Оқи отырыңыз: Көрме, театр, ойын-сауық орталықтарының қызметі тоқтайды. Төтенше жағдай кезінде тағы қандай шектеулер қойылады?
Қазақстан ТЖ режиміне мүлде дайын емес, қолданыстағы заңнама жүйесін жетілдіру керек
Дүние жүзін құрсауына алған коронавирус індетінің салдарынан көптеген елдер төтенше жағдай жариялауға мәжбүр болды. Соның ішінде Қазақстан да бар. Эпидемияға байланысты ел көлемінде тұңғыш рет мұндай дәрежедегі төтенше жағдай режимі енгізілді. Сарапшылар бізде осыған қатысты әртүрлі заңдарымыз болғанына қарамастан, еліміз заңдық тұрғыда төтенше жағдайға мүлдем дайын еместігін көрсетті дейді.
Ал, конституциялық құқық жөніндегі маман Акиф Сулейманов төтенше жағдайдан сабақ алып, қазіргі қолданыстағы бірқатар заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет деген пікірде.
"Президенттің төтенше жағдай жариялау туралы жарлыққа қол қоюы конституция тұрғысынан қарағанда заңды. Онда ешқандай заң бұзушылық болған жоқ. Конституцияға сәйкес, Мемлекет басшысы Парламент палаталарымен, Сенат спикерімен және Премьер-министрмен кеңескеннен кейін елде төтенше жағдай жариялады", – деді заң ғылымдарының докторы Акиф Сулейманов.
Оқи отырыңыз: Мейрамхана, сұлулық салоны, жаттығу залдары жабық. Карантин кезінде тағы қандай шектеулер қойылады?
ТЖ кезінде санитарлық дәрігерлер шығарған қаулылар заңды емес
Мамандар көтерген тағы бір маңызды мәселе – санитарлық дәрігерлер қабылдаған қаулыларға қатысты. Сарапшылар карантин ережелерін әркімнің өз білгенінше бекіткенін сынға алды.
"Президент өзінің өкілеттілігінен карантиндік шектеулерді алып тастап, шешім қабылдауды санитарлық дәрігерлердің құзырына берді. Осы тұста біздің санитарлық заңнама, атап айтқанда, "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодексіміз" де төтенше жағдайға дайын емес екені белгілі болды. Ол мектептерде, балабақшаларда, белгілі бір нысандарда ғана карантин жариялауға және басқа жағдайлар үшін жасалған. Бірақ бүкіл елде карантиндік шектеу енгізуге емес", – деп пікір білдірді Роман Подопригора.
"Қазақстандағы парламентаризмді дамыту" қоғамдық қорының президенті Зәуреш Батталова Президенттің карантиндік шектеу бойынша шешім қабылдау жауапкершілігін ведомствоға қарасты органдарға, атап айтқанда санитарлық дәрігерлерге жүктегені біздің мемлекеттегі басқару жүйесіндегі қателік екенін алға тартты.
Оқи отырыңыз: Коронавируспен күрестің 4 кезеңі. Қазақстандық стратегия қандай нәтиже берді?
ТЖ талай жылдан бері бюджеттен қыруар қаржы жұмсалған цифрландырудың жоқ екенін көрсетті
Індет дентеп, төтенше жағдай жарияланған кезеңде оқушылар мен студенттер онлайн режимде оқуға көшіп, мекемелердің 70 пайыз қызметкері қашықтан жұмыс істеуге жіберілді. Осы тұста Қазақстанды цифрландыру бойынша әлі күнге көптеген қиындықтар барына, тіпті ғаламтордың мәселесі шешілмегеніне көз жеткіздік дейді сарапшылар. Мамандар әсіресе парламент пен мемлекеттік сектордың қашықтан жұмыс істеуге дайын емесін қадап айтты.
"Біз "Бейбіт жиындар туралы заң жобасын" Zoom бағдарламасы арқылы талқылауға тырыстық. Сол кезде парламенттің онлайн режимге дайын емесін, олардың онлайн бағдарламалары мүлдем жұмыс істемейтінін көрдік. Олар 40 минут қана жұмыс істейтін уақытша платформаларды пайдаланды. Содан кейін жиын үзіліп тынды. Парламентте, жоғарғы палата мен төменгі палатада да біздің салық төлеушілердің ақшасы есебінен жұмыс істеп жүрген мықты аппарат, IT мамандары бар ғой? Олар құрылғылардың барлығын алдын ала дайындауы керек еді", – деді құқық қорғаушы Зәуреш Батталова.
Цифрландыру мәселесінің бетін ашқан 42 500 теңге төңірегіндегі дау болды. Отандастарымыз әлеуметтік төлемді алуға өтініш беру кезінде көптеген қиындықтарға тап болғаны жасырын емес. Сарапшылар дәл сол кезеңде жауапты министрлік қызметкерлері қоғамда туындаған мәселені шешу үшін шұғыл түрде онлайн режимде үнемі байланыста болуы керек еді дейді.
Оқи отырыңыз: Төтенше жағдай кезінде табысынан айырылғандарға жәрдемақы төленеді. Тоқаевтың жаңа тапсырмаларының толық тізімі
Билік экономикалық тұрғыдан есептелмеген саяси шешімдер қабылдады
Зәуреш Батталованың айуынша, төтенше жағдайда биліктегілер экономикалық тұрғыдан есептелмеген саяси шешімдер қабылдады. Әлеуметтік көмек беруді әлеуметтік нормативтік құқықтық актілер арқылы тексермеді дейді ол. Құқық қорғаушының сөзінше, мемлекет тіпті кімге көмектесу керектігін де нақты білмеген.
"Мемлекет бірінші кезекте халықтың әлеуметтік осал санатына көмектесуі тиіс еді. Мен 42 500 теңгені шын мәнінде мұқтаждар емес, көптеген ақшадан тарықпаған адамдар алғанына сенімдімін. Ең сорақысы – мемлекет қаржы ресурстарын бірнеше рет бөлді және ол ірі бизнесті, елдегі жеке олигархтарды қолдауға бағытталды. Ал халықтың негізгі бөлігі нанын тауып жеп отырған шағын және орта бизнесті қолдау біздің басқарушыларымыздың көзінен тасада қалып отыр", – деп ойын топшылады Зәуреш Батталова.
Заң ғылымдарының докторы Акиф Сулейманов та мемлекеттің банктер мен ірі компанияларға көрсететін үздіксіз қолдауы шағын бизнесті тоқыратады деген ойда.
"Соңғы 15 жыл ішінде екінші деңгейлі банктерді, ірі бизнесті қолдау үшін Ұлттық қордан бірнеше транш жасалды. Соның кесірінен ШОБ-ті мүлдем жойып жібереміз бе деп қорқамын. Яғни, сол ірі компаниялар, конгломераттар, консорциумдар, ұлттық компаниялар, ШОБ-ті жай ғана жоқ қылып жібереді. Себебі, осы пандемия салдарынан шағын бизнеске жойылу қаупі төніп тұр. Үкімет пен Парламент бірінші кезекте 6 триллион теңге бөлетін 265 кәсіпорын туралы емес, ШОБ туралы ойлану керек", – деді Акиф Сулейманов.
Оқи отырыңыз: "Тәулігіне 604 мың маска өндірілуде". Ақпарат министрі сұрақтарға жауап берді
Азаматтар көп жағдайда тексерілмеген көздерден ақпарат алды
Сарапшылар төтенше жағдай кезінде жан-жақтан тараған ақпаратқа қатысты да ой қозғады. Олар ресми мәлімет ашық болмады, карантин режимі халыққа жеткілікті түсіндірілмеді дейді. "Президенттің жарлықтары тиісті түрде жарияланды. Қалғаны түсініксіз, адамды шатастыратын мәлімет болды. Азаматтар тексерілмеген көздерден ақпарат алды. Ол мәліметтер әр сағат сайын өзгерді", – деді Роман Подопригора. Ал, Зәуреш Батталова барлық деректерді жариялауды сол кездегі Ақпарат және қоғамдық даму министрі болған Дәурен Абаевтың қолына бергені мәлімет алуға тікелей шектеу қою деп есептейді.
"Пандемия жағдайы туралы ақпарат айту құқығын тек бір министрге, яғни Абаевқа беріп, басқаларына тыйым салғаны – нонсенс. Бұл ақпаратқа қол жеткізуге және оны барлық адамдарға таратуға, сондай-ақ әртүрлі ақпарат көздерінен мәлімет алуға тікелей шектеу қою. Барлық мәліметті ақпарат министрінің қолына берді, ол соның ішінен нені жариялау керек, нені жарияламау керек екенін тағы таңдап алды. Бұл мүлде қате көзқарас", – деді Зәуреш Батталова.
Оқи отырыңыз: "Бейбіт жиындар туралы заң жобасы Конституцияға қайшы". Қоғам белсенділері жаңа құжатқа неге қарсы?
Депутаттар қоғамның карантинде жатқанын пайдаланып, даулы заң жобаларын қабылдауға тырысты
Қазақстанда төтенше жағдай жарияланып, карантиндік шектеу шаралы енгізілген кезеңде Мәжіліс депутаттары бірқатар маңызды заң жобаларын қарап, Сенатқа мақұлдауға жіберді. Олардың қатарында келесі құжаттар бар:
- "Бейбіт жиындар туралы" заң жобасы;
- "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодексі;
- "Сайлау және саяси партиялар туралы" конституциялық заң;
- "Сандық технологияларды реттеу мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы.
Мамандар дәл мұндай кезеңде депутаттар қоғамда көптеген пікірталас тудырған "Бейбіт жиындар туралы" заң жобасы, "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодексіне қатысты өзгерістер бекітуге белсенділік танытқаны, оқшаулануды оңтайынан пайдалану дейді. Олар дәл осы заңдарды қарауды кейінге қалдыруға міндетті еді деген пікірде.
"Мәжіліс көптеген қателіктерімен асығыс қабылдаған "Бейбіт жиындар туралы" заң жобасын Сенат бастапқыда мақұлдамай, төменгі палатаға қайтарғанын білеміз. Олар азаматтардың құқығын кеңейтудің орнына, карантин кезінде заңдарға өзгерістер енгізіп керісінше, халықтың құқығын шектеуге тырысты. Мен қазіргі Парламентті заң шығарушы және заң қабылдаушы орган деп айта алмаймын. Өйткені, қазір парламент қабылдап жатқан заң жобаларының басым көпшілігі үкіметтен келеді. Бұл жерде үкіметтің белсенділігі туралы айту керек. Үкімет төтенше жағдайды пайдаланып, парламентке осы заң жобаларын әдейі ұсынды. Менің ойымша, олардың парламент арқылы бұл заңдарды у-шусыз қабылдатқызу арқылы өз көздегендері болған. Біз үкіметті заңнамалық бастама субъектілері қатарынан алып тастау мәселесін бірнеше рет көтердік. Өйткені, соңғы жылдары олардың белсенділігі, өмірлік маңызды заңдарға зиян тигізіп қана қоймай, атқарушы билік заң шығарушы органды алмастыра бастады", – деді Акиф Сулейманов.
Құқық қорғаушы Зәуреш Батталованың сөзінше, "Бейбіт жиындар туралы" заң жобасына әзірлеуші Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі де, төменгі және жоғарғы палата депутаттары да халықаралық сараптама жасатпаған.
"Бұл олардың аталмыш заң жобасы халықаралық нормалар мен стандарттарға сәйкес келе ме деген халықаралық сарапшылардың пікірін білгісі келмегенін айқын көрсетеді. Қазақстан барлық халықаралық құжаттарды, оның ішінде азаматтық және саяси құқықтарды ратификациялады. Сондықтан халықаралық стандарттарға сай келуге ұмтылуы тиіс. Бейбіт жиындар өткізу, конституцияның 33-бабына сәйкес мемлекет ісін басқаруға қатысу құқығының бірі болып табылады. Сол үшін, депутаттар көпшілік арасында үлкен қызығушылық туғызған бұл заң жобасын азаматтық қоғамның кең ауқымда қатысуымен қарау керек еді. Алайда олар карантин кезеңін пайдаланып, азаматтық қоғаммен қарым-қатынас жасағысы келмегендіктерін көрсетті. Ең бастысы, осы халықаралық актілерді ратификациялауға байланысты мемлекет өз еркімен алған өз міндеттемелерін орындамады. Біз қазір парламентте қандай нормативтік құқықтық актілер, қандай жобалар жатқанын бақылап көрдік. Депутаттар қаңтар, ақпан айларында келіп түскен заң жобаларын қараусыз қойып, сәуір айында, яғни карантин кезеңінде келіп түскен заң жобаларымен белсенді айналысқан. Бұл саяси уәждемені білдіреді, депутаттар пандемия кезеңінде шу шығармай, көпшіліктің қатысуынсыз қабылданғысы келетін заң жобаларын қарады. Осылайша, олар өздерінің тікелей іс-әрекеттерімен азаматтардың мемлекеттік істерді басқару, оның ішінде заң шығару процесіне қатысу құқықтарын шектеді", – деді Зәуреш Батталова.
Оқи отырыңыз: 42 500 теңге. Төтенше жағдай кезіндегі бұл әлеуметтік төлем кімге және қалай беріледі?
Карантин кезінде жолданған депутаттық сауалдар туындаған қиындыққа қатысты емес
"Қазақстандағы парламентаризмді дамыту" қоғамдық қоры төтенше жағдай кезінде қандай депутаттық сауалдар жолданғаны туралы мониторинг жүргізген. Бақылаушылар карантин кезінде әртүрлі тақырыптағы депутаттық сауалдар болғанын айтты. Бірақ құжаттардың қатарында бірде-бірі төтенше жағдайға байланысты туындаған проблемаларға қатысты жазылмаған екен.
"Төтенше жағдай уақытында бірде-бір депутат мемлекеттік органдарға, лауазымды тұлғаларға пандемияға қатысты сауал жолдамады. Мәжілістің 107 депутаты да, Сенаттың 49 депутаты да неге үнсіз жатыр? Мысалы, 42 500 теңге төлеміне қатысты мәселені алайық. Өздеріңіз білесіздер, бұл төлемді тағайындау тәртібі бірнеше рет өзгерді. Ақшаны мына санатқа береміз, мына санатқа бермейміз деді. Содан кейін төлемді заңсыз алғандар қылмыстық жауапкершілікке тартылады деді, кейіннен ешкімді сотқа сүйремейміз деп тағы мәлімдеді. Қоғамда көптеген түсінбеушіліктер туындады. Халық әсіресе алғашқы 2-3 аптада әлеуметтік төлемдерге қатысты әртүрлі сыбыстардың, ғаламтордағы жалған ақпараттардың жетегінде жүрді. Меніңше, 107 депутаттың ең болмағанда біреуі осы мәселеге араласуы керек еді. Тым болмағанда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне ресми сауал жолдап, 42 500 кімге тағайындалады, тәртібі қандай екенін халыққа түсіндіруі қажет болатын. Алайда, біз куә болғанымыздай, депутаттар халықтың өкілі емес. Басқа мемлекеттердің тәжірибесін қараңыздаршы. Олар бірден туындаған мәселелерге қатысты сауалдар жолдап, тиісті жауаптар алды. Халық өздерінің өкілдері бар екенін сезінді. Өкінішке орай, бізде партиялардың өкілі бар, Президенттің өкілі бар, мәслихаттардың өкілі бар, ал халықтың өкілі жоқ", – деді Акиф Сулейманов.
Сарапшылардың сөзінше, депутаттық сауал жолдауға әлі де кеш емес. Төтенше жағдай аяқталғанымен, карантин режимі ұзартылды. Халыққа білікті жауап беруді талап ететін көптеген маңызды сұрақтар бар. Сондықтан, депутаттар іске араласуы тиіс дейді мамандар.
"Іс жүзінде халықаралық органдар Парламенттегілердің жұмысын құптады. Бірақ олар, Парламенттегілер пандемия кезіндегі өзекті мәселелерді талқылауы тиіс деп айтты. Ал бұл ең алдымен – әлеуметтік мәселе. Депутаттар біздің панасыз қалғандарды қала сыртына әкеткен кезде де, мүгедектер үйлерінде қалып, азық-түлік өнімдерін сатып алуға шамалары болмағанда да үнсіз қалды. Қамқорсыздарға бірінші болып қол ұшын созған қоғамдық ұйымдар, қорлар біздің Парламент пен мемлекетке қарағанда әлдеқайда жоғары тұрды", – деді құқық қорғаушы Зәуреш Батталова.
Оқи отырыңыз: Карантин талабы күшейді. Алматы мен Нұр-Сұлтан тұрғындарына тағы қандай шектеулер қойылды?
ТЖ кезінде Парламент шұғыл түрде қандай заңдарға өзгеріс енгізуі керек еді?
Сарапшылар бір ауыздан парламенттің карантин кезінде "Бейбіт жиындар туралы" заң жобасына, "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодексіне қатысты заңдарды қабылдауға белсенділік танытқаны құптарлық іс емес деді. Өйткені бұл заңдар тез шешім қабылдап, өзгерістер енгізуді талап етпейді. Депутаттар бірінші кезекте төтенше жағдайда туындаған проблемаларды реттейтін заңдарға өзгерістер енгізуі керек еді.
"Егер шет елдердің тәжірибесіне қарайтын болсақ, өзге мемлекеттердің Парламент өкілдері төтенше жағдай режиміне қарай заңдарына өте тез өзгерістер енгізіп, мүмкіндігінше шұғыл шешім қабылдауға тырысты. Айыппұл салу, мәжбүрлеу шараларын қабылдау сынды шешімдер енгізіп жатты. Осы жағдайда, бізде мысалы, әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнама үлкен проблема болып табылды. Яғни, нақты бір бап бойынша жауапкершілікке тартылуы тиіс құқық бұзушылар, ресми түрде жауапкершіліктен жалтарып кетеді. Бұл дұрыс емес. Автокөліктерді айып алаңына тәркілеу сынды мәселелер туындады, кейіннен шешімін тапқандай болды. Менің ойымша, бұл да заңды емес. Сондықтан, Парламентке төтенше жағдайлар саласындағы заңнаманы және соған байланысты басқа да актілерді мейлінше жақсарту мәселелеріне шұғыл түрде ден қою керек еді. Бұл әрине оңай емес екенін түсінемін. Бірақ егер бізде қажет болған жағдайда өте жылдам заң қабылдайтын тәжірибе болса, мұнда да өте тез әрекет ету керек еді", – деді Роман Подопригора.
Мамандардың айтуынша, парламент төтенше жағдай кезінде Кәсіпкерлік кодекске, Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне, Салық кодексіне өзгертулер мен толықтырулар енгізуі керек еді. Олар әкімшілік рәсімдерді реттейтін әкімшілік іс-жүргізу кодексін қабылдауға тиіс болатын.
"Өкінішке орай, мұның бірін де жасаған жоқ. Олар, карантиндік шектеулер болмаса, қоғамның үлкен қызығушылығын тудыруы мүмкін заңдарды кезектен тыс талдады. Адамдардың оқшауланып жатқандығын пайдаланып, бұл заңдарды ашықтықсыз, еш байланыссыз қабылдап, өз жұмыстарын тындырды. Егер халық сайлаған депутаттар болса, олар қазіргі үкіметке қызмет ететін заңдарды емес, халықтың мүддесі үшін, халыққа қажетті заңдарды қабылдауда неғұрлым батыл болар еді. Төтенше жағдай кезіндегі Президенттің өкілеттіктеріне қатысты заңға өзгертулер енгізгені, іс жүзінде заңнамада онсыз да реттелген болатын. Сондықтан, қазіргі уақытта мемлекет басшысына қосымша өкілеттіктер берудің қажеті жоқ еді деп ойлаймын. Одан да, азаматтардың әлеуметтік-экономикалық құқықтарын қамтамасыз ететін басқа органдарға қазір қажетті өкілеттіктерді бергені дұрыс болар еді", – деп ойын жеткізді Акиф Сулейманов.
Оқи отырыңыз: Партиялық тізім, 30% квота және саяси құлдық
Сайлау және саяси партиялар туралы заңдарға енген өзгерістер азаматтардың сайлау құқықтарын іске асыруды қамтамасыз етпейді
Төтенше жағдай кезінде қаралып, осы аптада қабылданған "Сайлау және саяси партиялар туралы" конституциялық заңға толықтырулар енгізу туралы заң жобасы да өте маңызды. Заңға сәйкес, енді партиялық сайлау тізіміндегі адамдардың 30 пайызы міндетті түрде әйелдер мен 29 жасқа дейінгі жастар болуы тиіс. Алайда, квоталау шын мәнінде жастар мен әйелдерге партиялық сайлау тізіміне қатысуға мүмкіндік бермейді дейді мамандар.
"Бұл өте жақсы заң болуы керек еді. Өйткені квоталау арқылы әйелдерді мемлекет істерін басқаруға қатысуға тарту өте маңызды. Қазақстанда саясатта жүрген әйелдердің саны өте аз. Болған күннің өзінде олар Тәуелсіздік алғаннан бері, кейбірі тіпті одан бұрын жұмыс істеп келе жатқандар. Яғни елде саясатқа араласатын басқа әйелдер жоқ. Егер кей әйелдер белсенді жұмыс істеп, көзге түсе бастаса, оларды тезірек ысырып тастап, мемлекеттік басқаруға жібермейтін. Сондықтан бұл маңызды мәселе. Ал егер жастар туралы айтатын болсақ, онда "Жас Отан" жастар қанатын немесе жастар парламентін құру, бұл бутафория. Өйткені, ол жастар іс жүзінде бір ұйымға ғана жұмыс істеген. Халықтың мүддесі үшін, көмек үшін жұмыс істеп көрмеген. 30 пайыздық квоталау, шын мәнінде, біздегі сайлау жүйесі ретінде жүзеге асады. Себебі, сайлау және саяси партиялар туралы заң сөз болып отыр. Бізде қандай сайлау жүйесі бар? Бұл квоталау шын мәнінде жастар мен әйелдерге партиялық сайлау тізіміне қатысуға мүмкіндік бермейді. Бұл тек жастар мен әйелдердің басқарылатын бөлігіне ғана Парламентте болуына мүмкіндік беретін нормалар. Басқарылатындар ол жерде онсыз да баяғыдан бері отыр. Бізде қазақ тілін білгені үшін, жастығың және бір жерде өзіңді көрсете білгендігің үшін іріктеледі. Ең бастысы, жоғарыдағы саясаткерлерге қарсы шықпасаң болғаны. Парламентте қолдан жасалған жастар мен әйелдердің өкілдігінің болғанын, Қазақстан қоғамының демократиялық бөлігі ешқашан армандаған емес", – деді Зәуреш Батталова.
Мамандар "Сайлау және саяси партиялар туралы" заңдарға енген өзгертулер, тек халықаралық ұйымдарға есеп беру үшін ғана жасалғанын алға тартты.
"Бұл тағы да азаматтардың сайлау құқықтарын іске асыруды қамтамасыз етпейді. Өйткені, сол баяғы Нұр Отан партиясының жастар қанатының мүшелері және Парламентте 30-40 жылдан астам уақыт бойы жүрген әйелдер болады. Егер Парламенттің құрамын сараптайтын болсақ, ондағылар сол баяғы адамдар. Демек, Парламентке тағы да халық сайлағандар емес, биліктің өзі жіберген адамдар қабылданады", – деген пікірде Акиф Сулейманов.
Оқи отырыңыз: "Митингке қатысушыларды жаппай ұстап, қамауға алу дұрыс емес". Қазақстандықтардың бейбіт шеруге қатысты пікірі
"Парламенттік оппозиция туралы" заң жобасы да "көз бояушылық" үшін қолға алынды
6 мамырда, яғни төтенше жағдай режимі кезінде парламент мәжілісі мақұлдап, Сенаттың қарауына жіберген тағы бір құжаты – "Қазақстан парламенті мен оның депутаттарының мәртебесі туралы" конституциялық заңға өзгеріс енгізетін заң жобасы. Құқық қорғаушылар бұл заңды да "көз алдау" деп бағалап, қатаң сынға алды. Олар аталмыш заң, парламентке билік өзі іріктеп өткізген жасанды оппозицияға арналады деп болжам жасады.
"Бұл тағы да жұмыс істемейтін заң болады. Бұл заңды қабылдағаннан еш нәтиже шықпайды. Себебі, парламенттік оппозиция туралы айтатын болсақ, ондағы депутаттардың айтарлықтай бөлігі біздің бүгін көріп отырғанымыздай емес, шынымен сайланған болуы керек. Мысалы, кейбір еуропа елдерінде сайлау нәтижелері бойынша бір саяси партия парламентте 40%-дан астам орын ала алмайды. Менің ойымша, бізде де басқа заңды өзгерту керек немесе заңнамаға жаңа норма енгізу қажет. Сонда ғана біз парламентте нақты басқа ұстанымға ие оппозиция жасай аламыз. Сонда ғана олар заңдарды қабылдауға нақты ықпал ете алады", – деді Акиф Сулейманов.
