Тікелей эфир

Алматының құрылысын жоспарлау кезінде қателіктер кеткен. Тоқаев кімдерге сөгіс жариялады, қандай тыйым салды?

Максим Золотухинның фотосы
Максим Золотухинның фотосы
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Алматы қаласын дамыту мәселелері жөніндегі кеңес өтті.

Алматының аумағы соңғы жылдары екі есеге ұлғайды. Халқының саны 20 пайызға өсіп, 1 миллион 800 мың адамға жетті. Сондықтан шаһарда мектеп, балабақша, аурухана тапшылығы бар. Бұл түйткілдің барлығын бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жіпке тізді.

Оқи отырыңыз: Билік басындағы бір жыл. Президент Тоқаев қабылдаған маңызды шешімдер

Алматыдағы күрделі мәселелердің бірі – үй кезегінің жылжымауы

2011-2018 жылдар аралығында 416 мың шаршы метрді құрайтын 6841 пәтерлі 182 тұрғын үй пайдалануға берілген. Қазір қалада 25 мың адам пәтер кезегінде тұр. Мемлекет басшысы құрылыс қарқынын жеделдету керек деді. Сондай-ақ, Тоқаев сапасыз салынған үйлерді қабылдап алғандарды қылмыстық және әкімшілік жауапқа тартуды тапсырды.

"Қазіргі үйлердің сапасы сынға төтеп бере алмайды. Үйді қабылдаған адамдардың барлығы қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартылуы тиіс. Бұл менің құқық қорғау органдарына тікелей тапсырмам", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жатақханаға жарымаған жастардың дені жұмыс таппай сенделіп жүр

Елде қол қусырып отырғандардың үлесі 4 пайызға таяса, Алматыда бұл көрсеткіш 6 пайыздан асып кеткен.

"Қалада "Еңбек" бағдарламасы толық іске асырылмай отыр. Биылғы 9 айдың ішінде бизнес идеяларды қолдау мақсатында берілетін мемлекеттік гранттардың 7 пайызы ғана игерілген. Ал шағын несие бөлу жөніндегі жоспардың жартысынан астамы ғана орындалған. Бұл өрескел кемшілік", – деді Тоқаев.

Алматыда 30 мың оқушыға мектепте орын жетпейді

Кейбір білім ошақтарындағы бастауыш сыныптарда тіпті 40 балаға дейін оқиды. Қаладағы 202 мектептің 43-і күрделі жөндеуді талап етеді. Мемлекет басшысы қала әкімдігіне бұл бағыттағы жұмыстарды жеделдетуді тапсырды.

"Бес жыл ішінде 4200 орынға арналған тек 5 жаңа мектеп салынды. Қаладағы 202 мектептің 43-і күрделі жөндеуді қажет етеді. Қала әкімдігі осы бағыттағы жұмысты жандандыруы керек. Оқушылардың тек 5 пайызы тегін ыстық тамақпен қамтылған, бұл елордаға қарағанда 10 есе аз. Әлеуметтік-бағыттағы шығындарға қаражат іздестіру мәселесін шұғыл түрде шешу керек", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Балабақша кезегінде 57 мың бүлдіршін тұр

Мемлекет басшысы бұл мәселені Мемлекеттік жекеменшік серіктестік және жан басына қаржыландыру тетіктерін пайдалана отырып шешу қажеттігін алға тартты. Әрі құрылыс қарқынын айтарлықтай жеделдету керектігін айтты. Қаланың көптеген колледждері техникалық жабдықталмаған және жөндеуді қажет етеді.

Медицина саласы да көңіл көншітпейді

"Әлеуметтік сауалдар тұрғындардың 63 пайызының медициналық қызмет сапасына көңілі толмайтынын көрсетті. 2019 жылы ана мен бала өлімі өсті. Жүргізілген аудит бойынша алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету ұйымдарының тек 62 пайызға, босандыру орындарының 72 пайызға, жедел медициналық жәрдем станциясының 74 пайызға ғана жабдықталғанын анықталды. Қалада денсаулық сақтау саласында корпоративтік басқарудың төмен деңгейі білінеді. Бұл жемқорлыққа әкеледі. Осы көрсеткіш бойынша Алматы республика бойынша 16-шы орында тұр. Әкімдікке Денсаулық сақтау министрлігімен бірге бұл жағдайды ең қысқа мерзімде түзетуді тапсырамын" – деп айтты Тоқаев.

