Ақтөбе қаласындағы 55 көп қабатты үйдің тұрғындары әлі жылу берілмеуіне байланысты бас көтерді. Олар қазір электр жылытқышын қолданып, жан сақтауға мәжбүр, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Сонымен бірге Алматы ауданындағы Мұхтар Арын атындағы Қарғалы қазақ орта мектебіне де әлі жылу берілмеген.
"1 қазаннан бері мектепте жылу жоқ. ТЖБ не БЖБ алынбайтын және баға шықпайтын сағаттардың кейбірін қысқартуға мәжбүр болып отырмыз", – дейді мектеп директоры Жасұлан Жанайдаров.
Жылудың берілмеуі тендер жеңімпазының кеш анықталып, сәйкесінше жөндеу жұмыстарының да мерзімінен кейін басталуымен байланысты. Мұны аудан әкімінің орынбасары Бекұзақ Дарин да растады. Оның сөзінше, жөндеу жұмыстары жылу маусымына дейін бітпейтіні конкурс аяқталған кезде-ақ белгілі болған.
"Мемлекеттік тапсырыс кеш болды. Ал тамыз айында ұзындығы 702 метр жылу жүйесін ауыстыру мүмкін емес. Ол бір күн не бір аптаның жұмысы емес", – дейді ол.
Жол жөндеуші мердігер компания "ҚазПром" ЖШС басшылығы да ауданға жылудың мерзімінде берілмеуіне қатысты өз себептерін алға тартып отыр. Олар – құбырлар мен дизель отынының қымбаттауы.
"Трубаның тоннасы 300 мың болса, бүгінде 600 мың теңгеге қымбаттады. Ол – Ресейден тапсырыспен алынатын материал. Қазақстанды шығарылмайды. Екінші себеп – дизель бағасының 160 теңгеден 270 теңгеге көтерілуі. Трубаны Ресейден әкелу үшін екі машинаның өзін бір апта іздедік. Сөйтіп, материал кеш келді", – дейді "ҚазПром" ЖШС директорының орынбасары Махамбет Әжібаев.