Оқи отырыңыз: Билік басындағы бір жыл. Президент Тоқаев қабылдаған маңызды шешімдер

Ал желтоқсан айында өткен Жастар жылының жабылу рәсімінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы 1 қаңтардан бастап бакалавр, магистратура және доктарантура студенттерінің шәкіртақысы 25 пайызға өсетінін хабарлады. Сондай-ақ президент жастарды қолдауға арналған бірыңғай кешенді бағдарлама құруды да тапсырды. Ол жастардың барлық санатын қамтып, өзекті мәселелерді шешуге бағытталмақ. Шаруаны Үкімет орындайды. Бұған қатысты заң жобасы 2021 жылы дайын болуы тиіс.

Оқи отырыңыз: Жастар жылының қорытындысы: қандай бастамалар жүзеге асты?

Бес қыздың өлімі

4 ақпанға қараған түні елорда іргесіндегі "Көктал-1" тұрғын үй массивіндегі жер үй өртеніп, бес қыз жанып кетті. Қайғылы оқиға кезінде олардың ата-анасы жұмыста болған. Түнгі екі жарымда оқиға орнына келген құтқарушылар мен өрт сөндірушілер қыздарды аман алып қала алмады.

Қаза болған балалардың әкесі Евгений Ситер техникалық қызмет көрсету орталығында жұмыс істейді. Бірнеше жылдан бері көлік жөндеумен айналысады екен. Трагедия болған түні де жұмыстан шұғыл шақырту алып, кетіп қалған. Ал анасы Жанымкүл Ситер полиэтилен кәсіпорындарының бірінде түнгі ауысымда жұмыс істеген.

Маусым айында бес қыздың өліміне қатысты қылмыстық іс тоқтатылды.

21 мың теңге

Елордадағы бес қыздың өлімінен кейін әлеуметтік аз қамтылған және көп балалы отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек – 21 мың теңге жәрдемақы берілетіні хабарланды. Мұндай мәлімдемені Нұрсұлтан Назарбаев 27 ақпан күні "Нұр Отан" партиясының XVIII съезінде айтты.

Кейінірек Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев "Күнкөріс деңгейі шілдеден бастап 20 789 теңгеге көтеріледі. Яғни, 1 шілдеден бастап атаулы әлеуметтік көмекті алатындар саны 260 мыңға адамға көбейіп, 571 мыңнан 830 мың адамға дейін артады", – деп мәлімдеді.

Кейінірек бұл мәселенің жыры көбейіп, ақша алу үшін түрлі қитұрқы амалдарға барған жағдайлар да кездесті. Соған орай арнайы комиссия отбасының шын мәнінде әлеуметтік жағдайы төмен екенін анықтап, бұл мәселе қоғамда шу тудырды.

Президент отставкасы

19 наурыз күні Президент Нұрсұлтан Назарбаев отандық телевизия тікелей эфирінде мәлімдеме жасап, президенттік өкілеттілігін тоқтататынын жариялады. Ол осылайша, Орта Азия елдерінің ішінде өз еркімен биліктен кеткен алғашқы президент атанды. Дегенмен Назарбаевтың Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы, "Нұр Отан" партиясының көшбасшысы, Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы, Конституциялық кеңес мүшесі және Елбасы – Ұлт көшбасшысы сияқты лауазымдары сақталып қалды. Тікелей эфир кезінде ол президенттік лауазымды Конституция тәртібі бойынша Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевқа табыстайтынын айтты.


Тоқаев астана атауын өзгерту туралы жарлыққа 23 наурыз күні қол қойды

Тоқаев астана атауын өзгерту туралы жарлыққа 23 наурызда қол қойды / Фото іnformburo.kz


Келесі күні Қасым-Жомарт Тоқаев парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына ант беріп, ресми түрде президент қызметіне кірісті.

Осы салтанатты рәсім кезінде Тоқаев Астана атауының Нұр-Сұлтан болып өзгеретінін жария етті. Бұл мәселе бүкіл халықтық референдумда талқыға салынған жоқ. Есесіне бұл мәселе желіде қызу талқыға түсті.

Сонымен қатар, әр облыс орталығындағы орталық көшелерге Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі берілді.

Президент сайлауы


Бұл Нұрсұлтан Назарбаев қатыспаған алғашқы президент сайлауы

Қазақстанның президенті Қасым-Жомарт Тоқаев / Фото іnformburo.kz


9 маусым күні елде кезектен тыс Президент сайлауы өтті. Мемлекет басшысы лауазымына 7 адам таласты. Олар – Жамбыл Ахметбеков (Коммунистік халық партиясы), Дания Еспаева ("Ақ жол"), Әміржан Қосанов ("Ұлт тағдыры" ұлттық-патриоттық қозғалысы), Төлеутай Рахымбеков ("Ауыл"), Амангелді Таспихов (Қазақстан кәсіподақтар федерациясы), Сәдібек Түгел ("Ұлы дала қырандары" қоғамдық бірлестігі) және Қасым-Жомарт Тоқаев ("Нұр Отан" партиясы).

