Тікелей эфир

"Бейбіт жиындар туралы заң жобасы Конституцияға қайшы". Қоғам белсенділері жаңа құжатқа неге қарсы?

Алмаз Төлекенің фотосы
Алмаз Төлекенің фотосы
Заң жобасында журналистердің қызметіне қатысты сегіз тыйым бар.

17 ақпанда Алматыда бейбіт жиындар туралы жаңа заң жобасы талқыланды. Жиынға Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев пен Алматы қаласы қоғамдық кеңесінің өкілдері және азаматтық белсенділер қатысты. Олар министрлік ұсынған заңның шикі екенін алға тартып, құжатты дәл осы күйінде қабылдауға қарсылық білдірді.

Informburo.kz сарапшылардың уәждері мен нақты ұсыныстарын жинақтады.

Оқи отырыңыз: Билік басындағы бір жыл. Президент Тоқаев қабылдаған маңызды шешімдер

Қоғам белсенділерінің қандай ұсыныстары ескерілмеген?

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі "Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі" туралы заң жобасының тұжырымдамасын 7-ақпанда "Ашық үкімет" сайтында жариялаған болатын.

"Президент тапсырмасымен 1995 жылы қабылданған заңға өзгеріс енгізуді ойладық. Бірақ, талдап-талқылау кезінде өзгеріс енгізгенше жаңа концептуалды заң қабылдаған дұрыс деген шешімге келдік. Бұл жерге сол заң жобасын талқылап, сіздердің ұсыныстарыңызды тыңдау үшін келдім", – деді Дәурен Абаев.

Оқи отырыңыз: Билік транзиті: әліптің арты не болмақ?

Белсенділер бұған дейін "Қазақстандық адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюро" директоры Евгений Жовтистің жобасы негізінде жаңа заң жобасын әзірлеп ұсынған болатын. Бірақ, көптеген ұсыныстар соңғы тұжырымдамаға енбей қалған. Қоғам белсенділері жасаған заң жобасынан министрлік ұсынған нұсқаның негізгі айырмашылықтары келесідей:

  • Бюро ұсынған құжатта 50 адамға дейін қатысатын митингтерді ескертусіз өткізуге болады. Енді ескертусіз тек пикеттерге шығуға рұқсат етіледі.
  • Бейбіт жиынды ұйымдастырушылардың, мемлекеттік органдар мен полицияның жауапкершілігі көзделген еді. Енді жауапқа тек ұйымдастырушылар тартылады. Бұл түзетулер құқық қорғаушыларды алаңдататып отыр. Себебі, Нұр-Сұлтандағы рұқсат етілмеген жиындар кезінде қолшатыр ұстап, бетперде таққан адамдар журналистердің жұмыс істеуіне кедергі келтіріп, митингке қатысушыларды арандатқан. Бірақ полиция оларға назар аудармаған.
  • Митинг кезінде кез-келген заң бұзушылықтары үшін жауапкершілік артты. Бұрын ұйымдастырушы осындай әрекеттердің алдын алу үшін әрекет етсе, жауапкершіліктен босатылатын.
  • Егер ұйымдастырушы келе алмаса, митингті өткізуге болмайды. Алғашқы нұсқада қатысушылардың өздері ұйымдастыруына рұқсат етілетін.
  • Бірыңғай киіммен келуге тыйым салынады. Жовтистің пікірінше, бірыңғай формаға тыйым салу – адамдарға бір идеяны жақтауға тыйым салу болып табылады.
  • Митингке қатысушылардың жүздерін бетпердемен жасыруға тыйым салынады. Жовтистің айтуынша, бұл норма Қазақстан аумағында жалпы карнавалдар өткізуге тыйым салады. Сондай-ақ, ол егер бұл бейбіт акция болса, құқық қорғау органдарына адамдардың бет-әлпетін қадағалаудың қажеті жоқ деп есептейді.
  • Акция өткізілгенге дейін өтінім беру мерзімі 5-тен 10 жұмыс күніне дейін ұзарды.
  • Митинг өткізуге тыйым салынған жерлерден қашықтық 100 метрге дейін ұзарды. Бұл орындардың тізіміне ІІМ, Қорғаныс министрлігі мен білім беру мекемелері қосылды. Яғни, ІІМ шешіміне қарсы министрлік алдында митинг не пикет ұйымдастыруға болмайды. (Сонымен қатар, су қоймалары мен жағалаулардың жанында митинг өткізуге тыйым салынады.)
  • Бастапқы заң жобасына сәйкес, митингке рұқсат бермеу туралы шешімге сотқа шағымдануға болады. Сот бұл істі митинг басталғанға дейін 2 күн бұрын, 48 сағат ішінде қарау керек делінген. Енді бұл шарттар жойылды. Соған сәйкес, соттар митинг бекітілген күнін бұзғанға дейін кідірте алады. Ал өтініш беруші өтінішті қайта тапсыруы керек.
  • Бейбіт жиналысты тоқтату туралы шешім объективті өлшемдерге және қудаланатын заңды мақсатқа барабар негізделген жағдайда ғана митингті тоқтатуға мүмкіндік беретін норма жоғалып кетті.
  • Бейбіт жиынды объективті критерийлерге негізделген және заңды мақсатқа сәйкес болған жағдайда ғана тоқтатуға мүмкіндік беретін норма жойылды. Бұл өздеріне тиімсіз іс-шараны тоқтатқысы келетін шенеуніктерге еркіндік береді.
  • Бейбіт жиындар мәжбүрлі түрде тоқтатылған кезде құқық қорғау органдарының қызметкерлері күш қолданудан аулақ болуға немесе қажет болған жағдайда күш қолдануды барынша азайтуға тиіс екені туралы норма алынып тасталған.
  • Жергілікті атқарушы органдарды бейбіт акцияда көтерілген мәселелер бойынша қажетті шешімдер қабылдауға міндеттейтін норма енгізілмеді.
Бұл туралы informburo.kz порталының орыс тіліндегі зерттеу материалынан толығырақ оқуға болады.

Оқи отырыңыз: "Митингке қатысушыларды жаппай ұстап, қамауға алу дұрыс емес". Қазақстандықтардың бейбіт шеруге қатысты пікірі

"Заң жобасын БҰҰ-ға сараптамаға жіберу қажет"

Құқық қорғаушы Евгений Жовтис қазіргі ұсынылып отырған заң жобасын халықаралық нормаларға сай емес деп сынға алды. Оның айтуынша, дамыған елдерде митинг, пикет және басқа да акциялар өткізу үшін рұқсат алудың қажеті жоқ. Билікті хабардар етсе жеткілікті. Ал құқық қорғау органдары азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етумен шектеледі. Сондықтан, Жовтис құжатты Біріккен ұлттар ұйымына сараптамаға жіберуді ұсынды.

"Біз бұл заң жобасының халықаралық стандарттарға сәйкес келетінін тексерту үшін оны БҰҰ-на сараптауға жіберейік. Мұндай сараптамалар өткен жылы Өзбекстанның заң жобасы бойынша жасалып, құжат кері қайтарылды. Өзбекстан үкіметі заң жобасын қайта қарау үшін заңды мақұлдамады", – деді Евгений Жовтис.

Дегенмен, министр Дәурен Абаев заңның әлем елдерінің тәжірибесіне сүйеніп әзірленгенін алға тартты.

Бейбіт жиын өткізу орнын белгілеп, шектеу қою қате


Алматыда бейбіт шеруді тек 3 саябақта өткізуге болады

Алматыда бейбіт шеруді тек 3 саябақта өткізуге болады / Алмаз Төлекенің фотосы


Қоғам белсенділерінің барлығының бірдей наразылығын тудырған өзекті мәселе – бейбіт шеру өткізетін орындарды белгілеу. 2019 жылғы 25 қыркүйекте Алматы мәслихаты азаматтардың бейбіт жиын өткізуіне арналған екі орынды белгіледі. Олар:

  • "Сарыарқа" кинотеатрының артындағы саябақ;
  • "Оңтүстік" саябағы.

Бұл тізімге жуықта Махатма Ганди атындағы саябағы қосылды.

"Пикетке шыққан адам "Сарыарқа" кинотеатрының алдына немесе Ганди атындағы саябаққа бармайды. Ол наразылығын көпшілік еститін, қоғам назары түсетін жерге барып, білдіреді. Сондықтан, бұл бапты міндетті түрде өзгерту қажет", – деді Евгений Жовтис.

Алайда Дәурен Абаев заңда азаматтардың беталды шеруге шығып, кез-келген жерде ойын еркін білдіруіне шектеу қойылатынын кесіп айтты. Оның айтуынша, митингтерді тек қала әкімдігінің қаулысымен бекітілген орындарда ғана өткізуге рұқсат етіледі.

Қоғам белсендісі, Ұлттық сенім кеңесінің мүшесі Бақытжан Бұқарбай бұл бапты өзгертуді талап ету керек деп санайды.

Оқи отырыңыз: Алматыда митинг өткізетін жерлердің саны артуы мүмкін. Бейбіт шеру орнын 8 ауданда белгілеу ұсынылды

"Адамның наразылығы, мәселен, Денсаулық сақтау министрлігіне немесе Білім және ғылым министрлігіне қатысты болса, ол сонда барып үндеу жариялау керек. Бейбіт жиынның логикасы осы жерде жатыр. Паркке барып жиын өткізу ол басқаша дүние. Сондықтан, орын белгіленбеу керек. "Мына жерде сөйлейсің, ал мына жерде болмайды" деп шектеу қою "Құлақ асатын мемлекет" концепциясына және Конституцияға қайшы. Бірақ, министр "бұл талап өзгертілмейді" деп кесіп айтты. Соған қарамастан, біз қоғам болып талап ету керекпіз. Әркім пікірін қалаған жерінде және еркін білдіруі қажет", – деді Бақытжан Бұқарбай.

"Бейбіт жиын өткізу үшін биліктен рұқсат сұраудың қажеті жоқ"

Заң жобасында "250 адамға дейін қатысатын шараны өткізу үшін билікті хабардар ету жеткілікті" деп көрсетілген. Егер мұндай хабарлаудан кейін заңда белгіленген мерзім ішінде жергілікті атқарушы органнан жауап болмаса, акция өткізу келісілген болып саналады. Ал жиынға 250-ден көп адам қатысатын болса, атқарушы биліктің келісімі болуы шарт.

"Халықаралық нормативтік актілерде көрсетілген дүниелер бар. Ал біздің заң жобасы оған сай келмейді. Адам өзінің пікірін, наразылығын білдіруге құқылы. Ол үшін рұқсат алу керек емес. 1995 жылғы заң бойынша, митинг өкізу үшін рұқсат сұрау керек. Рұқсатты, өзіңіз білесіз, бермейді. Сондықтан, біздің талабымыз – "митинг өткізу туралы рұқсат сұрамай, ескерту беру керек" деген болды. Бұл мәселенің барлығын былтырдан бері президентке жеткіздік. Мемлекет басшысы өткен жылдың соңында Ұлттық сенім кеңесінің екінші отырысында осы мәселе шешімін табатынын, ескерту жүйесі енгізілетінін айтты. Ал енді мына заң жобасында "250 адамға дейін болса, онда ескертсе жеткілікті. Одан көп болса, онда рұқсат алу керек" делінген. Мысалы, сен митинг жасадың делік. Алайда, оған сен қанша адам келетінін алдын ала қайдан білесің? Одан көп адам жиналса, барлығын таратып жібере ме, әлде барлығын 15 тәулікке қамап тастай ма? Қазіргі заң жобасында осы тұсын өзгертіп жіберген", – деп пікір білдірді Бақытжан Бұқарбай.

Жаңа заң жобасы журналистердің де құқығын шектейді

Заң жобасы бейбіт акцияны ұйымдастырушы, оған қатысушы және журналистің де құқықтары мен міндеттерін айқындаған: БАҚ өкілі куәлігі мен айырым белгісін көрсетсе ғана бейбіт жиналыстарды өткізу орындарында бола алады. Әлеуметтік желіде белсенді блогерлер бұл шектеудің де бұрыстығын алға тартты. Ал журналист Сергей Пономарев заң жобасында тілшілерге сегіз тыйым бар екенін айтты.

