Тікелей эфир

Жаңа Президент Тоқаев жұмысын "Астана" атауын өзгерту туралы ұсыныстан бастады

Сурет informburo.kz
Сурет informburo.kz
2020 жылғы сайлауға дейін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев болды. Жаңа Президенттің Ант қабылдау рәсімінен репортаж.

Әдеттегі Парламент ғимараты. Қос палата депутаттары мен министрлер әдеттегідей көмекшілеріне күртелерін ұстата сала, Парламенттің басты есігінен кіріп жатыр. Бірақ, олар да, оларды аңдып, пікірлерін жазып алуға ентелеп тұрған журналистер де, тіпті, қарапайым күзетшілер де әдеттегідей емес, беймаза күйде. Парламент ғимаратына келіп жатқан әрбір адам жаңа бір өзгеріс болатынын біліп тұр, көріп тұр.

Олар тәуелсіз Қазақстан тарихында мүлде басқа адамның Президент ретінде Ант қабылдайтынын түсініп тұр. Ол сәтте ешкім де Ант қабылдайтын жаңа Президент қызметін Астана қаласының атауын өзгертуден бастайды деп ойламаған да еді.

Депутаттар жылады, Тұңғыш Президент күлді

2019 жылдың 20 наурызында сағат 12.00-ден бастап ендігі президенттік сайлауға дейін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев болды.


Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Назарбаев

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Назарбаев / Сурет informburo.kz


Нұрлан Нығматулин бірлескен отырысты ашты да: "Қазақстан Республикасы Президенті Қасым–Жомарт Тоқаевтың Ант қабылдау рәсімі басталады" деді. Сарбаздар салтанатты түрде залға Қазақ елінің көк туын, артынша Қазақстан Республикасының Ата заңы – Конституцияны алып кірді.

Артынша салтанат бөлмесіне Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев кірді. Күлімсіреп, депутаттарға бұрыла, сәлем жолдаған ишарамен ең жоғарғы мінберге отырды. Қос палата депутаттары мен үкімет мүшелері, Ант қабылдау рәсіміне жиналған адамдар оған ұзақ қол соқты. Арасында жылап тұрғандары да бар.

Журналистерге арналған тікелей эфир экранынан депутат Гүлмира Исимбаева мен генерал Сәуле Айтбаеваның жылап тұрғаны анық көрсетілді.

Ең соңында залға Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев кірді. Оны жиналғандар шапалақсыз, қатып қалған күйде қарсы алды.


Қазақстан Республикасының жаңа президенті Қасым-Жомарт Тоқаев

Қазақстан Республикасының жаңа президенті Қасым-Жомарт Тоқаев / Сурет informburo.kz


Конституциялық кеңестің төрағасы Қайрат Мәми мінберге шығып, Президент әлі уақыты болса да, мерзімінен бұрын өзінің өкілеттілігін тоқтатса, президент міндеті ҚР Парламенті Сенатының төрағасына берілетінін жариялады. Конституция бойынша Қазақстан Республикасының президенті ант берген сәттен бастап қыметіне кірісетінін де айтты.

"Ант етемін"! Жаңа президент халыққа адал қызмет етуге уәде берді

Осы мәлімдемеден кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Ата Заңға алақанын салып, Қазақстан халқына Ант беруге көшті.

–Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конститциясы мен заңдарын сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беруге, ҚР Президентінің өзіме жүктелген мәртебелі міндетті адал атқаруға салтанатты түрде ант етемін», –деді де жаңа президент Қасым-Жомарт Тоқаев көк туды сүйді.


Тұңғыш Президент пен жаңа президент

Тұңғыш Президент пен жаңа президент / Сурет informburo


Тоқаев Ант қабылдап біткен соң, ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев оған президент куәлігін, мемлекеттік Ту мен президент алқасын тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Астана атауын өзгерту туралы ұсыныс айтты

Мемлекет басшысы қызметіне кіріскен Қасым-Жомарт Тоқаев қазақша да, орысша да тең уақытпен бас-аяғы 15 минут баяндама оқыды. Баяндамасының соңында ешкім күтпеген мәлімдеме жасады.


Президент пен Ту

Президент пен Ту / Сурет informburo.kz


"Тұңғыш Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін мәңгілік ету керек. Ол үшін біздің астанамыз біздің президентіміздің атын алып, "Нұрсұлтан" деп аталу керек" деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жиналғандар 2-3 минут қол соғып, бұл бастаманы қолдайтындарын көрсеткендей болды.

– Бұл мәселені парламентшілер, депутаттар бұрыннан бері айтып жүргенін еске түсіру керек.

Екіншіден, Тұңғыш Президенттің құрметіне орай, елордадан Нұрсұлтан Назарбаевқа арнап, монумент салуды ұсынамын.

Үшіншіден, бүкіл облыстық қалалардың орталық көшелеріне Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың атын беруді ұсынамын. Елбасы біздің мемлекетіміздің ең жоғарғы атақтары – "Халық Қаһарманы" және "Еңбек Ері" атақтарына лайық екеніне бәрі келіседі деп ойлаймын, - деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

«Елбасының бейнесі бар бүкіл суреттер мен портреттер қоғамдық орныдарда, мемлекеттік қыметкерлердің кабинеттерінде, оқу орындарында міндетті атрибут ретінде қалды»деп толықтырды ұсыныстарын жаңа президент.

Тұңғыш Президент ретінде Назарбаевтың қандай құқықтары сақталды?

Ант қабылдаған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде «президент ретіндегі өкілеттілігін тоқтатса да саяси ұстазы Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғыдай сыйлы, ерекше құқықтары болатынын» мәлім етті.

–Қолданыстағы заңнамаларға сәйкес, Нұрсұлтан Назарбаевтың Тұңғыш Президент – Елбасы ретінде бүкіл қызметтік инфрақұрылымы қалады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Нұрсұлтан Назарбаев өмір бойына жеке күзет, жеке қызметтік көлік (бүкіл отбасы мүшелеріне), жеке қызметтік баспана, зейнетақы, тегін медициналық және курорттық демалыспен (бүкіл отбасы мүшелеріне) қамтылған. Сондай-ақ, оның банктік шоттары ешкім қол сұқпайтындай дербес.

–Парламент қабылдаған заңға сәйкес, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өмірінің соңына дейін еліміздегі жалғыз тұңғыш президент, ұлт әкесі болып қалады.

Өздеріңіз білетіндей, Нұрсұлтан Назарбаев Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы, сондай-ақ, Нұр Отан партиясының төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы, Конституциялық кеңестің мүшесі болып қала береді. Елбасының авторитетті пікірі стратегиялық дамуда елеулі орын алмақ, - деді сөзін түйіндеген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, енді Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев Ақордадан Тұңғыш президент кітапханасына көшіп барады.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары