2018 жылы 5 қазанда Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев "Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру" атты жолдауында 2019 жылды Жастар жылы деп жариялауды ұсынған болатын:
"Жастар мен отбасы институтын кешенді қолдау мемлекеттік саясаттың басымдығына айналуы тиіс. Жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керек".
14 қарашада Жастар жылын жариялау туралы жарлыққа қол қойылды.
Жастар жылында баспана, еңбекпен қамту, кәсіпкерлік, білім беру мен азаматтық белсенділік мәселелеріне қатысты түйткілдер тарқатылуы тиіс болатын. Арада жыл өтті. 10 желтоқсанда президент Қасым-Жомарт Тоқаев жастар жылын ресми түрде жауып, сөз сөйледі:
"Жастар жылында өскелең ұрпақты қолдау үшін көптеген жұмыс атқарылды. Осы маңызды жыл аясындағы жобаларды іске асыру кезінде даңғазалықтан бас тартып, нақты іспен айналыстық. Мемлекеттік органдар бірнеше маңызды бағыттар бойынша жұмыс жүргізді".
Президент жыл ішінде қабылданған шешімдер мен атқарылған нақты жұмыстарды жіпке тізді:
- Ірі қалаларда жұмысшы жастарға 9 мың пәтер беру туралы шешім қабылданды. Оны жалға алу құны айына – 15 мың теңге;
- 5 мың азамат мемлекеттен грант алып, жас кәсіпкер атанды. Алдағы үш жыл ішінде олардың саны 30 мыңға дейін көбеймек;
- 10 мың жас бизнесмен шағын несиенің арқасында өз өндірісін кеңейтті;
- Ауылды өркендетуге үлес қосқысы келетін жастарға 6 мыңнан астам жәрдемақы, баспана алу үшін 4 мыңға жуық несие бөлінді;
- Құрылыс отрядтары жанданып, 2 мыңдай студент жұмыспен қамтылды;
- "Жас кәсіпкер" және "Жас маман" жобалары "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасына енгізіліп, қажетті қаржы бөлінді;
- Президенттік кадр резерві жасақталды;
- Университет спартакиадаларының қозғалысы қайта жаңғырды;
- Ұлттық спорт түрлерін қолдау және жас жазушылардың Әдебиет академиясын ашу үшін нақты жұмыстар атқарылып жатыр.
"Жастарды қолдау саясаты жалғасады"
"Жастар жылының аяқталуы еліміздегі жастарды қолдау саясаты аяқталды деген сөз емес. Жастар жылының мақсаты жастарға керек жаңа мүмкіндіктерге жол ашу еді. Осы қажеттіліктерді ескере отырып, алдағы үш жылға Жол картасы жоспарын құрдық. Осы уақытқа дейін атқарылған шаралардың басын қосатын алдағы бес жылда жұмыс істейтін мемлекеттік бағдарлама әзірленіп жатыр", – дейді Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахмет.
Қазақстанның Жастар ақпараттық қызметінің атқарушы директоры Василина Атоянц болса, жастар жылында пайдалы бағдарламалар мен шаралардың жүзеге асырылмағанын сынға алды.
"Бұл жай сын емес. Біз мемлекеттік сатып алулар сайтындағы жалпы сомасы 1,5 млрд теңге болатын 300 лотты сараптадық. Жастар жылының ашылуына 200 миллион теңгеден астам қаражат жұмсалған болатын", – деді ол.
- 120 млн теңгелік лот: Атырау облысында "Инфо центр" ҚҚ "Жасыл ел – жасыл ауыл" жобасын іске асыру үшін жеік алған. Басты шарты – "Жасыл ел" бағдарламасы бойынша жастарды жұмысқа тарту;
- 69 млн теңгелік лот: "Жасыл ел" еңбек жасақтарының жұмысын ұйымдастыру бойынша әлеуметтік жобаны іске асыру үшін "Қызылорда облысының жастар одағы" ұтқан;
- 58 млн теңгелік лот: Батыс Қазақстан облысында "Жасыл ел" жастар еңбек жасақтарының жұмысын ұйымдастыру үшін Volunteers АҚҰ иеленген;
- 56 млн теңгелік лот: "Жасыл ел" жастар еңбек жасақтарының жұмысын ұйымдастыру үшін Ақтөбе облысының "Атамекен" студент жасақтары жастар ҚБ" ұтып алды.
- 52 млн теңгелік лот: "Жасыл ел" жастар еңбек жасақтарының жұмысын ұйымдастыру үшін студенттік құрылыс және "Жасыл ел" жастар еңбек жасақтары Павлодар штабы" ҚҚ алған.
- 31 млн теңгелік лот: "Жасыл ел" қозғалысын дамытуға бағдарланған шаралар кешеніне Солтүстік Қазақстан облысының студенттік жастар еңбек жасақтар қатары" ҚБ жеңіп алған.
Бұлардан бөлек, көптеген лоттар әлдеқайда арзан – 1-5 млн теңге көлемінде. Мәселен, студенттер арасында өткен Сұлулық байқауын ұйымдастыруға 2 млн теңге, Jastar bike веложарысына 2,3 млн теңге, "рухани жаңғыру бағдарламасы" аясында жастар арасындағы ақпараттық насихаттау жұмысына 5 млн теңге жұмсалған.
Оқи отырыңыз: Жатқа ұмтылған жастар
Василина Атоянцтың ойынша, жастарға олардың әлеуметтік, экономикалық және саяси құқықтарын жүзеге асыратын жүйелі мемлекеттік бағдарламалар керек. Мектеп қабырғасындағы оқушы Қазақстанда көздеген мақсатына жете алатынын, ешқайда кетудің керек еместігін түсінуі керек.
"Жастар жылына арналған ақшаның бәрі ағартушылыққа, насихаттауға, отбасылық құндылықтарға жұмсалды, бірақ жастар үшін пайдалы іс-шаралар болған жоқ. Сондықтан, мемлекет жемқорлықпен күресуді қолға алуды, білім беру мен медицина сапасын жақсартуды, жастар өздерін көптің бірі сияқты сезінбеу үшін, белсенді болу үшін шешім қабылдауға тарту керек", – дейді Василина Атоянц.
Ғылымға бөлінген ақша қайда?
"Жас ғалымдардың ғылыми жұмыстарын қолдау үшін 3 млрд теңге бөлінді. Студенттердің стипендияларына қарайтын болсақ, үлкен қалаларда тұруға қиындық туғызады. Мысалы, бакалавр студенттерінің стипендиясы – 20 мың теңге, магистрлердікі – 53 мың теңге, ал тек қана ғылыми жұмыстармен айналысатын докторанттардікі – 81 мың теңге Менің ойымша, басқа іс-шараларға кететін қаражатты тиімді жұмсасақ, жастардың басқа мәселелерін де шешуге болар еді",– дейді қоғам белсендісі Бэлла Орынбетова.
Бюджетке біржақты қарауға болмайды
Мадияр Қожахмет бюджет мәселесіне біржақты қарауға болмайтынын айтады. Жастар еліміздің халқының 20 пайызын құрайды.
"Мысалы, үш жыл бойы жылына үш мың жалдамалы баспана салу үшін 21 миллард теңге қаржы бөлінеді. Жалпы, үш жылда тоғыз мың пәтер салуды көздеп отырмыз. Жалпы, үш жылға 63 миллиард теңге бөлінеді. Бір қарағанда, әжептәуір сома сияқты көрінеді. Бірақ жоба бірнеше бағытты қамтиды. Мәселен, республика бойынша 40 мыңнан астам жастар үй кезегінде тұр. Ал біз әзірге бюджеттің мүмкіндігін ескере келе тоғыз мың адамның ғана мәселесін шеше аламыз. Яғни, бюджеттен бөлініп жатқан ақша сонша көп емес", – дейді ол.