"Бесінші тармақ менің жаныма батып отыр. Қазақстан заңнамасына сәйкес, журналист мемлекеттік органдардың не басқа да лауазымды адамдардың талабы бойынша бейбіт жиындағы фототүсірілім және бейнежазбаны беруге міндеттеледі екен. Айталық, мен бұл жиынды түсіруге келдім, демек, бұл – менің жұмысым. Бірақ, маған прокурор немесе ІІБ бастығы келіп "бұл бейнетүсірілім бізге керек, беріңіз" деп талап етуі мүмкін. Тіпті, ол материалды екі-үш күннің ішінде қайтарғанның өзінде бұл жаңалық ешкімге қажет болмай қалады. Менің ойымша, бұл мүлдем қажет емес тармақ. Біздің жұмыс істеуімізге және халыққа ақпаратты жеткізуімізге кедергі келтіреді", – деді журналист Сергей Пономарев.

Оқи отырыңыз: Басты мәселе – өңірдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету

Ол заң жобасында "алкоголь, есірткі, психотроптық заттар таратумен айналысу және мас күйде келу", адамның бет-әлпетін жабатын киім-кешекті пайдалану сияқты тыйым салулардың бар екенін атап өтті.

"Өзіңізбен бірге адамдардың өмірі мен денсаулығына зиян келтіретін суық қару және өзге де заттарды алып жүруге тыйым салынады. Біз қарақшы немесе лаңкес емеспіз ғой. Ол жерге ресми тіркеліп, тиісті құжатымызбен келіп отырмыз. Онда неге педофилия мен зорлықты да қоспады?" – деп ашынды журналист.

Оқи отырыңыз: "Бала – ұнамай қалса, кері өткізетін тауар емес". Бала асырап алу агенттігі бұл мәселені қалай шешеді?

Осы ретте Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев құқық қорғау органының қызметкерлері журналистерден фототүсірілім және бейнежазбаны беталды талап етпейтін мәлімдеді. Тек адам өлімі және өзге қайғылы оқиға болған кезде ғана дәлел ретінде сұралатынын айтты.

Митинг кезіндегі полицейлердің әрекетін заңда қамту керек


Human Rights Watch статистикасына сәйкес 2019 жылдың 9-13 маусымы аралығында Қазақстанда сайлауға қарсы шыққан 4 мыңға жуық адам ұсталды

Human Rights Watch статистикасына сәйкес 2019 жылдың 9-13 маусымы аралығында Қазақстанда сайлауға қарсы шыққан 4 мыңға жуық адам ұсталды / Алмаз Төлекенің фотосы


Қоғам белсенділері талқылау кезінде заң жобасын сынап қана қоймай, өздерінің нақты ұсыныстарын жеткізді. Құқық қорғаушы Маржан Аспандиярова 1995 жылы қабылданған заңға президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мораторий жариялауын сұрады.

"Біз жаңа заңды талқылап отырғанда көптеген адам полиция тарапынан қысым көріп, түрмеге қамалып жатыр. Соңғы жылдары бейбіт жиын өтетіні хабарланса, полиция белсенділерді алдын ала үйінен ұстап әкетуді әдетке айналдырды. Сол себепті, жаңа заң бекітілгенше қолданыстағысына мараторий жариялау керек", – деді заңгер.

Оқи отырыңыз: Алматылық полицейлер мемлекетке 6 миллионға жуық теңге қарыз

Сарапшылар бейбіт жиын барысында құқық қорғау қызметкерлерінің іс-қимылын айқындау керек екенін айтты. Яғни, полицейлер қандай жағдайда адамдарға кедергі келтіріп, оларды қамауға алып кете алатынын анық көрсету керек. Ал митинг ұйымдастырғаны үшін бір рет жауапқа тартылған адамды екінші жолы шеруге қатыстырмау туралы тармақты жоюды қажет етеді.

Жиын қорытындысында Дәурен Абаев айтылған барлық ұсыныстардың ескерілетінін және заң жобасына әлі де өзгерістер енгізуге болатынын айтты. Оның сөзінше, құжат республиканың барлық өңіріндегі қоғам белсенділерінің талқысынан өтіп, алдағы саяси науқан – сайлауға дейін қабылданады. Бірақ, нақты мерзімі белгісіз боп қалды.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары