Тікелей эфир

Президент митингте кездейсоқ болғандарды босатуды тапсырды. Жаңалықтарға шолу

Астана мен Алматыда өткен митингтерге байланысты Бас прокуратура не дейді? Алдағы үш тәулікте елдің басым бөлігінде найзағай жарқылдап, жаңбыр жауады.

Тоқаев Қазақстан халқына ант берді

Бүгін Астанада ҚР Президенті Қ.Тоқаевты ұлықтау рәсімі өтті. Мемлекет басшысы Конституцияға қолын қойып тұрып, Қазақстан халқына адал қызмет етуге, елдің Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепiлдiк беруге, өзiне жүктелген мәртебелi мiндетiн адал атқаруға салтанатты түрде ант етті. Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Б.Имашев Қ.Тоқаевқа ҚР Президентінің куәлігін тапсырды.

Бірінші бағыт – халықтың табысын арттыру

Президент Қ.Тоқаев ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде елді дамытудағы 10 басым бағытты белгіледі. Мемлекет басшысы қызметінің ең бірінші бағытын халықтың табысын арттыруға арнамақ. "Тұрақты және қарқынды экономикалық өсім арқылы ғана бұл мәселені шешуге болады" деді ол. Екінші бағытта –сыбайлас– жемқорлыққа қарсы жұмыстың жүйелі жүргізілетіні айтылды. Үшінші бағытқа сот және құқық қоғау жүйесін реформалау аталды. Президент құқық қорғау жүйесінің басты міндеті – халықтың сеніміне ие болу екенін баса айтты.

Мемлекет басшысы қызметінің әрі қарайғы басым бағыттары ретінде жаңа жұмыс орындарын ашу және халықты лайықты жалақымен қамту, тұрғын үй мәселесін шешу, әділетті әлеуметтік саясат (жаппай білім беруді қолдау., барлық тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсету), өңірлерді дамытудың жаңа бағдарын жасау, "Рухани жаңғыру" бағдарламасын жас ұрпақты тәрбиелеуге бағыттау, сыртқы саясат мәселесі – әлемдік аренада елдің ұлттық мүдделерін ілгері жылжыту, жастармен жұмысты жандандыру мәселелері аталды.

Жаңа тағайындауларға дейін барлық әкімдер өз міндеттерін атқарады

ҚР Президенті қызметіне кіріскен кезде ел Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың басшылары мен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары және облыс әкімдерінің өкілеттігі тоқтатылуына байланысты мемлекет басшысы тиісті жарлыққа қол қойды. Құжатқа сәйкес жоғарыда аталғандар тиісті басшылар мен әкімдер тағайындалғанға дейін өз міндеттерін атқаратын болды.

Астана мен Алматыда өткен митингтерге байланысты Бас прокуратура не дейді?

"Ескертуге қарамастан жекелеген адамдар заңды талаптарға бағынбай, полиция қызметкерлерін арандатып, оларға шабуыл жасады. Жүргіншілердің, әйелдер мен балалардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірді. Осыған байланысты, құқық қорғау органдары қоғамдық тыныштықты сақтауға және азаматтарды қорғауға бағытталған шаралар қабылдады. Бұл ретте арнайы құралдар қолданылған жоқ" делінген ведомствоның сайтында жарияланған хабарламада.

Құқық бұзушылар полицияға жеткізіліп, сот тәртібінде әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны да айтылған. Бұл ретте құқық қорғау органдары бұдан әрі де осындай бұзушылықтарға жол бермейтін және оларды болдырмау үшін заңмен көзделген шаралар қабылдана беретіні туралы ескертілген.

Елімізде қонақ үй және ресторан бизнесіне құйылған қаражаттар көлемі екі есеге азайыпты

Energyprom.kz агенттігі таратқан мәліметтерге сүйенсек, биылғы жылы осы салаға салынған инвестиция көлемі 18,4 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 43,2%ға азайған. Құйылған қаражаттардың 4,5 млрд-ы Атырау облысына тиесілі. Мұндағы көрсеткіш бір жыл бұрынғына қарағанда екі есеге көп. Екінші орында Алматы облысы (2,7 млрд теңге), үшінші орында Қарағанды облысы (2 млрд теңге) тұр.