Сайлауда Тоқаев сайлаушылардың 70,96 пайыз дауысына ие болып, жеңіп шықты. 12 маусым күні ел тарихындағы екінші президентті ұлықтау рәсімі өтті.

Оқи отырыңыз: Президент митингте кездейсоқ болғандарды босатуды тапсырды. Жаңалықтарға шолу

Митингтер

Сайлау күні және оның ертеңіне де Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында наразылық акциясы өтті. Жиналғандар елдегі саяси жағдайларға көңілдері толмайтынын айтып, сайлау нәтижесіне қарсылық білдірген. Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожатаевтың айтуынша, 9 маусым күні 500-ге жуық адам ұсталған. Олардың ішінде журналистер де бар. Ал 18 маусымға таман бүкіл Қазақстан бойынша төрт мыңға жуық адам ұсталған.


Наразылық болған екі күнде екі қалада мыңға тарта адам ұсталған

Наразылық болған екі күнде екі қалада мыңға тарта адам ұсталған / Фото REUTERS


10 маусым күні Алматыда айтыскер ақын Ринат Зайытовтың ұсталуы көпшіліктің тағы да алаңға шығуына себеп болып, ұрандатқан жастар таңға дейін қала көшелерінде жүрді. Нәтижесінде, кей жерлерде жаппай тәртіпсіздіктер орын алды. Кейінірек президент Қасым-Жомарт Тоқаев митингке шығушыларды ортақ диалогқа шақырды.

Митинг тек сайлау күндері ғана емес, оған дейін де (1-2 мамыр), одан кейін де (6 шілде; 26 қазан) болды. Қыркүйек айында Қазақстан халқына жолдау жасаған президент көшеге шығып, наразылық білдіруге рұқсат беретін заң қабылданатынын мәлімдеді.

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі

Президент 12 маусымда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру туралы жарлыққа қол қойды. Президент жанынан құрылған кеңеске депутат, қоғам қайраткерлері, журналист, қоғам белсенділері, заңгерлер енген. Жалпы, кеңес құрамына 44 адам, балалар құқығын қорғау бойынша 3 омбудсмен кірген.

Президенттің айтуынша, бұл кеңестің басты міндеті – қоғамда болып жатқан өзекті мәселелерді талдап, зерттеп, тиісті ұсыныстар жасау, қоғамды оң бағытқа қарай өзгерту, түйткілді проблемаларды шешуге ықпал жасау, азаматтар пікірін ескеру және азаматтық қоғам қалыптастыру.

20 желтоқсан күні кеңестің екінші отырысы өтіп, оған президент те қатысты. Онда игерілмей жатқан жерлер, шағын және орта бизнесті дамыту, көпбалалы отбасыларға көмек, саяси жүйенің реформалануы сияқты мәселелер көтерілген.

Арыстағы жарылыс

24 маусым күні қазақ елі тағы да ауыр қайғыға душар болды. Арыс қаласындағы әскери қоймада жарылыс болып, ол бүкіл Арыс қаласын қамтыды. Қоймада сақтаулы тұрған аса қауіпті оқ дәрілер атылып, тұрғын үйлерді түгелге жуық қиратып тастады.


Арыс қаласында қирап қалған ғимараттар

Арыс қаласында қирап қалған ғимараттар / Фото informburo.kz


Халық қаланы тастап қашты. Есеңгіреген елдің арасында ата-анасынан айырылған бала мен баласынан көз жазып қалған ана көп болды. Шұғыл жағдай жарияланды. Президент Тоқаев сол күні кешке Арыс қаласына ұшып барып, тұрғындар қоныстандырылған уақытша лагерде болды.

Оқи отырыңыз: Арысқа оралған тұрғындардың жаңа өмірі...

Бейресми дерек бойынша қаза тапқандар саны әлдеқайда көп болуы мүмкін. Ресми дерек бойынша, бір ересек адам, бір бала және ек і әскери қаза тапқан. Қалада 466 үй мен 258 нысан қирап қалған.

Сол күні 71 адам медициналық көмекке жүгінген. Оның 48-і Шымкент пен Ордабасыдағы клиинкаларға жеткізілді. 15 адам ауыр жарақатпен ауруханаға апарылған.

Төтенше жағдай бойынша Қылмыстық кодекс (462-бап, 1-бөлім) негізінде "Қару-жарақпен, сондай-ақ айналадағыларға қауіп төндіретін заттармен және нәрселермен жұмыс істеу қағиадаларын бұзу" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Несиелер кешірілді

26 маусым күні президент жеке тұлғалар үшін несие амнистиясын жариялады. Ол бойынша өмірлік ауыр жағдайларға тап болған қазақстандықтардың банктерге берешегі кешірілді.

Президент бұйрығы бойынша, Бұл үшін бюджеттен 110 млрд теңге бөлінген. Көмек бірінші кезекте көпбалалы, асыраушысынан айырылған, мүгедек балалары бар, атаулы көмек алатын отбасыларға; 2019 жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша 3 миллион теңгеден аспайтын, негізгі борышы мен оған есептелген сыйақы көлемі 300 мың теңгеден аспайтын қарызы бар адамдарға көмек көрсетілді.

Көкжайлау

29 қазанда Қасым-Жомарт Тоқаев Көкжайлау құрылысына түбегейлі нүкте қойды.

"Сәт сайын осы мәселеге қайта орала бермес үшін, бұл тау-шаңғы шипажайы жобасымен айналысуға тыйым саламын. Құрылыс жүзеге аспайды. Бұл бізге қажет емес", – деді президент Алматы қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған жиын барысында.

Көкжайлау проблемасы осыған дейін бірнеше рет көтеріліп, мұны қалалық әкімдік барынша іске асыруға тырысып, ал оған қоғам белсенділері қарсылық танытып келген еді. 2019 жылы көктемде электр желісін тарту және кәріз құбырын жүргізу бойынша жұмыстар басталып та кеткен болатын. Шаңғы трассасын салу бойынша тендер де өткізілген. Осыған дейін жоба үшін 12 млрд теңге жұмсалып үлгеріпті.

Тоқаевтың Көкжайлау жобасын тоқтату туралы шешіміне БҰҰ-да қолдау танытқан.

Оқи отырыңыз: Жастар жылының қорытындысы: қандай бастамалар жүзеге асты?

Ержан Максим

Ержан осы жылы ән өнерінде үлкен табысқа жетіп, қазақ елінің де атағын аспандатты. Жұртшылық оны алғаш Ресейде өткен "Голос. Дети" жобасы арқылы таныды. Жобаның осы жылғы шығарылымы үлкен даумен аяқталды. Алғашқыда жеңісті Микелла Абрамова олжалап, Ержанға екінші орын берілген. Кейін бұл нәтиженің әділетсіз екені туралы даудан кейін нәтижелер қайта қарастырылып, біраздан соң Ержанды жеңімпаз деп жариялады. Іле-шала оны композитор Игорь Крутойдың академиясына шақырды.

24 қараша күні Ержан Польшада өткен "Балалар Евровидениесі" ән байқауына қатысып, екінші орын алды. Бірінші орынға поляк әншісі Виктория Габор ие болды. Габор онлайн дауыс беру қорытындысы бойынша бірінші орын алғанымен, әділқазылар жеңісті қазақстандық әншіге берген.

Димаш

Қазақ әншісі Димаш Құдайберген 10 желтоқсан күні Нью-Йоркте "Арнау" атты жеке концертін берді. Концерт осыған дейін тек әлемге танымал жұлдыздар жеке кешін беріп келген әйгілі Barclays Center аренасында өтті.


15 мың адам қазақ әншісінің концертін ерекше ықыласпен тамашалады

15 мың адам қазақ әншісінің концертін ерекше ықыласпен тамашалады / Фото іnformburo.kz


Осынау ғажайып кешті көру үшін әлемнің 50-ден астам елінен және Американың 40 штатынан тыңдармандар келген. Әншінің өнеріне тәнті болған фанаттар, тіпті, өз эмоцияларын да жасырған жоқ.

Концертте Димаш қазақ тілінен бөлек орыс, ағылшын, итальян тілдерінде де ән шырқады. Қазақтың халық әндерін де әуелетті. Одан бөлек, домбырамен күй тартып, шетелдік тыңдармандарына ерекше көңіл-күй сыйлады.

Әуе апаты

Жыл аяқталар тұста, 27 желтоқсан күні Алматы маңындағы Қызыл ту ауылы тұсында Bek Air әуе компаниясының жолаушылар ұшағы апатқа ұшырады. Ұшақ таңғы сағат 07:22-де Алматыдан Нұр-Сұлтан қаласына ұшып шыққан (№Z2100 рейсін орындаған). Бортта экипаждың бес мүшесі мен 93 жолаушы болды. Оның ішінде шетел азаматтары да бар. Апат салдарынан 12 адам қаза тауып, бірнеше адам жараланды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен 28 желтоқсан елімізде ұлттық аза тұту күні болып жарияланды.

Оқи отырыңыз: "Ұшақ үйге соғылмаса, адамдар аман қалатын еді". Bek Air басшысы апатқа қатысты өз ұстанымын білдірді

Қазір апат себебі анықталып жатыр.

Президент: "Алматы маңындағы жолаушылар ұшағы апатынан қаза тапқан адамдардың туыстары мен жақындарының қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын. Зардап шеккендерге көмек көрсетіледі. Апат себебін анықтау үшін арнайы үкіметтік комиссия құрылды. Кінәлілер заңға сәйкес қатаң жазаланады", – деп мәлімдеді.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары