Тікелей эфир

Төтенше жағдай кезінде табысынан айырылғандарға жәрдемақы төленеді. Тоқаевтың жаңа тапсырмаларының толық тізімі

Фото akorda.kz сайтынан алынды
Фото akorda.kz сайтынан алынды
Бұл көмекті кемінде 1,5 миллионнан астам қазақстандық азамат ала алады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүкіл әлемде коронавирустың таралу жылдамдығы бәсеңдемей отырғанына алаңдаушылық білдіріп, Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысын өткізді. Президент індеттің кесірінен ісі тұралап, табысынан айырылған қазақстандықтарға қолдау көрсету үшін Үкімет мүшелеріне бірқатар тапсырма жүктеді. Informburo.kz соның ең маңыздыларын назарларыңызға ұсынады.

Оқи отырыңыз: Коронавирус Қазақстанда: оқиғалар хронологиясы. Оныншы күн

Алматы мен Нұр-Сұлтаннан өзге елді мекендер де карантинге жабылуы мүмкін

Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі уақытта әлемде коронавирус жұқтырғандар санының қатаң карантиндік шараларды тым кеш енгізген елдерде көп тіркелгенін алға тартты. Осыны негізге ала отырып, ол инфекцияның көшкін тәрізді таралуын болдырмау үшін елде оқшаулау шараларын күшейту қажет деді. Президент шет мемлекеттердің теріс және оң тәжірибесі жөнінде тұрақты келіп түсетін ақпаратты ескере отырып, медициналық жүйені жағдайдың кез-келген нұсқасына дайындауды жалғастыру керектігін айтты.

"Біз қолымыздан келгеннің барлығын жасадық деп, еш алаңсыз қарап отыруға болмайды. Елорда мен Алматы бойынша карантиндік аймақты толық қоршауды қамтамасыз ету, қалаға жаяу кіру мүмкіндігін болдырмау маңызды. Жақын арада басқа ірі елді мекендерді жабу қажеттілігін анықтау керек", – деді Тоқаев.

Оқи отырыңыз: Карантин режиміндегі наурыз. Мерекені қалай үйден шықпай-ақ тойлауға болады?

Карантин режимін бұзғандар қатаң жазаланады

Президент карантинге жатқызылған адамдарға қойылатын талаптарды бұзғаны үшін жаза енгізу қажеттігі туғанын баса айтты. Оның сөзінше, елде төтенше жағдай режимін бұзып, салынған тыйымға қарамастан қызмет көрсетуін шектемей отырған нысандар бар. Мәселен, 16 наурыздан бастап төтенше жағдай режимін бұзудың 18 дерегі анықталған. Олар Ақмола, Атырау, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарында тіркеліпті. Қауіпсіздікке немқұрайлы қараған кінәлі тұлғалар ескерту немесе айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

"Қатаң санкцияларға көшу қажет. Сондай-ақ, осындай деректердің алдын алу мақсатында тәртіп бұзғандарды бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау керек. Тәжірибе көрсеткендей, медициналық жүйеге ең көп жүктеме мен өлім-жітімді "қауіп тобы" аталатын тұлғалар көрсетеді. Бұл 55 жастан асқан адамдар және жалпы денсаулығына байланысты созылмалы аурулары бар адамдар. Олардың жұмысқа шығуын барынша шектеу және үйде оқшаулау режимін қамтамасыз ету керек", – деді Президент.

Оқи отырыңыз: Мектеп оқушылары 6 сәуірден бастап сабақты қалай оқиды? Министр түсіндірмесі

Ел бойынша барлық ХҚКО жұмысы тоқтатылып, дезинфекциялау жұмыстары пысықталады

Президент ел бойынша барлық халыққа қызмет көрсету орталықтарын уақытша жауып, қызметті онлайн алу керектігін алға тартты. Ал, халықтың қол жетімділігі сақталатын қоғамдық объектілерде санитарлық талаптар мүлтіксіз орындалуы қажеттігін ескертті. Мұнда ешқандай "үнемдеу" және "оңтайландыру" болмауы тиіс деді Тоқаев.

"Мемкомиссия Қарулы күштерді Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент және басқа да ірі қалалардағы көшелерді дезинфекциялауға тарту тәртібін анықтауы тиіс. Әкімдіктердің коммуналдық техникалары бар, оларды дезинфекциялау шараларына жұмылдыру қажет. Базарлар мен іргелес аумақтарды дезинфекциялауға басымдық беру керек. Өкінішке орай, ел ішіндегі әуе, теміржол және автомобиль жолаушылар тасымалына қосымша шектеулер енгізу уақыты келді", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Шет елден, соның ішінде ЕАЭО елдерінен көліктің кез-келген түрімен келген тұлғалар карантинге жатқызылады. Ал, чартерлік рейстерге бақылау күшейтіледі. Әрі төтенше жағдай мен карантин кезеңінде іс-қимыл тәртібін барлық азаматтар мен бизнес өкілдеріне түсіндіру қажеттігі тапсырылды.

"Адамдарға медициналық мекемелер жұмысының жаңа режимін барынша айқын түсіндіру керек: дәрігерлерді шақырғанда, басқа аурулар бойынша жұмыс қалай жүргізіледі, коронавирусқа қалай тест өту керек және кімнің есебінен, кім оқшаулауға тиіс, оқшауланғандарды жабдықтау қалай жүзеге асырылады? Бұл сұрақтардың жауабы қазақстандықтардың басым көпшілігіне әлі белгісіз. Кез-келген адамның түсінуі үшін бірегей жадынама әзірлеу керек", – деді Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев Денсаулық сақтау министрлігіне медициналық мекемелер мен қызметкерлердің дайындығын тұрақты түрде қадағалап отыруды тапсырды. Сондай-ақ, пандемияның, оның ішінде ең қауіпті кезеңдерде дәрілік препараттардың қолжетімділігін қамтамасыз етуді зерделеу қажеттігін міндеттеді.

Оқи отырыңыз: Көрме, театр, ойын-сауық орталықтарының қызметі тоқтайды. Төтенше жағдай кезінде тағы қандай шектеулер қойылады?

Төтенше жағдай кезінде қылмысты өршітпеу үшін қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету керек

Президент ағымдағы жағдайда қылмыс өрши түсуі мүмкіндігін алға тартты. Сондықтан, ол қоғамдық орындарды патрульдеу, жарықтандыру және бейнебақылаумен жабдықтау жөніндегі шараларды күшейтуді міндеттеді. Полицияның барлық құрамын оңтайландырып, қажет болған жағдайда басқа бағыттардың күшін қайта бөле отырып, жұмылдыру керек екенін айтты. Сондай-ақ, осы жұмыс үшін Ұлттық гвардияның әскерін тарту жөнінде ұсыныстар енгізді.

"Кейде табыстан айырылуы адамдарды қылмысқа итермелейтіні анық. Бірақ бұл ешқандай ақтау емес. Бас прокуратура мен Жоғарғы сот шұғыл түрде заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету, төтенше жағдай кезінде сот төрелігін іске асыру жөнінде алгоритм әзірлеуі тиіс. Сонымен бірге қауіп-қатер тобымен құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша жұмысты жолға қою қажет. Учаскелік полиция инспекторларының қызметін жандандырлып, мүмкіндігінше профилактикаға ПИК өкілдері тартылсын", – деді Тоқаев.

Айта кетсек, карантин зардабына сауда, туризм және қоғамдық тамақтану салаларындағы ШОБ субъектілері ұшырады. Бұл секторларда 1,6 миллионнан астам қызметкер жұмыс істейді.

Оқи отырыңыз: Мейрамхана, сұлулық салоны, жаттығу залдары жабық. Карантин кезінде тағы қандай шектеулер қойылады?

Карантин себебімен жұмыссыз қалғандар көктемгі егістік жұмыстарына жұмылдырылады

Алматыда карантин енгізу жастардың өңірлерге кетуіне әкеліп соқты. Ресми мәлімет бойынша, 19-20 наурызда оңтүстік астанадан 102 мыңнан астам адам, 15 мың автокөлік шығып кеткен. Олар студенттер, базар, қызмет көрсету, сауда ұйымдарының қызметкерлері. Президент жұмыссыз жастарды ағымдағы су тасқынына қарсы, көктемгі егіс жұмыстарына, құрылысқа және басқа жұмыстарға жұмылдыру қажеттігін айтты. Мұндай жұмысқа атсалысқандарға тиісті жалақы төленеді. Бұл "Жұмыспен қамтудың жол картасы" бағдарламасы аясында ұйымдастырылмақ.

"Пандемия аясында этносаралық қарым-қатынастар артқа ығыстырылды. Бірақ бұл тек алдамшы тыныштық. Көктемгі егістік науқанының басталуын ескере отырып, жер мәселелері, суармалы суды бөлу және пайдалану негізінде қақтығыстар болуы мүмкін. Барлық жағдайлар туралы дереу хабарлауды сұраймын", – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚК, Бас прокуратура, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу арқылы қоғамдық көңіл-күйді бақылауды тапсырды.

Оқи отырыңыз: "Әрбір бесінші кәсіпкер пара беруге дайын". Зерттеу қорытындысы

Кәсіпкерлерді беталды тексеруге тосқауыл қойылады

Дағдарыс жағдайында әрбір жұмыс істейтін кәсіпорын мен әр жұмыс орны ерекше маңызды екенін айтқан Тоқаев бизнесті беталды тексеретін салық қызметкерлерін сынға алды.

"Бүгінгі таңда фискалдық органдар ұсақ заң бұзушылықтар үшін кәсіпкерлердің жұмысын тежеп отыр. Мысалы, салық есептілігін беру мерзімдерін бұзғаны үшін шоттары бұғатталып, бухгалтерлік құжаттамасы тәркіленеді. Көбінесе бизнес негізсіз қылмыстық қудалауға түсуде", – деді Президент өз сөзінде.

Мемлекет басшысы дағдарыс кезеңінде кәсіпкерлерге күштік құрылымдар мен салық органдары тарапынан қысым жасаудың кез келген дерегін болдырмауға және оның алдын алуға баса назар аудара отырып, жұмыс әдістерін қайта қарауды тапсырды.

Оқи отырыңыз: Жалған ақпарат таратушылар қалай жазаланады? Қылмыстық және әкімшілік кодекс баптары

Жалған ақпарат таратушылар жаппай жазаланады

Маңызды мәселелердің бірі – ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Мемлекет басшысы төтенше жағдайлар кезінде қауесет пен арандатушылық ақпараттардың алдын-алу үшін арнайы бақылау жүргізу қажет екеніне тоқталды. Әрі жалған мәлімет таратушыларды анықтап, жазалау керектігін алға тартты.

"Халыққа кез келген ақпаратқа соқыр сенуге болмайтынын түсіндіріп, арандатушылардың сөзіне еруіне жол бермеу керек. Өзгеріп жатқан жағдайды және сырқаттанғандар санының өсуін ескере отырып, БАҚ жұмысын бірыңғай үйлестіру мен орталықтандыруды қамтамасыз етуді тапсырамын. Жаңа алгоритмге сәйкес, коронавирус бойынша мемлекеттік органдардың барлық мәліметтері Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бірыңғай ақпараттық орталығына жиналуы тиіс. 23 наурыздан бастап күн сайын Ақпарат және қоғамдық даму министрі брифинг өткізетін болады", – деді Мемлекет басшысы.

Президент жуықта құрылған coronavirus2020.kz арнайы сайтының жұмысын белсенді түрде ілгерілету керектігін айтты.

Оқи отырыңыз: #Biz birgemiz! Төтенше жағдай кезінде кімге және қандай көмек беріледі?

Дәрігерлер мен полицейлерге үстемеақы төленеді

Қасым-Жомарт Тоқаев дәрігерлердің, тәртіп сақшыларының және басқа да мамандардың өз бастарын үлкен қауіп-қатерге тігіп, азаматтық және қызметтік борышын толық көлемде орындап жүргені үшін алғыс айтты. Отбасыларын сирек көріп, демалыссыз жұмыс істеп жүрген мұндай қызметкерлерге сәйкесінше үстемақы төленетінін тілге тиек етті.

"Үкіметке және әкімдіктерге қосымша қаражат тауып, дәрігерлерге, полиция қызметкерлеріне және коронавируспен күреске қатысатын басқа мамандарға бір жолғы қызметтік жалақысы көлемінде үстемеақыны қамтамасыз етуді және қосымша қаржы қарастыруды тапсырамын", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оқи отырыңыз: "Бұл – уақытша дүрбелең!" Президент төтенше жағдайға байланысты үндеу жолдады

Қазақстандықтарға несиені кейін төлеу мүмкіндігі берілді

Президент Үкімет пен әкімдерге жедел түрде дағдарысқа қарсы шаралар әзірлеуді жүктеді. Сондай-ақ, ол төтенше жағдай кезінде қазақстандықтардың несиені төлеу мерзімі кейінге шегерілетінін тағы бір мәрте еске түсірді.

"Төтенше жағдай кезінде айыппұл мен өсімпұл салмау жөніндегі шектеуден басқа, дағдарысқа ұшыраған халықтың барлық несиелері бойынша негізгі қарызды төлеуді тоқтата тұру қажет", – деді Тоқаев.

Сонымен қатар Президент көптеген отандастарымыздың жағдайдың қиындығына байланысты ломбард, онлайн кредит, микроқаржылық ұйымдарға барып жатқанын атап өтті.

"Бұл саланы тәртіпке келтіру маңызды. Қаржылық нарықты реттеу мен дамыту агенттігі, бас прокуратура, ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне заң сақталуы үшін ауқымды акция жүргізіп, заң бұзушыларды жауап тартуды тапсырамын. Бұл БАҚ-та және әлеуметтік желіде жариялануы қажет. Қиын жағдайда қазақстандықтардың құқығын мемлекет қорғайтынын білуі маңызды", – деді мемлекет басшысы.

Оқи отырыңыз: Сіз білуіңіз қажет! Covid-2019 коронавирусынан сақтану шаралары

Төтенше жағдай кезінде табысынан айырылғандарға 42 мың теңге көлемінде жәрдемақы төленеді

Алматы қаласында карантин кезінде кәсіпорындардағы жұмысшылар саны 266 мың адамға азайды. Ұқсас жағдай жеке кәсіпкерлерде байқалады, олардың 80 пайызы өз қызметін тоқтатты. Алдын ала есепке сәйкес, қазіргі жағдай 500 мыңға жуық қазақстандықтың қаржылық жағдайына кері әсерін тигізуі мүмкін.

"Сондықтан төтенше жағдай кезінде табысынан айырылғандарға ең төменгі жалақы мөлшері (42 500 теңге) көлемінде ай сайынғы төлем енгізуді тапсырамын. Жалпы бұл көмекті кемінде 1,5 миллилоннан астам азамат ала алады", – деді Мемлекет басшысы.

Нақты көмек алушылардың тізімін қоғам және "Атамекен" ҰКП өкілдерінің қатысуымен арнайы құрылған аймақтық штаб анықтайды. Сонымен қатар, Президент көпбалалы отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға және халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына ақысыз азық-түлік жиынтығын тұрақты негізде беруді тапсырды. Жинақтар ең алдымен отандық өнімдерден тұруы керек.

Жалпы, коронавируспен күреске Үкімет 4 триллион 400 миллиард теңге немесе 10 миллиард доллар жұмсамақ.

Оқи отырыңыз: Коронавирустан аман қалуға болады. Ол үшін дәл қазір не істеу керек?

Төтенше жағдай кезінде алыпсатарлықпен айналысқандар жазаланады

Қазіргі қысыл-таяң уақытты пайдаланып, халықтың қалтасын қағып жатқан саудагерлер туралы да сөз болды. Қасым-Жомарт Тоқаев, мұндай алыпсатарлықпен айналысып жүргендерді жазалауды тапсырды. Ал, халықты алдаудың алдын алу үшін, барлық өңірде әлеуметтік маңызды тауарлардың тұрақты бағасы бекітіліп жарияланбақ.

"Бұл жұмысты жүйелеу үшін әлеуметтік маңызы бар тауарлардың объективті тізімін бекіту қажет, соған сәйкес біз бағаны мемлекеттік реттеуді енгіземіз. Сонымен қатар, қазір әр өңірдің әкімі бірінші кезектегі сұраныстағы тауарлардың бар-жоғын нақты есепке алуды жолға қою керек. Мұнда ресми көзқарас болмайды", – деді Президент.

Тоқаевтың айтуынша, барлық облыстар мен қалаларда азық-түлік пен бірінші кезекте қажетті тауарлар жеткілікті. Әкімдер енді тауарлардың өңіраралық ағымын бақылап, жергілікті тапшылықты жою үшін өзара іс-қимыл орнатуы керек.

Оқи отырыңыз: Төтенше жағдай кезінде балалардың уақытын қалай тиімді өткізуге болады? Пайдалы онлайн контент топтамасы

Карантин кезінде халық ұялы байланыс пен интернеттен тарықпауы тиіс

Карантин жариялануына байланысты көптеген тұрғындар үйлерінде отыруға мәжбүр болды. Ал кей мекелемелердің қызметкерлері жұмыстарын қашықтықтан істейді. Осыны ескерген мемлекет басшысы, төтенше жағдай кезінде ұялы байланыс пен интернетке, әсіресе білім беру ресурстарына, әлеуметтік желілерге және жедел хабарламаларға қол жетімділікті кеңейтуді тапсырды.

"Төтенше жағдай кезінде, тіпті қарызы болған жағдайда да, байланыс қызметін ұсыну жалғасуы керек. Қазақстанның барлық интернет-ресурстарына қол жетімділік тегін болуы керек".

Оқи отырыңыз: Beeline карантин кезінде барлық ТВ топтамаға қосылу мүмкіндігін ашты

Дағдарыстан шығу үшін кәсіпкерлерге қолдау көрсетіледі

Пандемия, мұнай державаларының арасындағы күрес және қор индекстерінің рекордтық құлдырауы соңғы жылдары жинақталған жаһандық экономикалық жүйенің теңгерімсіздігіне алып келді. Қазақстан экономикасы да қазір қиын жағдайды бастан кешіріп жатыр. Президент бұл тығырықтан шығу үшін мықты, бәсекеге қабілетті кәсіпкерлікке сенім артуымыз қажет деді. Ол бизнестің өмір сүруіне және күшті болуына көмектесу керектігін алға тартты.

"Төтенше жағдайды енгізуден және экономика секторының халық тарапынан сұраныстың төмендеуінен зардап шеккендерді жедел анықтау және оларды қолдау жөніндегі шаралар кешенін іске асыру маңызды. Осы секторларды қолдаудың пәрменді тетіктерінің бірі қалыптасып отырған теріс жағдайдан зардап шеккен шағын және орта бизнестің барлық кредиттері бойынша негізгі борыш пен сыйақы сомаларын төлеуді тоқтата тұру болады", – деді Тоқаев.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы шағын және орта бизнестің айналым қаражаттарына жылдық 8 пайыздық несие беру үшін тағы 600 млрд теңге бөлуді ұйғарды. Ал іскерлік белсенділік пен жұмыспен қамтуды қолдаудың тағы бір құралы "Жұмыспен қамтудың жол картасы" арнайы бағдарламасы болмақ. Бұл құрал алдыңғы дағдарыстар кезінде өзін жақсы көрсетті. Президент бағдарламаны қаржыландыруды кемінде 300 млрд.теңге деңгейінде қамтамасыз етуді тапсырды.

"Өңірлерден келіп түскен өтініштер негізінде біз оны 1 трлн. теңгеге дейін ұлғайтуға резервіміз бар. Бұл 250 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді және тек жергілікті нысандарды ғана емес, сонымен қатар бірқатар республикалық нысандарды, соның ішінде су қоймалары, бөгеттер мен басқа да құрылыстарды салуға көмектеседі. Ұлттық банк Үкіметке осы бастаманы қаржыландыруға көмектесуі тиіс", – деді Қасым-Жомрт Тоқаев.

Оқи отырыңыз: Мұнайға тәуелділік. Brent бағасының құлдырауы Қазақстан экономикасына қалай әсер етеді?

Теңгенің бағамын тұрақтандыру қажет

Президент қазіргі уақытта теңгенің айырбас бағамын тұрақтандыруға қол жеткізу өте маңызды екенін тілге тиек етті. Осы мақсатта Ұлттық банкке, Үкіметке және квазимемлекеттік компаниялардың басшылығына квазимемлекеттік сектор субъектілерінің өзінің экспорттық түсімінің бір бөлігін міндетті түрде елдің валюта нарығында сатуын қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ, қолданыстағы бар міндеттемелерді ескере отырып, квазимемлекеттік компаниялардың валюталық депозиттерін Қазақстанның қаржы жүйесіне кезең-кезеңімен қайтарудың жоспар-кестесін жасауды міндеттеді.

"Ұлттық компаниялар өткен жыл үшін мемлекетке таза табыстың 100 пайызына дейінгі мөлшерде дивидендтер төлеуі тиіс деп санаймын", – деді Мемлекет басшысы.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары