16 жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе сексуалды сипаттағы өзге әрекеттер жасау жөніндегі бап бойынша Қазақстанда 2021 жылдың алғашқы үш айында 56 қылмыстық іс тіркелсе, биылдың сәйкес мерзімінде 86 қылмыстық іс тіркелген.
31 арнадағы "Сөздің шыны керек" бағдарламасы қызының зорлық көргенін айтып, қылмысты дәлелдей алмай жүрген екі ананың жанайқайына құлақ түрді.
"Қызымды екі рет зорлап кетті"
Құрбангүл Худайқұлова қызының 16 жасында екі баланың анасы атанғанын айтып, "оның қаршадайынан бала бағып отыруына себепші болып отырғандар қамауға алынбады, қызымды бірнеше адам зорлаған" деп ашынып отыр.
"Қызым 13 жасында, кейін 15 жасында тағы зорланды. Бірінші қылмысқа төрт адамның қатысы бар, екінші қылмысты істеген күдіктінің де кім екені белгілі. Бірақ полиция оларды қамауға құлықсыз. Екі жағдайдан кейін де қызым сәбилі болды. Алғашқы жүктілігін білмей қалдым. Кейінгісінде қызым сәбиін сақтап қалғысы келді", – деген ана қайда барса да, қызын кінәлайтындар, мазақтап, кемсітетіндер болатынына қапалы.
Ол қызының жүкті екенін босанған кезде бір-ақ білгенін айтады.
"Карантиннің кезі. Шымкентке анамның туған күніне жібергенмін. Сол жақтан екі айдан кейін хабар естіп отырмын. Анамнан: "Қызыңыз ауруханада, туып жатыр" деп естідім. Төрт жігітті тапты, олар бас тартқан жоқ. Тіпті кабинетке кіріп, бізді мазақ қылды", – дейді ол.
Құрбангүл Худайқұлованың сөзінше, қызының екінші сәбиіне аяғы ауырлағанда кімнен қорлық көргені, баланың әкесі кім екеніне дейін анықталғанымен, күдікті жауапқа тартылмаған. Оның үстіне жасөспірім қыз соққыға да жығылған. Алайда іс материалдарында бұл факт тіркелмеген.
"Қыз "мені ұрып-соқты" деген фактілер бар. Денесі көгерген. Полиция арыз жазу барысында неліктен сол көгерген дене мүшелерін суретке түсіріп, қылмыстық іс құжаттарына тіркеп, сараптама тағайындалмаған? Денесіне келтірілген залалдың қаншалықты ауыр екенін, қандай сатыда екенін анықтау керек болған. Алайда қылмыстық іс құжатында ондай еш құжат жоқ. Қазір уақыты өтіп кетті", – дейді заңгер Ғабит Өмірбек.
Құрбанкүл Худайқұлованың шағымына қатысты Алматы полиция департаменті "бірінші іс бойынша жәбірленуші бес адамнан күдіктенгенін, солардың бірінен балалы болғанын айтып шағымданды" дейді. Алайда барлық сараптамалық зерттеулер, соның ішінде геномдық сараптама бойынша күдіктілердің ешбірі баланың әкесі ретінде танылмаған.
Ал жәбірленуші тараптың екінші шағымы бойынша іс Наурызбай аудандық полиция бөлімінің өндірісінде болған. Бірақ сараптамалық зерттеулер зорлық белгілері табылмағанын анықтаған.
Оқи отырыңыз: "Өгей шешем суға тұншықтырды". Елордада тұрмыстық зорлық тақырыбында көрме жұмысы басталды
"Қызымды бір күндік пәтерге алып барған"
Өтінішімен есімін Айгүл деп өзгерттірген ана қызын зорлаған адам жауапқа тартылмағанын, оны полиция босатып жібергенін айтады. Алмалы аудандық полиция бөлімінің табалдырығын тоздырып жүрген ол өзін "жәбірленушінің анасымын, бірақ құжат жүзінде сенімді өкілімін. Кішкентайынан бағып алған туысымның қызы" деп таныстырды. Айтуынша, қызы 18 ақпан күні жоғалып кеткен соң, ауылдағы полиция бөліміне шағымданған. Қызды келесі күні 19 ақпанда Алматы қаласындағы сұлулық салонының бірінен тапқан. Анасының айтуынша, үйден 700 мың теңге жоғалған.
"Сұлулық салонынан табылды. Сол жерде жаурап отырған жерінен қыздар кіргізіп, сұраған. Сол кісілерге біздің номерлерді беріп, олар арқылы алып кеткен болатынбыз. Бір күндік пәтерге апарып, ойына келгенін істеп, тастап кеткен", – дейді Айгүл.
Жәбірленушінің жақыны "қыздың балалығын, аңқаулығын пайдаланып, Алматыға апарып, өзін зорлап, тастап кеткен күдіктінің үстінен бірден шағым жазып, іздеу салдық. Сот-медициналық сараптама да жасалды. Алайда күдікті қамауға үш айдан соң алынып, бірден босатылды" деп ренжулі.
Ал Алматы полициясы қамауға алынған күдіктінің де кәмелет жасқа толмағаны ескеріліп, үш сағаттан артық қамауда ұстай алағанын айтты.
"Жасы 15-те. Оның да құқығы бар. Оны да үш сағаттан артық ұстай алмаймыз. Барлық тергеу амалдары ата-анасының және қорғаушының қатысуымен болды. Оның үстіне сот-медициналық сараптаманың ұйғарымына сәйкес, зорлықтың белгілері табылған жоқ", – дейді Алматы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Оқи отырыңыз: "Қолымды ұлыма байлатып қойып ұрады". Зорлықшыл әкелерге тыйым бар ма?
"Балаларға қатысты іс ерекше бақылауға алынуы керек"
"Қылмыстық кодекстің зорлау бабы бойынша қозғалатын қылмыстық істерде жәбірленуші тарапты қорғаудың орнына оларды осы тағдыры үшін табалау, кінәлау біздің қоғамда қалыпты жағдайға айналғандай. Ал олардың анасы болса, ешкім тағдырын таңдап алмайтыны айтып, қыздарына қастық қылғандардың қылмысын дәлелдей алмай шырылдап жүр", – деген бағдарлама жүргізушісі Ирина Советжанқызы мұндай жағдай ҚР Қылмыстық кодексінің 122-бабында қарастырылғанын ескертті.
Бұл бап бойынша, 16 жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе сексуалды сипаттағы өзге де әрекеттер жасау қылмыс деп танылған. Оның жазасы – қылмыстың сипатына қарай күдіктінің 5 жылға дейінгі бостандығын шектеу немесе екі және одан да көп адамның қатысы болса, 12-15 жылға дейінгі мерзімде бас бостандығынан айыру.
Заңгерлер мен кәмелетке толмаған балалар құқығын қорғаушылар зорлау дерегіне қатысты жәбірленуші ретінде танылған балалардың ісі ерекше бақылауға алынуы керек екенін айтады.
"Біздің қазақи менталитет қой. "Ұят болады", "Ешкім естімей-ақ қойсын" деп, қаншама қыздың әке-шешесі арыз жазуға рұқсат бермей отырған фактілер бар. Сондықтан кәмелет жасқа немесе 14 жасқа толмаған қыз зорланса, қылмыстық іс тіркелгеннен күннен бастап, ол күдіктімен, күдіктінің туыстарымен қарым-қатынаста болмауы тиіс", – дейді заңгер Ғабит Өмірбек.
Заңгер Ләззат Рақышева да елдің сөзінен қорқып, полицияға шағымданбайтын ата-аналарды сынға алды. Айтуынша, бұл – баланы қайғысымен жалғыз қалдыру деген сөз. "Онсыз да педофилдің ата-анаңды өлтіремін дегеніне қорқып, бұл сұмдыққа үндемей көніп жүретін балалар бар" дейді ол.
"Шешеңе айтсаң, шешеңді өлтіремін деген. Кішкентай қыз шешесін өлтіріп қоя ма деп, өгей әкесінің бар айтқанына көне берген", – дейді Ләззат Рақышева.
Оқи отырыңыз: "Ажырасу – ұят, ал таяқ жеу – тағдырдың жазғаны ма?" Тұрмыстық зорлық жөніндегі халықаралық сарапшымен сұхбат
Сондай-ақ, құқық қорғаушы жәбірленушілердің ісіне қатысты сараптама тағайындау кезінде жәбірленуші тарапты жүгіртіп қоятын құзырлы орган жұмысына да көңілі толмайтынын жеткізді. Жақында сондай істе қорғаушы болған ол баланың зорланғанын дәлелдеу үшін ұзақ жүгіргенін айтты.
"Жарасы жазылып кеткен. Екінші сараптаманы Алматыда жасағанда онда "Арты жағына үлкен зат кірген" деп айтылады. Ол туа біткен нәрсе емес, шынында да болған жағдай. Сотқа барса, "жоқ, бұл болмайды" деп, қайтадан сараптамаға жібереді", – дейді Ләззат Рақышева.
Қорғаушы мектептерде он жастан бастап құрамында психолог мамандары бар арнайы медициналық тексерулер өткізу міндеттелсе дейді. Балалардың қандай қиындықты үнсіз өңгеріп жатқанын анықтау мақсатында психологиялық тест алуды да ұсынды. Ал 16 жасқа толмаған жәбірленушілердің ісін қарайтын тергеу тобында әйел адамдар мен психологиялық білім бар мамандар болуы керек екенін айтты.
Сонымен қатар ол түрмеде педофилдерді азаптау дерегін азайту керек екенін атап өтті. Себебі, "түрмеден шыққан педофил онда көрген азабын бостандыққа шыға салып тағы бір балаға көрсетіп, қайталамасына кепіл жоқ" дейді.
"Сөздің шыны керек" жобасының авторы Ирина Советжанқызы