Тікелей эфир

Президент мұқтаж жандардың борыш жүктемесін азайту туралы жарлыққа қол қойды. Жаңалықтарға шолу

Арыстағы апаттан көз жұмғандар саны 3-ке жетті. Оңтүстікте 40 градусқа дейін ыстық болады.

Астана- Токио бағытында әуе билеттері сатылымға шықты

Барып-қайту билеті 200 мың теңге, тек бір бағыттағы билеттің бағасы 170 мың теңге тұрады. 6-шы шілдеден бастап бұл рейсті Scat әуе компаниясы орындайтын болады. Астанадан сағат 22.00-де ұшатын рейс Нарита (Токио) әуежайына 7-ші шілде күні сағат 08.30-да қонады. Ұшақ сол күні сағат кешкі 21.00-де кері Астанаға ұшып, Елордада 8-ші шілде күні сағат 02.30-да болады. Шілдеде рейстер бір рет орындалады, тамыздан бастап Токиоға әуе компаниясының үшақтары аптасына екі реттен ұшатын болады.

Арысқа көмек ағылып жатыр

Арыстағы апаттан зардап шеккендерге қайырымдылық көмек көрсету үшін ашылған "Түркістан" шотына Президент әкімшілігінің, Тұңғыш Президент кеңсесінің қызметкерлері, Сенат депутаттары, ҚР Премьер-министрі кеңсесі, министрліктер, комитеттер мен қалалық, облыстық әкімдіктердің мамандары, полицейлер, өрт сөндірушілер, дәрігерлер, мұғалімдер мен кәсіпкерлер бір күндік жалақыларын аударды. Зардап шеккендерге Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев пен Елбасы Н.Назарбаев та жеке көмектерін көрсетті. Зардап шеккендерге сондай-ақ барлық облыстардан да гуманитарлық көмектер ағылып жатыр.

Апаттан көз жұмғандар саны 3-ке жетті

ҚР Қорғаныс министрлігі бүгін Шымкенттегі емдеу мекемелерінің бірінде жарылыстан жарақат алған тағы бір әскери қызметкердің көз жұмғанын хабарлады. Әбдіқұл Ахметов 1987 жылы Шымкентте туған. 2013 жылдан бері әскер қатарында қызмет етіп жүрген марқұмның артына бір баласы қалыпты.

Жолда қалған 11 мың жолаушы балама бағыттармен тасымалданды

Бұл туралы "Жолаушылар тасымалы" АҚ департамент директоры Ә.Сұлтанов хабарлады. Айтуынша, Арыстағы төтенше жағдайға байланысты Шымкент-Арыс-Түркістан бағыты бойынша барлық пойыздар тоқтатылған болатын. Осыған орай 10 жолаушы пойызы Түркістан, Шымкент станцияларына жетпей "Жезқазған – Сексеуіл" бағыты арқылы кетіп жатыр. ҚТЖ өкілі жолды жалғастырудан бас тартқандардың барлығына билет құны 100 пайыз қайтарып жатқанын мәлімдеді.

Өрт сөндірушілер кету туралы бұйрыққа қарамастан қоймадағы өртті сөндіруді жалғастырған

ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Т.Дәндібаев Арыстағы қоймада өрттің қалай басталғаны туралы айтып берді. Айтуынша, 24 маусымда сағат таңғы 9.00-де № 1 арсеналдың техникалық аймағында №120 ашық сақтау қоймасында түтін шығып жатқаны анықталып, өрт сигналы берілген. Арсеналдың командирі, полковник Нұрмахамбетов нұсқауларға сәйкес өрт сөндіру бригадасымен өртті сөндіруді ұйымдастырған. Алайда өрт реактивті снарядтар қоймасына тарап, қызыл жалын өрт сөндіру бригадаларының өзіне үлкен қауіп төндірген. Нұсқауларға сәйкес, арсенал командирі қызметкерлер мен олардың отбасыларын көшіру туралы бұйрық беріпті. Соған қарамастан командир офицерлерімен бірге сол жерден кетпестен шұғыл шара қабылдап, нысандарды қорғауды жалғастырған.

Министр орынбасарының айтуынша, әскери қызметкерлер мен олардың отбасыларын қысқа мерзімде,қырық минут ішінде эвакуацияланған.

"Бұдан кейін, №2 техникалық аймақта инженерлік оқ-дәрі сақталған екі қоймада детонация пайда болды. Салынған тыйымға қарамастан әскери өрт сөндіру бригадасы өрт сөндіру техникаларын пайдаланып, екінші және үшінші техникалық аумақтардағы өртті өшірді", – деді Т. Дәндібаев.

Жедел жәрдем бригадаларына рецепт жазуға рұқсат берілуі тиіс

Мәжіліс депутаттары ҚР Денсаулық сақтау министрі Е.Біртановқа осындай ұсыныс тастады. Депутат Ж.Омарбекова мұндай қадамның шұғыл жағдайда дәрігерге жүгінген пациенттер үшін жасалуы тиістігін алға тартады. Халық қалаулылары сонымен бірге жедел жәрдем қызметі дәрігерлеріне пациентке қандай дәрі тағайындағанын уческелік дәрігерге хабарлауды міндеттеу керектігін ұсынды. Бұған қоса созылмалы ауруы барлар үшін кейбір рецептердің пайдалану мерзімін ұлғайту тиістігін де айтты.

КИМЭП-тің мемлекеттік акциялары сатылатын болды

Бұл туралы Ашық үкімет порталында жарияланған Үкіметтің қаулысында жазылған. Қаулыға сәйкес оқу орнының 40% акциясын сатып алушы бар. Ол Бэнга білім беру қоры. Мәміле шарттарына сәйкес, қор 2020 жылдың соңына дейін 70 млн теңге көлемінде инвестиция құюы тиіс. Қаулы жобасы 10 шілдеге дейін талқылауға шығарылған.

Мұқтаж жандардың борыш жүктемесі азайтылатын болды

Президент Қ.Тоқаев бүгін осындай жарлыққа қол қойды. Қаулыға сәйкес, Үкімет төмендегі жағдайда екінші деңгейдегі банктердегі және микроқаржы ұйымдарындағы кепілсіз тұтынушылық қарыздарын өтеп береді:

1) Борышкерлер көпбалалы отбасылар, асыраушысынан айрылу жағдайына байланысты төлем алатын отбасылар, мүгедек балалары бар, 18 жастан асқан, бала жасынан мүгедектері бар отбасылар, атаулы мемлекеттік әлеуметтік көмек алатындар, жетім балалар, ата-анасынан кәмелеттік жасқа дейін айрылған, жиырма тоғыз жасқа толмаған, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар болса;

2) қарыз бойынша жалпы берешегі 2019 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 3 млн теңгеден аспайтын болса;

3) бір қарыз алушыға 2019 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша негізгі борышы мен оған есептелген сыйақыдан тұратын өтелетін берешегінің мөлшері 300 мың теңгеден аспайтын болса.

Жарлық бойынша Үкімет пен Ұлттық банкке банктерде және микроқаржы ұйымдарында кепілсіз тұтынушылық қарыздары бар Қазақстан Республикасы азаматтарының 2019 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша есептелген айыппұлдары мен өсімпұлдарын есептен шығару жүктелді. Бұған қоса мерзімі өткен берешегі 90 күннен асып кеткен жеке тұлғалардың барлық кепілсіз тұтынушылық қарыздары бойынша кредитті берумен және оған қызмет көрсетуге байланысты тұрақсыздық айыбын, комиссиялар мен өзге де төлемдерді есептеуге тыйым салу, табысы күнкөріс деңгейінен төмен азаматтарға қарыздар беруге тыйым салу тапсырылды.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz: Оңтүстікте 40 градусқа дейін ыстық болады. Синоптиктердің болжамынша, Қазақстан оңтүстігінде аптап ыстық 29 маусымға дейін созылады. Республиканың солтүстігі мен батысында салқын ауа ағыны жаңбыр әкеледі. Салқын ауа ағыныныңоңтүстікке қарай жылжуына байланысты Қазақстанның орталық және шығыс облыстарында жаңбыр жауып, ауа температурасы төмендеуі мүмкін.
Baq.kz: Ұлттық қорда қанша ақша бар? Қаржы министрі Ә.Смайыловтың айтуынша, 2018 жыл соңында Ұлттық қордағы қаржы 26,1 трлн теңгені немесе 61,6 млрд АҚШ долларын құрады. Былтыр Ұлттық қорға 5,8 трлн теңге келіп түсті, оның 3,2 трлн теңгесі – мұнай секторы ұйымдарының тікелей салықтарынан, 2,5 трлн теңге – инвестициялық кірістерден, 21,6 млрд теңге басқа да түсімдерден түсті. 2018 жылы Ұлттық қор қаржысының 2,6 трлн теңге жұмсалды: оның ішінде кепілдендірілген трансферт түрінде бюджеттік бағдарламалар шығындарын қаржыландыруға – 2,6 трлн теңге, қорды басқаруға байланысты шығындарды жабуға 18 млрд теңге бөлінді. 2018 жылы республикалық бюджетке мақсатты трансферт түрінде Ұлттық қор қаржысы бөлінген жоқ.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары