Тікелей эфир

"Партия мүшелері санының төменгі шегі 20 мыңға қысқарады". Тоқаев ҰҚСК отырысында тағы не айтты?

Фото informburo.kz
Фото informburo.kz
Бүгін Нұр-Cұлтанда президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысы өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бірінші отырысынан бері айтарлықтай жұмыс атқарылғанын сөз етті:

"Мен мемлекеттік аппаратқа Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің жұмысына қолдау көрсетуді тапсырдым. Осы ретте биліктің диалог орнатуға және реформалар жасауға мүдделі екеніне ешкімнің күмәні жоқ деп ойлаймын. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мүшелерінің қызу пікірталасы мен маңызды мәселелерді талқылауы - демократияны нығайтуға үлкен серпін беретін қадам. Біз балама көзқарастан қорықпауды үйренудеміз. Ұлттық кеңестің бірінші отырысындағы бастамалар қолға алынып, реформалардың бірінші топтамасын дайындадық".

Президент ең алдымен қарапайым азаматтардың мұң-мұқтажына назар аудару қажеттігіне тоқталып, алайда, түйткілді мәселелердің бірнеше айда бірден шешіле қоймайтынын да ескерді.

Игерілмей жатқан жерлер туралы

"Жақында Ақмола облысына жасаған сапарымда тиімсіз пайдаланылып жатқан жер проблемасына назар аудардым. "Жерді игере алатын адам ғана оған иелік етуі қажет" деп санаймын. Ұлттық комиссия мүшелері пайдаланылмай жатқан және тиімсіз пайдаланылып жатқан жерді бақылау үшін ғарыш арқылы мониторинг жасау қажеттігін айтқан болатын. Қазан айында мен жерді қашықтықтан бақылау үшін агроөнеркәсіптік кешенді реттеу мәселелері жөнінде заңға қол қойдым. Бұдан былай ғарыш суреттері арқылы жер иесімен шартты бұзуға қол жеткіземіз. Сондай-ақ, бұл қадам тексерушілер мен инспекторлардың процеске қатысуын барынша азайтады. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Цифрлық даму министрлігіне жерге ғарыш арқылы мониторинг жасау туралы алғашқы жобаны 2020 жылдың 1 мамырына дейін әзірлеуге тапсырамын" деді президент.

Сондай-ақ, жерді тиімді пайдаланбаған жандарға салынатын базалық салық көрсеткішін 10-нан 20-ға дейін көбейту қажет. Игерілмей жатқан жерлерді қайтарып алу мерзімін 2 жылдан 1 жылға дейін азайту керек", – деген Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік құрылымдар мен бюджет қаржысының ашықтығын да сөз етті.

Оқи отырыңыз: Жер мәселесін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі қарайды. "ҚазАгро" мен LRT дауы қалай шешіледі?

Президенттің тапсырмасы бойынша, 2020 жылдың қаңтар айынан бастап, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитеті мемлекеттік органдар мен ұйымдар бойынша аудиторлық тексерістерінің нәтижесін жариялап отыратын болады. Сондай-ақ, мемлекеттік кәсіпорындардағы жүзге жуық қызмет түрінің қысқартылатыны белгілі болды. Мемлекет басшысы мұндай қызметтердің, әсіресе, үлкен қалаларда қысқартылғаны дұрыс деп санайды.


Ұлттық кеңес қатысушылары

Ұлттық кеңес қатысушылары / Фото informburo.kz


Кемсітушілікке жол берілмейді

"Біз шетелдік жұмыс берушілер тарапынан кемсітушілікке жол бермеуіміз керек. Биыл 95 шетелдік компанияның жұмысы тексеріліп, нәтижесінде 930 заң бұзушылық анықталды. Олардың арасында қызметкерлердің лауазымына сәйкессіздігі секілді заң бұзушылықтар бар. Бұдан былай, шетелден шақырылатын жұмыс берушілер саны айтарлықтай қысқарады. Мәселен, 2019 жылы олардың саны 49 мың болса, 2020 жылы бұл көрсеткіш 29 мыңға дейін азаяды. Шетелдік персоналды төртінші категория бойынша қысқартамыз. Қызметкерлердің жалақысының арасында әжептәуір алшақтық болса, оған бірден назар аударатын боламыз" – деді президент.

Микро және шағын бизнес табыс салығынан 3 жылға босатылады

"Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында халық бюджетті қарастыру мәселесіне атсалысты. Бұл "Азаматтық бюджет" деп аталады. Мұнда ашықтық мәселесі барлық операцияларды қамтуы тиіс.

Бұдан бөлек, сыртқы кредиторлар алдындағы қарыз туралы спекуляция тоқтатылуы керек. 2020 жылдың 1 сәуіріне дейін Ұлттық экономика министрлігі, Қаржы министрлігі және Ұлттық банк сыртқы қарыздың цифлық деректер базасы түріндегі Бірыңғай реестрін жетілдіруі тиіс. Ұлттық банк 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап, айырбас кестесін жариялап отыруға міндеттеледі.

Тағы бір жаңалық – бұдан былай микро және шағын бизнес табыс салығынан 3 жылға босатылады" – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ашық интеграцияланған мәліметтер базасы жасалады

Президент қазірге дейін шешімін таппай келе жатқан мәселелердің бірі көлеңкелі экономика мәселесі екендігін, соның салдарынан кінәсіз кәсіпкерлер зардап шегетінін айтты. Осы мәселені шешу мақсатында ашық интеграцияланған мәліметтер базасы жасалатыны белгілі болды. Онда салық, кеден және құқық қорғау органдарына қатысты мәліметтер орналастырылады.

11 айда 80 мыңдай жүргізуші жазаланған

Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдық жерлердегі цифрлық қызметтердің төмен сапасына назар аударды. Ол арнайы деректер базасы құрылып, қымбат тұратын ақпараттық жүйелер сатып алынғанына қарамастан, әлі күнге дейін қағаз түріндегі құжаттар талап етілетінін айтты. Тоқаев цифрлық қызметтің қолжетімсіздігінен "әрбір жүргізуші өзімен бірге құжат, көлік құжатын, көліктің техникалық паспортын алып жүруге мәжбүр екенін" сөз етті. Соның нәтижесінде, өткен 11 айда 80 мыңдай жүргізуші жазаланғаны мәлім болды. Президент Үкіметтің осы проблемаға назар аударуы керек екенін, қажет болса заңнамалық актілерге өзгеріс енгізілетінін айтты.

Көпбалалы отбасыларға бала санына қарай көмек беріледі

"Мемлекет көмекке зәру жандарға атаулы әлеуметтік көмек көрсетеді. Таяуда жасалған жаңа төлеу форматында әрбір отбасының кірісіне назар аударылды. Көпбалалы отбасылар кірісіне қарамастан, бала санына байланысты мемлекеттен 42 500 теңгеден 74 мың теңгеге дейінгі көлемде көмек алатын болады" – деді президент.

Сондай-ақ, ол көпбалалы отбасылардың мектепке бармаған балаларына азық-түлік, ал мектеп жасындағы балаларға тегін тамақ, мектеп құралдары мен оқу формасы берілетінін хабарлады. Бұдан бөлек, көпбалалы отбасылардың мектепте оқитын балалары мектепке тегін қатынауға мүмкіндік алатыны айтылды. Ата-ана қамқорлығынан айрылған балаларға арналған кешенді әлеуметтік патронаттық қолдауды күшейту мәселесі де сөз болды.

Оқи отырыңыз: Атаулы әлеуметтік көмекті алудың жаңа шарттары қандай?

Мүмкіндігі шектеулі жандардың 25 пайызы ғана жұмыспен қамтылған

Қасым-Жомарт Тоқаев мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдау мәселесіне де назар аударды. Оның айтуынша, бүгінгі таңда Қазақстанда 106 мың мүмкіндігі шектеулі жан болса, оның 25 пайызы ғана жұмыс істейді. Сондай-ақ, Ақмола, Батыс Қазақстан, Ақтөбе және Алматы облыстары мен Шымкент, Нұр-Сұлтан қалаларында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған еңбекпен қамту және әлеуметтік оңалту орталықтары жоқ екені де сөз болды. Президент Үкіметке осы проблеманың шешімін табуды тапсырды. Сонымен қатар, жұмыс берушілер мүмкіндігі шектеулі адамдарды қабылдау үшін арнайы квота бөлінуі қажет екені де айтылды. "Квота бөлінбеген жағдайда мүмкіндігі шектеулі жандарға өтемақы төлеу мәселесі қарастырылуы тиіс" деді Тоқаев.

Латын әліпбиінің үш нұсқасы да жарамайды

Қасым-Жомарт Тоқаев латын әліпбиіне көшуде асығыстыққа бармау қажеттігін тапсырды: "Бұл мәселе кеңесте талқыланды. Жаңа әліпбиді жан-жақты талдап, зерттеу қажет. Ұсынылған 3 нұсқа да жеткіліксіз болды. Бұл үшін қазақ тілін реформалау, жаңғырту қажет. Ғалымдардың пікірлерін күтеміз".

Оқи отырыңыз: Латын əрпінің соңғы нұсқасы қашан қолданысқа енеді?


Ұлттық кеңес қатысушылары

Ұлттық кеңес қатысушылары / Фото informburo.kz


Саяси жүйе реформаланады

Президенттің айтуынша, билік сындарлы диалог орнатуға мүдделі. "Реформалар елді дүрбелеңге бастайтын емес, тұрақты дамуға бастайтын қадам болуы шарт. Ешкімде саяси жаңғырту жөнінде күмән болмауы тиіс. Біз саяси процестердің жасампаздығын дамытуымыз қажет. Барынша саналы ортаны табу қажет. Саяси бастамалардың бірінші топтамасы әзірленді", – деді Президент.

Митингтер туралы заңнама жетілдіріледі

"Заңды, қоғамдық тәртіпті, азаматтардың тыныштығын бұзбаса, митинг өткізуге болады. Қоғамға митингтер мәдениетін түсіндіру маңызды. Митинг – тек құқық қана емес, адамдардың жауапкершілігі. Мен жолдауымда митинг туралы заңнаманы жетілдіру керектігін айтқан едім. Бейбіт митингтер туралы жоба әзірленіп жатыр. Бұл жерде бейбіт митинг туралы концептуалды жаңа заңды әзірлеу қажет. Оны парламент қарауына ұсынамыз", – деді Президент.

Партиялар туралы

"Біздің қоғам партия құрылысының жаңа сапалық кезеңіне өтетіндей дәрежеге жетті. Тіркеу үшін партия мүшелері санының төменгі шегін екі есеге азайтуды ұсынамын, яғни 20 мыңға дейін. Жалпы, партияларға және сайлауға қатысты заңдарды бірте-бірте өзгертуіміз керек. Біз Парламентке және жергілікті органдарға жастардың келуіне көмектесуге тиіспіз", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ол, сондай-ақ, парламенттік оппозицияны дамыту қажеттігіне тоқталды: "Соңғы жылдары өз ұстанымдарын ашық білдіріп жүрген азаматтар қоғамның дамуына айтарлықтай атсалысты. "Парламент туралы" заңды саяси азшылыққа кепілдік беретін нормалармен толықтыру керек. Бұл биліктің заң шығару тармағындағы баламалы қызметтің жүйелі жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл сұрақ бойынша Үкіметтің Президент әкімшілігімен бірге Парламентке ұсыныс беруін тапсырамын".

130-бап қылмыс деп танылмай, Әкімшілік кодекске ауыстырылады

"Қылмыстық кодекстің 130-бабы қызу пікірталас тудырып отыр. Бұл - жалған айту және жала жабу туралы бап. Кеше ғана отырыс алдында Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі осы тақырыпты талқылады. Пікірталас кезінде бір шешімге келу қиын болды. Барлық мәселені ескере отырып, 130-бапты қылмыс деп танымай, Әкімшілік кодекске ауыстыру қажет деп шештім. Біз азаматтарды жала жабудан қорғауға тиіспіз. Демократия – даму мен жасампаздықтың қадамы болуы тиіс. Жалған сөйлеуге жол бермейміз" деді президент. Сондай-ақ, ол қылмыстық жазасын өтеп келген азаматтардың қаржылық шектеулерін алып тастау керектігін де сөз етті.

"Билік пен халық диалогы арқылы кедергілерді еңсеруіміз керек. Біріккен ұлттар ұйымының "бірлік – әралуандықта" деген тезисі бар. Билік оң өзгерістерге дайын. Ұлттық кеңес осы жерде үлкен рөл атқаруы керек.

Шындығын айтқанда, бүгінде адамдар айналадағы толған агрессиядан, текетірестен шаршады. Сондықтан, жақсылықты молайтуымыз керек, ізгі ниетті болуды үйренуіміз керек. Мейірімді, рақымды, бекзат болу – орнықты даму мен рухани өрлеудің қозғаушы күші болуы тиіс. Осы арқылы біз әділ қоғам мен өркениетті мемлекет құра аламыз", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Серіктестер жаңалықтары