Тікелей эфир

"Азаптап өлтірген". Адам өліміне қатысты істер қалай ашылып жатыр?

Заңгерлер қылмыстық істерді зерттеп-зерделеу барысында шикіліктер көп екенін айтады.

"Бас сүйегін, қабырғаларын сындырған. Үш жерінен пышақ салған. Атқан. Азаптап өлтірген". Алматы облысында күйеуінің денесін осындай күйде көрген келіншек марқұмның қазасына бір ғана адам емес, бірнеше адамның қатысы бар екенін, бірақ полиция тек бір күдіктіні ғана қамағанын айтады. 

Дәл осы Талғар ауданында өткен жылдың қазан айында қайтыс болған Дінмұхаммед Жеңісовтің де жақындары сол кезде полиция қызметкері болған күдіктінің жазадан сытылып кеткенін айтып, шағымданды.

31 арнаның "Сөздің шыны керек" бағдарламасы адам өліміне қатысты екі деректі сараптап көрді.

"Денесінде бір сау жер жоқ"

Бейбіт күнде оқ тиіп, пышақ жарақатынан қайтыс болған Сүйінбай Атаниязовтың жақындары марқұмның өліміне бір емес, бірнеше азаматтың қатысы бар деп күдіктенеді. Осы айдың 17-нен 18-не қараған түні қайтыс болған азаматты қансырап жатқан жерінен досы тауып алған. Жақындарының сөзінше, ол жерге марқұмның досы әлдекімдердің шақыртуымен барған. Бірақ он минут бойы үздіксіз атылған оқтан қашып келе жатқанда қансырап жатқан жігітті көлігіне салып, ауруханаға апарған көрінеді.

"Денесінде, іш құрылысында бір сау жер жоқ. Басы да, бас сүйегі де, қабырғалары да сынған", – дейді марқұмның әйелі Сәуле Жолдыбаева.

Туыстарының пайымынша, оқиға орнында қалған қан іздері марқұмның қашуға жасаған әрекетінің ізі болуы мүмкін. 

Бағдарлама скрині.

Келіншегінің сөзінше, бұған дейін де, яғни 28 маусым күні қазір күдікті ретінде қамауға алынған азаматпен бірге бірнеше адам күйеуін соққыға жығып, басын жарған көрінеді. Сондықтан соңғы жағдайға да бір адамның ғана қатысы болуы мүмкін емес екенін айтады.

"28-і күні өз көзіммен көрдім, сол жерде Ерболат, Дамир, тағы да екі бала бар, барлығы төрт бала болып менің жолдасымды тепкілеп, басын жарып, сол жерде аяусыз пышақтап өлтірейін деген жерінен құтқарып алды", – дейді Сәуле Жолдыбаева.

Бейбіт күнде адам қолынан қаза тапқан 33 жастағы Сүйінбайдың артында үш ұлы қалды.

Бала күніне спортқа жағын, кейін жаттықтырушы, күзетші болып жұмыс істеген азаматқа бір адамның шамасы жетуі мүмкін емес, олар алдымен соққыға жығып, артынан атып өлтірді дейді марқұмның туыстары.


Оқи отырыңыз: "16 жерінен пышақтаған". Соққыға жығылған әйелдерді кім қорғайды?


"Күдікті амнистиямен босап кетті"

Талғар қаласында көлік қағып, қаза тапқан азамат Дінмұхаммед Жеңісовтің жақындары да істің ақ-қарасы ашылуын талап етіп отыр.

18 жастағы жігітті жол жиегінде кетіп бара жатқан жерінен көлік қағып кеткен. Марқұмды қаққан бұрынғы полиция қызметкері алғашқы көмек көрсетпеген күйі оқиға орнынан із жасырған. Жәбірленушінің денесін алғашқы куәгер тек екі сағаттан кейін ғана тауып алып, жедел жәрдем шақырып тұрғанда күдікті оқиға орнына қайта оралған. Бірақ кінәсін мойындамаған күйі полицияға араға үш күн салып бірақ барады.

  Бағдарлама скрині.

Марқұмның жақындары ол уақыт аралағында күдіктінің денесінен алкоголь табылмай, жазадан сытылып кеткенін айтады. Күдікті жол-көлік инспекторы болғандықтан, ішімдіктің адам ағзасында қанша уақыт тұратыны мен қалай кетіретінін білгенін алға тартып отыр.

"Моншада отырған, кафеде. Сол жерде сыра ішкен. Ол жаққа ол мас болып келген екен. Әлі күнге дейін бостандықта жүр. Соттың шешімімен оған 2 жыл 6 ай берді, бірақ амнистиямен шығарылып отыр", – дейді марқұмның ағасы Әділет Керімбаев.

Жәбірленуші тараптың қорғаушысы, заңгер Ғабит Өмірбек тергеу шала жүргенін, Талғар аудандық соты күдіктінің қылмысын дұрыс дәрежелемегенін, айғақ ретінде ұсынылған бенежазбалар ескерілмегенін айтады. Айтуынша, күдікті көлігімен адам қағып, оқиға орнынан ізін суытқанда көлік ішінде отырған екінші азаматтың да үстінен іс қозғалуы тиіс. Заңгер жол-көлік оқиғасы болған күні күдіктінің масаң күйін растайтын бейнебақылау жазбаларын соттың ескермегеніне таңданып отыр.

  Бағдарлама скрині.

"Қылмыстық кодекстің 246-бабымен дәрежеленуі керек еді. Өйткені рөлдің тізгінінде отырған азамат масаң күйде болды. Оның жанындағы азаматқа қатысты Қылмыстық кодекстің 117-бабымен қылмыстық іс тіркелуі керек еді. Яғни, "адамды қаққаннан кейін азаматты қауіпті жағдайда қалдырып кету" деген арнайы бап бар. Ол бапты қылмыстық іс бойынша анықтаушы басшылыққа алмаған", – дейді Ғабит Өмірбек.


Оқи отырыңыз: "Анаңа айтсаң, аямаймын". Зорлық көрген балалардың құқығын кім қорғайды?


"Тергеушілер іске салғырт қарайды"

Талғар іргесінде болған қылмыстық іске қатысты Алматы облыстық полиция департаменті мәлімет берген. Онда оқиға болған күні жәбірленуші мен оның алыс танысы арасында ауызша кикілжің болып, соңы төбелеске ұласқанын айтылған.

"Төбелес салдарынан жәбірленуші ауруханаға жеткізілді, арада біраз уақыт өткен соң жәбірленуші таныстарын жинап, өзін ұрып-соққан танысымен қайта сөйлеспек болады. Әңгіме барысында тартыс басталып, көп ұзамай төбелес пен кісі өлтіруге ұласты. Кісі өлтірді деген күдікпен Талғар қаласының 34 жастағы тұрғыны ұсталды. Жауап алу барысында күдікті кінәсін мойындап, төбелес кезінде жәбірленушіге пышақпен дене жарақатын салғанын айтты. Яғни, қамауға алынған бір күдікті және ол кінәсін мойнына алып отыр", – деп жауап берген полиция департаменті бағдарлама тілшісіне.

Заңгерлер қылмыстық істерді зерттеп-зерделеу барысында шикіліктер көп екенін айтады.

"Тергеушілер өздерінің істеріне салғырт қарайды. Екіншіден, қылмысты ашу оларға қиынға соғады. Ең бастысы, бір адам күдікті болса болды, соған барлығын қыстыра салады. Ал оның айналасында не болды, олармен кім болды, оқиға барысы қалай өрбіді, оларға аса қызық емес. Бір тергеушіге 30-40 іс бергеннен кейін ол барлығын қалай ретке келтіреді? Әрине, шала-шала істеп, сотқа өткізе салады", – дейді заңгер Кәмиша Есмұхамбетқызы.

  Бағдарлама скрині.

Талғар іргесінде болған қарулы қақтығысқа қатысты марқұмның туыстары шикілік көп екенін айтып, оқиғаны 28 маусымда басталған жағдайдан бастап жіті зеделеу керек екенін айтып отыр.

Ал көлік қағып қайтыс болған азаматтың жақындары болса, сот шетімен келіспей, апелляциялық сотқа шағым түсірген.

"Сөздің шыны керек" жобасының авторы Ирина Советжанқызы

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары