Ақтөбеде 900 бала оқитын мектепте бір аптадан бері сабақ тоқтатылды. Өйткені, білім ордасының іші жылымай, оқушылар суық кабинеттерде отыра алмаған соң осындай шешім қабылданған, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Бұдан бөлек, балабақша тәрбиеленушілері де жаппай үйіне жіберілген. Ал 50 шақты көп қабатты тұрғын үйі бар бүтіндей шағын аудан тұрғындары жеті күннен бері жылусыз отыр. Жылда осы уақытта жылусыз қаламыз деген халық айыптыларды жауапқа тартуды талап етеді.
"Биыл үйдің іші салқын. Барлық бөлмеде тоқ пеш қосып отырмыз. Балабақша, мектеп жабылды. Жылу жоқ, түнде де киініп жатамыз. Қалыңдатыр бір-екі көрпе жамыламыз", – дейді тұрғын Райса Өтеубаева.
Бүтіндей бір шағын ауданда жылудың жоқтығынан мектеп те оқуға көшкен.
"Бағдарлама үзілген жоқ. Себебі, балалар онлайн оқып жатыр", – дейді Ақтөбе қаласы №29 орта мектептің директоры Есенай Мұқашев.
Ал қаланы түгел жылумен қамтамасыз етіп отырған мекеме бұл ауданға жылу беретін қазандықтардың ескіргенін айтады. 47 жыл бойы бір де бір жөндеу көрмеген үш қазандықтың қазір екеуі бұзылған. 2018 жылы көнерген қазандықтарды жаңартуға 800 миллион теңге бөлінген. Алайда тендерді ұтқан алғашқы компания жұмысын аяқтамай, жарты жолда тастап кеткен.
"Жаңа қазандық қосылады деген үмітпен жаздай тек мына көне қазандықты екі айға шыдайтындай қылып жөндеген болатынбыз. Бірақ, оның ресурсы бітіп жатыр. Қазіргі таңда үш қазандықтың біреуін құлатып, орнына жаңасын уақытша қойдық", – дейді Aqtobe su-energy group АҚ бас инженері Айтпай Дауылбаев.
Тұрғындар жылудың жайын ала жаздай емес, қыс түскенде ойлайтын жергілікті биліктің әрекетіне наразы. Ал жауаптылардың сөзіне сенсек, алдағы 3-4 күнде үшінші қазандық жөнделіп іске қосылады. Ал тендерді ұтқан мердігер компания үш бірдей қазандықты жаңа жылға дейін жаңартып береді деп отыр.