Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында блогер Эльмира Төлегенова тергеу барысында өзіне қысым көрсетілгенін мәлімдеді.
Оның айтуынша, өзіне және Ерболат Жанәбіловке қатысты іс 2025 жылғы қыркүйекте мемлекеттік органға жолданған. Ал алғашқы кездесу тергеушімен қараша айында өткен.
Төлегенованың сөзінше, алғашқы кездесуде нақты жауап алу жүргізілмеген. Алайда екінші кездесуде құжаттар мен бухгалтерлік есеп тапсырылғаннан кейін тергеуші тарапынан қысым байқала бастаған.
"Екінші келгенімізде тергеуші түрлі ишаралы сөздер айта бастады. Қысым көбіне жұбайыма жасалды, менімен нақты сөйлескен жоқ", – деді блогер сотта.
Оның айтуынша, келесі кездесуде оларды басқа кабинетке апарып, тергеуші өзін агрессивті ұстаған және сөз сөйлеуге мүмкіндік бермеген.
"Бізді балалар сияқты ұрысты. "Сендер ең жаманысыңдар, отбасың маңызды емес" деген сияқты сөздер айтты. Егер кінәні мойындамасаңдар, мүліктеріңді, көліктеріңді аламыз, тапқан табыстарыңды толық өндіріп аламыз деп қорқытты", – деді Төлегенова.
Сонымен қатар, блогер 2026 жылғы қаңтарда тергеу аясында веб-сайт әзірлеумен айналысқан Сұңғат Өтебулатовтың үйінде тінту жүргізілгенін айтты. Оның сөзінше, онлайн курстарды сату және орналастыруға арналған сервис дайын күйінде сатып алынған.
Қазіргі уақытта іс бойынша сот процесі жалғасып жатыр.