Сел қаупінен сақтану үшін Ақсай және Аюсай бөгеттерінің құрылысы басталады

Президенттің айтуынша, қаланың өмір сүру сапасы мен инфрақұрылымдық дамуын жетілдіру қажет. Наурызбай ауданының тек 50 пайызы ғана таза ауыз сумен қамтылған. Мұнда атқарылатын жұмыс өте көп деген Президент, қала бойынша ауыз су мәселесін күн тәртібімен шешуді тапсырды.

Қала сейсмикалық қауіпті аумақта орналасқан. Алматының маңында 37 көл бар. Осы ретте мемлекет басшысы Ақсай және Аюсай бөгеттерінің құрылысын бастау қажет деді. Әрі үкіметке қаражат бөлу мүмкіндігін табуды міндеттеді.

"Қалада 959 шақырым көше жарықтандырылмаған, тротуарлар абаттандырылмаған. 63 пайыз үй ауласы күрделі жөндеуді қажет етеді, әлі күнге дейін арық жүйесі жұмыс істемейді. Бұл үнемі су басуға әкеледі. Әкімдік проблемалы учаскелерді анықтап, құрылыс бойынша шаралар қолдансын" – деп толықтырды Президент өз сөзін.

Көкжайлауға курорт салуға тыйым салынды

Қазақстан президенті жиында алып шаһардың дамуына қатысты және қала тұрғындарын алаңдатқан бірқатар мәселелерге қатысты пікір білдірді. Кеңесте талай жылдан бері көтеріліп келе жатқан Көкжайлаудың тағдырына қатысты нүкте қойылды. Қасым-Жомарт Тоқаев Көкжайлау шатқалының аумағында курорт салуға тыйым салды. Мемлекет басшысы бұл жобаны кәсіби экологтар мен қоғам белсенділерінің қолдамайтынын қадап айтып, құрылысқа түбейгейлі тыйым салды.

"Бұл мәселеге қайта-қайта оралмас үшін, мен бүгін Көкжайлау шатқалында тау-шаңғы курортын салуға тыйым саламын. Бұл жоба бізге қажет емес", – деді Президент.

Осы орайда Мемлекет басшысы Алматыдағы алма бақтарын жөнсіз отау деректеріне қатысты сөз қозғады. Президент Үкіметке әрбір заңсыз кесілген ағаш үшін өтемақы ретінде отырғызылатын 5 ағаштың көлемін 80-ге дейін өсіруді тапсырды.

"Бұл бассыздыққа жол беруге болмайды және ағаштарды заңсыз отағандарды жазалау керек. Мұндай жәйттар мемлекеттік органдардың көз жұма қарауы мен салғырттығынан болып отыр. Мәселе ерекше бақылауға алынуы тиіс. Қорғалатын аймақтарды түгендеп, сол аймақтарды пайдалану тәртібін бекіту керек. Біздің қаламыздың басты символы – аңызға айналған апорт пен ботаникалық бақты қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу қажет", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Көктөбе бөктеріне алма ағашын "дұрыс екпегендер" Президенттен сөгіс алды

Бұл үшін қала әкімінің бірінші орынбасары Ерлан Қожағапановқа сөгіс жариялады. Президент алма ағашы көшеттерінің шашылып жатқанын бассыздыққа теңеп, жауаптыларды сынға алды.

"Мен Швейцарияда үш жыл жұмыс істедім. Ол жақта ағаштарды заңсыз кесу, тіпті бір ағашты кесіп тастау ауыр қылмыс саналады. Өйткені онда жасыл желек – бүкіл халықтың ортақ мүлкі. Көктөбе бөктерінде шашылып жатқан алма ағашының көшеттеріне қатысты оқиға еш сын көтермейді. Осыған байланысты мен әкімнің бірінші орынбасары Ерлан Қожағапановқа сөгіс жариялаймын. Игі істі жоқ қылдыңдар. Бір іске кіріссең – соңына дейін ұқыпты жасау керек. Қолыңнан келмесе, кіріспе", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев

Көктөбе бөктерінде Сиверс алмасы көшеттері мен қызғалдақ тұқымдары шашылып жатқанын "Жасыл құтқару" қоғамының белсенділері 17 қазанда анықтаған болатын.

Оқи отырыңыз: Көктөбе бөктеріне алма ағашының көшеттерін егуге жауапты шенеуніктер жазаланды

Бұл оқиғадан кейін Алматы әкімдігі аталмыш аумақта тексеріс жүргізіп, көшеттер кімнің кінәсінен отырғызылмағанын жариялаған еді. Қала әкімінің бірінші орынбасары Ерлан Қожағапанов жұмысына немқұрайлық танытқан Жасыл экономика басқармасының мамандарын жауапқа тартқанын айтқан еді.

Трамвайлардың жұмысын тоқтатпау керек еді

Бұл Тоқаевты толғантқан тағы бір мәселе. Президент қоғамдық көліктің бұл түрін тоқтату даулы шешім деді.

"Трамвайларды тоқтату, меніңше, даулы шешім болды. Рельстерді жөндеуден өткізіп, трамвай парктін жаңартып, трамвайларды қалдыру керек еді. Қоғамдық көліктің бұл түрі Еуропаның көптеген қаласында кеңінен қолданылып жүр", – деді Мемлекет басшысы.

Алматыда трамвайлар 1937 жылдан бастап жолаушы тасымалдай бастаған. Бірақ 2015 жылдың 31 қазанында екі резонансты жол апатынан кейін қала көшелерінен түбегейлі жоғалып кетті. Осы оқиғалардан соң қаланың бұрынғы әкімі Бауыржан Байбек трамвай депосына барып, арнайы комисия көптеген олқылықтарды анықтаған болатын. Сөйтіп трамвай депосы әкімдік шешімімен өз жұмысын тоқтатты. Кейінірек Байбек бұл шешімді, "Біз метро салуды жалғастырамыз, трамвайлардың орнына ЛРТ болады. Бұл дәл сол трамвай, бірақ заманауи, ыңғайлы және шусыз. Сондықтан бәрін зерттей отырып, трамвайлар болмайды", – деп түсіндірген болатын.

Алматының орталығына жаппай құрылыс салуға рұқсат етілмейді

Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы әкімдігінің қала сәулетіне қатысты басқа да шешімдерімен келіспеді. Оның сөзінше, бұрынғы қала құрылысын жоспарлау кезінде біраз қателіктер кеткен. Президент бұдан былай орталық аудандарда тығыз құрылысқа тыйым салып, саябақтарды көбейту қажеттігін алға тартты.

"Байырғы алматылық ретінде мен Абылай хан даңғылындағы тарихи ғимараттың орнына үлкен тұрғын үй салғанына және Қабанбай батыр көшесіндегі қарағайлы саябақтың маңына зәулім қонақ үй тұрғызуымен келісе алмаймын. Барлығын жауып тастаған. Сондай-ақ, "Алатау" кинотеатрының сүрілуі жайлы да сондай пікірдемін. Неге Алматы үшін маңызды ғимаратты бұзу керек еді? Сүру жұмыстарына біршама уақыт пен күш-жігер жұмсалды", – деп қосты Президент.

Алатау кинотеатры да 2015 жылы қала әкімі Бауыржан Байбектің тұсында күрелген болатын.

Талғар мен Қаскелеңге баратын электр пойыздары ашылуы мүмкін

Алматының аумағы соңғы жылдары екі есеге ұлғайды. Қалада басқа өңірлерден келген және осы төңіректе тұратын жарты миллионға жуық адам жұмыспен қамтылып отыр. Қала бойынша күн сайын 700 мыңға жуық көлік жүріп, миллионға жуық адамды тасымалдайды. Күн сайын Қаскелең, Талғар, Қапшағай жақтан қалаға 200 мыңнан астам автомобиль кіреді. Салдарынан таңғы және кешкі мезгілде ұзын-сонар кептеліс болады.

Президент бұл мәселені перспективалы көлік арқылы шешуді ұсынды. Яғни метро желілерін ұзартып, қаламен іргелес аудандарды қосатын қоғамдық көліктің санын арттыру қажет. Осы орайда, Талғар мен Қаскелеңнен Алматыға электр пойыздарын ашу көзделіп отыр. Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев электр дамыту жоспарымен бөлісті.

"Біздің тарапымыздан қажетті шаралар қабылдануда. "Алматы – Ұзынағаш" бағыты бойынша пойыз рейстерінің саны артты. Жаңа жылдан бастап Қапшағай бағытын іске қосамыз", – деді Бақытжан Сағынтаев.

Сағынтаевтың сөзінше, Алматыға Талғар мен Қаскелеңнің тұрғындары көп қатынайды. Сол себептен, әкім мемлекет басшысына осы бағыттар бойынша электр пойыздарын іске қосу мәселесін қарауға өтініш білдірді.

"Қазірдің өзінде ҚТЖ-мен электр теміржол рельсін салуға байланысты біраз жұмыс атқарылды. Үкіметке және "Самұрық-Қазына" қорына әкімдікпен бірге осы маңызды әлеуметтік жобаны пысықтауды және оны кезең-кезеңімен іске асуына ықпал етуді сұраймыз", – деп толықтырды Алматы әкімі.

Алматыда ауаға таралатын зиянды қалдықтардың көлемі артып келеді

Сондай-ақ, Бақытжан Сағынтаев Президентке Алматының экологиялық ахуалы туралы баяндады. 2018 жылы зиянды қалдықтар 123 мың тоннаны құраған және оның 27%-ы ЖЭО-2 үлесіне тиесілі екен. Осы орайда әкім Тоқаевтан "Самұрық-Қазынаға" ЖЭО-2 газға көшіруді жеделдетуді тапсыруды сұрады. Жобаны іске асыру атмосфераға зиянды қалдықтардың үлесін 17 есеге азайтуға мүмкіндік береді.

"Бұл мәселе барлығымызды алаңдатады. Мұнда немқұрайлылар жоқ. Қазір "Самұрық-Энерго" АҚ қолданыстағы станцияны газға көшіруді қарастыратын техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеуде. Жобаны іске асыру ауаға зиянды қалдықтардың үлесін 17 есеге азайтуға мүмкіндік береді. Жобаның әлеуметтік маңыздылығын ескере отырып, "Самұрық-Қазынаға" тиісті құжаттарды әзірлегеннен кейін барлық рәсімдерді өткізуді жеделдетуді тапсыруыңызды сұраймын", – деп Президентке өтініш білдірді Бақытжан Сағынтаев.

2017 жылдың қыркүйек айында Президент Нұрсұлтан Назарбаев Алматы әкімдігіне "Самұрық-Қазына" ҰК-мен бірлесіп ЖЭО-2-ні 2020 жылға дейін газға көшіру жөнінде шаралар қабылдауды тапсырған болатын. 2018 жылдың мамыр айында Алматы ЖЭО-2 жаңғырту бойынша алдын-ала техникалық-экономикалық негіздеме әзірленді. Құжатқа сәйкес, қолданыстағы ЖЭО-2-ні жарылыс қаупі жоғары болғандықтан газға көшіру мүмкін емес. Станция корпусы сейсмикалық қауіптіліктен қорғау үшін (10 балл) жер деңгейінен 12 метрге төмен тереңдетілген. ҚР нормативтері бойынша газ жабдығын жертөлелерде немесе цокольдық қабаттарда пайдалануға, сондай-ақ ішкі газ құбырларын ғимараттың нөлдік белгісінен төмен салуға тыйым салынады.

Тоқаев азық-түлік бағасын өсірмеуді міндеттеді

Бүгінде еліміздің ішкі жалпы өнімінің үштен бірі Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларына тиесілі. Алматы тәуелсіздік жылдары ірі экономикалық орталыққа және республикалық бюджеттің донорына айналды. Шаһар ішкі жалпы өнімнің бестен бірін, мемлекеттік бюджетке түсетін түсімнің 20 пайыздан астамын және банктер беретін несиенің 60 пайызын қамтамасыз етіп отыр.

Сондай-ақ, еліміздегі көтерме және бөлшек сауданың 40 пайыздан астамы, сыртқы сауда айналымының 15 пайызға жуығы осы қалада жүргізіледі. Қала инвесторлар үшін қолайлы ірі өңірлік орталыққа айналды. Дегенмен, Президент кәсіпкерлерге жүргізілген сауалнама барысында қаланың көптеген көрсеткіштер бойынша артта қалғанын айтып, үкіметке азық-түлік өнімдері бағасының күрт өсуіне жол бермеуді тапсырды.

"Үкіметке азық-түлік бағасының күрт өсуіне жол бермеуді тапсырамын. Ең алдымен нан және ет өнімдеріне. 22 қазандағы жағдай бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы 8 пайызға өскен, ал Алматыда бұл көрсеткіш 10 пайызға жеткен. Мойындау керек, азық-түліктің қымбаттауы экономикамыздың әлсіздігінің айқын көрінісі. Сыртқы нарықтардағы конъюнктураның нашарлауы себеп деген секілді сылтаулар мүлде орынсыз. Белгілі экономист екенсіздер, экономикамызға бір жақсылық жасаңыздар", – деді мемлекет басшысы.

Жұмыс сапарының екінші күнінде мемлекет басшысы Алматыдағы резиденциясында бірқатар кездесулер өткізеді деп жоспарланған.

Серіктестер жаңалықтары