Бейбіт жиын өткізу бойынша Халықаралық ұйым Қазақстанға кеңес берді

Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымы ел билігін халықтың ойын еркін білдіру құқығын таптамауға және бейбіт жиындар өткізуге шектеу қоймауға шақырған кезекті хабарламасын жариялады. Құжатта "Қазақстанда бейбіт жиындар өткізуге мықтап шектеу қойылғаны" айтылған. Халықаралық ұйым елімізде кез келген көшедегі науқанды ұйымдастыру үшін жергілікті биліктен рұқсат алу керектігін, сәйкесінше биліктің ұйымдастырушыларға рұқсатын бермейтінін де біліп отыр.

Осы тұрғыда Amnesty International Үкіметті халықаралық үлгіде бұқаралық жиындар туралы заң қабылдауға шақырды. "Заңда бейбіт жиындарға алдын ала рұқсат сұрау талабы болмауы керектігі" де баса айтылған. Оған қоса құқық қорғау ұйымы заңсыз жиындарды ұйымдастырып, қатысқандарды қылмыстық жауапкершілікке тартатын ҚР Қылмыстық кодекстің 400-ші бабын өзгертуге кеңес берді. Халықаралық ұйым Үкіметті Қазақстанда халықтың өз ойын еркін білдіру (соның ішінде әлеуметтік желіде де) құқын құрметтеуге тағы да шақырды.

Forbes ең көп ақы төленетін спортшылар тізімін жариялады

Рейтинг тарихында тұңғыш рет алғашқы үштікке футболшылар жайғасты. Бірінші орында "Барселона" футболшысы Л.Месси (127 млн доллар). Екінші орында Португалиялық Криштиану Роналду (109 млн доллар). Үшінші орында бразилиялық – Неймар (105 млн доллар).

Тізімге қазақстандық боксшы Г.Головкин де еніпті. Ол 25,5 млн доллар жылдық табысымен 95-ші орыннан көрінді.

Митингпен мәселе шешілмейді

Мәжіліс төрағасы Н.Нығматуллин Қазақстандағы митингке қатысты пікірін білдірді. Көшеге шеруге шығып, провакацияға ерген елдің бәрі дамуды кері кетіреді. Осыны тілге тиек еткен мәжіліс спикері "демократия мен дамуды таңдаған елді митингтің тығырықтан шығарар жол емес" екенін атап өтті.

"Ел Президенті Қ.Тоқаев бүгінгі сөзінде Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру туралы айтты. Билік пен бұқара халықтың арасындағы диалогты тек заңды негізде орнату мүмкін болады" деді Н.Нығматуллин.

Президент митингте кездейсоқ болғандарды босатуды тапсырды

Бұл туралы мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өзінің Twitter-дегі парақшасында жазды.

"Бас прокурорға азаматтардың заңды құқықтарын қамтамасыз етуді, ұсталғандардың нақты саны мен кінәсінің деңгейін анықтауды тапсырдым. Кінәсіз азаматтар мен оқиға орнында кездейсоқ болғандарды босату қажет" делінген Президенттің жазбасында.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz: Алдағы үш күнде ауа райы қандай болады? 13-15 маусымда Солтүстік теңіздерден келетін ылғал және салқын ауаның түсуі жалғасатындықтан ауа райында өзгеріс болмайды. Қазақстанның көптеген облыстарының кей жерлерінде алдағы үш тәулікте найзағай жарқылдап, жаңбыр жауады. Екпінді жел тұрады. Күндізгі уақытта бұршақ жауады. Ауа температурасы қысқа мерзімге жоғарылағанымен, кейін қайта төмендейді. Елдің басым бөлігінде температура орташа көпжылдық мәннен төмен болады. Тек Маңғыстау облысында күн ыстық болады. Өңірде жауын-шашынсыз ауа райы күтіледі.

Baq.kz: Жаңа туған сәбиді sms арқылы мекенжай тіркеуіне қоюға болады. Дүниеге келген сәбидің ата-анасының біріне екі апта ішінде мекенжай тіркеуіне тұру жөнінде смс-ұсыныс жолданады. Сұраққа оң жауап берілген жағдайда баспана иесі өз мекенжайының тіркеу кодын енгізуі тиіс. Пәтер не үй баланың ата-анасының атында болмаған жағдайда баспана иесінің ЖСН-і қоса жолданады. Бұл ретте, проактив тәсілмен жолданатын смс-терді алу үшін баланың ата-анасының бірі міндетті түрде мобильді азаматтар базасында тіркелуі керек.

24.kz: 1$ = 384,06 теңге. Қазақстан қор биржасының бүгінгі сессиясының қорытындысы бойынша бір доллардың орташа бағамы 384,06 теңге болды.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары