Қазақстан Республикасының премьер-министрі Олжас Бектенов тапсырмасы аясында Алматы қаласында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын бақылау және тұрақтандыру бойынша кешенді шаралар қолға алынды.
"2026 жылғы 16 сәуірден бастап "Барыс-4" базары аумағындағы көтерме сауда нүктелерінде бағаға жүйелі мониторинг жүргізілуде. Бұл жұмыстарға қалалық Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы, Сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті, Мемлекеттік кірістер департаменті, сондай-ақ Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің өкілдері тартылған. Негізгі мақсат — баға тұрақтылығын қамтамасыз ету және азық-түлік бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу. Әсіресе сауда үстемесінің 15 пайыздан аспауын қадағалау және жеткізу тізбегіндегі артық делдалдарды қысқарту мәселесіне басымдық беріліп отыр", – делінген хабарламада.
Сонымен қатар, кәсіпкерлер мен базар әкімшілігі арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Сауда қатысушыларына баға белгілеудің ашықтығы, заң талаптарын сақтау және тауарларға дұрыс рәсімделген баға белгілерін қою қажеттігі ескертіліп жатыр.
Егер заңбұзушылықтар анықталса, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік бақылау шаралары қабылданады. Мониторинг нәтижелері өңірлік комиссияда қаралып, құқық бұзғандарға әкімшілік жауапкершілік жүктеледі.
Аталған бағыттағы жұмыстар жалғасып, тұрақты бақылауда болады.