Бүгінгі парламент құрамы – атқарушы биліктің тізімі бойынша құрылғанын айтқан сарапшылар, бұл заң қабылданғанда да халық дауыс берген адамдар парламент палаталарына өтпейтіне сенімді. Егер бұл заң Сенаттан да қолдау тауып, мақұлданса құжатты өз пайдамызға жаратуға болады дейді құқық қорғаушы Зәуреш Батталова.
"Тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстандағы оппозиция ұғымы теріс түсінік алды. Адам құқықтары саласындағы қызметпен айналысатындарды оппозиция өкілдері деп жиі атады және қазір де солай атайды. Енді парламентте де оппозиция болатыны белгілі болды. Жалпы, оппозиция парламенттік, ас үйлік және басқа болып бөлінбейді. Егер бұл заң бекітілсе, оның бірден-бір артықшылығы болады. Осыған дейін оппозиция ұғымы теріс қабылданып келген болса, заңдағы өзгерістер мақұлданғаннан кейін қандай да бір жағдайларға өз көзқарасы, өз ұстанымы бар адамдар мұны "парламентте оппозиция бар болса, неге бұл оппозиция әр үйде, көшеде, барлық іс-шараларда бола алмайды?" деп пайдалана алады", – деді Зәуреш Батталова.
Оқи отырыңыз: "Денсаулық сақтау, білім беру салаларын түбегейлі реформалау қажет". Президент мәлімдемесіндегі 10 маңызды мәселе
"Денсаулық және денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодекске пандемия кезіндегі мәселерді қосып қабылдау керек
"Денсаулық және денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодекске толықтырулар енгізу үшін, құжат Сенаттың қарауында жатыр. Бірақ, сарапшылар пандемияға дейін дайындалған бұл құжат жарамайтынын айтуда. Олар халық үшін өте маңызды заңға әзірге өзгерістер енгізуге асықпау керек дейді. Себебі, коронавирус инфекциясы салдарынан туындаған соңғы мәселелер кодекстің тұтас бөлімдерін қайта өңдеуді қажет етеді.
"Жұртшылық бірнеше рет төменгі және жоғарғы палатаға, Президент атына бірқатар заңдарды кейінге қалдыру туралы өтініш жасады. Оның ішінде "денсаулық туралы" кодексті қабылдау мәселесі де көтерілді. Бірақ, барлық өтінішімізге құлақ аспады. Біз бұл заңды пандемия кезіндегі мәселелерді ескере отырып қарау керек деп ойлаймыз. Бірінші кезекте медицина қызметкерлерінің жалақысын арттыру, дәрігерлердің еңбек жағдайлары, еңбек қауіпсіздігі, оларды фармацевтикалық препараттармен қамтамасыз ету туралы да қарастырылу керек. Яғни, бұл заңды шұғыл түрде қайта қарау керек. Пандемияға дейін дайындалған құжат мүлдем жарамайды, онда тек депутаттардың өздерін ғана қызықтырған мәселелер мен вакцинацияны ғана қосу жеткіліксіз. Қоғамда болып жатқан жағдайлар, бүгінгі күні медициналық саладағы барлық проблемалар тағы да ескерілмей, назардан тыс қалды. Сондықтан, қайтадан шұғыл түрде Денсаулық сақтау саласы бойынша жұмыс тобын құрып, кодекске қайта өзгертулер мен толықтырулар енгізу мәселесін күн тәртібіне қою керек", – деді Зәуреш Батталова.
Заң шығару процесі, бұл үздіксіз процесс болғандықтан, депутаттар қазір де жұмыс тобын қайта құруына болады. Әрі қолданыстағы заңды өзгертіп, қайта қабылдауына мүмкіндік бар.
"Бізде бір заңға парламент жылына бірнеше рет өзгерістер енгізген жағдайлар болған. Жалпы заңнамаға үнемі толықтырулар мен өзгерістер енгізу, бұл заң шығарушы органның жұмысының сапасыздығының көрсеткіші. Бұл асығыстықтың кесірі. Пандемия денсаулық сақтау саласында проблемалардың шаш етектен екенін көрсеткенін біле тұра, дәл қазір "денсаулық туралы" кодекске заңға өзгерістерді қабылдауға не түрткі болды? Құжатты кейінге шегере тұрып, барлығын ескеріп қабылдау керек. Бірақ бұлай жасалмады. Өкінішке орай, бүгінде заңдар қазіргі проблемаларды шешу үшін емес, ведомстволық мүдделер үшін жасалуда. Сондықтан қазір денсаулық сақтау туралы заңды, білім туралы заңды қайта қарау мәселесін қозғау қажет. Себебі, төтенше жағдайдан соң туындаған сұрақтар өте көп", – деген пікірде Зәуреш Батталова.
Оқи отырыңыз: Қазақстан эскалация алдында немесе Ресейдегі коронавирус қарқыны елімізде қайталана ма?
Мемлекеттік қызметкерлердің жұмыс жүйесін қайта қарап, олардың санын қысқарту керек
Мамандардың айтуынша, пандемия кезінде қабылданған заңдар мен олардың қаншалықты сауатты қабылданғанын зерттеу керек. Тіпті бұл заңдардың заңдылығы туралы мәселе көтеру қажет. Оның үстіне, төтенше жағдай енгізілген екі айдағы барлық мәселелер талданып, барлық саланың жұмысын қайта жүйелеу керек. Денсаулық, білім, цифрландыру саласы, тіпті мемлекеттік қызметкерлердің де жұмысы қайта қарауды талап етеді. Себебі, біздің мемлекеттік органдар соңғы технологиялармен жұмыс істей алмайындығын толық көрсетті дейді сарапшылар.
"Қашықтан жұмыс істеуге кеткен шенеуніктер шын мәнінде жұмыс істеді ме, әлде бос жүрді ме? Бұдан мемлекеттік жүйедегі жұмыс зардап шеккен жоқ. Демек, мемлекеттік жүйедегі мемлекеттік қызметшілердің көп саны қайта қарауды және оңтайландыруды талап етеді. Егер олардың техникалық жабдықталғандығы туралы айтатын болсақ, онда да олқылықтар болды. Карантин мен ТЖ Мемлекеттік органдардың барлық құрылымдарына шұғыл цифрландыруды жүргізу керектігін айқын көрсетті. Олар бір құжатпен онлайн режимде бірнеше орган болып жұмыс істейтін жүйеге көшу керек", – деп есептейді Зәуреш Батталова.
Оқи отырыңыз: Митингілер жайлы заң жобасын Сенаттан Мәжіліске қайтару жайлы
Депутаттар дауыс керек кезде ғана елді араламай, карантин шектеуі алынған аймақтардағы проблемалармен танысу керек
Зәуреш Батталованың айтуынша, теориялық тұрғыдан депутаттар қазір де жұмыс тобын құрып, күн тәртібіне төтенше жағдайдан кейін қандай проблемалар туындады, оларды қалай шешеміз деген сұрақтарды күн тәртібіне қоя алады.
"Бізде басқа да төтенше жағдай бар. Бұл су басқан Түркістан аймағы. Содан кейін экономикалық дағдарыс, біз бүгін елімізде барлық негізгі бюджет құрушы кәсіпорындар күрделі жағдайда тұрғанын көріп отырмыз. Осы уақытта бюджеттен екінші деңгейлі банктерді, квазимемлекеттік секторды қолдауға тағы да көп қаражат бөлінгеніне куә болдық. Сондықтан, парламент қоғам белсенділерін, мамандарды, сарапшыларды тарта отырып жұмыс тобын құрса болады. Сол жұмыс тобымен бірге шұғыл парламенттік, қоғамдық тыңдаулар өткізе алады. Депутаттар ақыр соңында карантин шектеулері алынған аймақтарға барып, ондағы тұрғындармен тікелей кездесіп, елде не болып жатқанын өз көздерімен көре алды. Бірақ олар қазір орындарында қозғалмай отырады, ал егер ертең сайлау жарияласа, дауыс сұрауға барады", – деп сынға алды Зәуреш Батталова.