Митингілер жайлы заң жобасын Сенаттан Мәжіліске қайтару жайлы

Бүгінгі сенаторлардың Мәжіліске заң жобасын толықтыру үшін қайта жіберуі заң шығару процесіндегі техникалық дүние.

Ең алдымен, парламентте бір палатадан екінші палатаға заң жобасын толықтыру үшін кері қайтару – заң шығару процесіндегі техникалық дүние. Демократиялық елдерде заңшығарушылар осыған жиі жүгінеді. Мәселен, АҚШ-та Өкілдер палатасы мен Сенат заң жобасындағы нормаларға біздегідей бірден келісе бермейді. Заңды пісіру үшін, идеологиялық қарама-қайшы көзқарасты азайту үшін оның жобасын бір-біріне жиі жолдап отырады. Келісе алмаған баптарды ортақ комиссия құру арқылы талқылайды, содан кейін барып шешім шығарады. Кейбір заң жобаларын қабылдау бірнеше айға, тіпті кейде бірнеше жылға созылуы мүмкін.

Оқи отырыңыз: Партиялық тізім, 30% квота және саяси құлдық

Сондай-ақ АҚШ-та заң жобасын біздегідей вертикаль жолмен қабылдамайды. Өкілдер палатасы да, Сенат та заң жобасын ұсына алады. Екі жақ келіскен заң жобасы президентке ұсынылады.

Екіншіден, демократиялық елдерде заң жобасын екі палата бір-біріне саяси идеологияның әсерінен, сайлаушылардың алдында ұпай жинау үшін қабылдамай тастайды. Заңды мақұлданып келген палатаға қайтарып береді. Бұл демократиялық елдер үшін қалыпты дүние.

Оқи отырыңыз: Екіжүзділік пен эгоизм. Карантин кезінде қоғамда не байқадық?

Қазақстанға келейік. Бүгінгі сенаторлардың Мәжіліске заң жобасын толықтыру үшін қайта жіберуі де заң шығару процесіндегі техникалық дүние. Осы уақытқа дейін Сенат бірнеше заң жобасын Мәжіліске қайтарған. Мысалы, кейінгі 5-6 жылда мына заңдарды төменгі палатаға қайтарған екен:

  • 2014 жыл. "Энергоүнемдеу және энерготиімділікті арттыру туралы" заң жобасы.
  • 2017 жыл. "2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заң жобасы.
  • 2019 жыл. "Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекске өзгерістер мен толықтырулар туралы" заң жобасы.

Оқи отырыңыз: Төтенше жағдай, билікке сенім және доктор Фаучи

Енді митингілер жайлы заң жобасына келейік. Сенаттың ұсынып отырған толықтырулары халықаралық нормаларға, демократия талаптарына мүлдем сай емес. Евгений Жовтис секілді заңгерлердің ескертуіне құлақ асып, қоғам талабын ескеруге ыңғай таныту да емес. Спикердің ауысуымен демократия нышанының пайда болуы да емес. Бұл кейбір баптардағы түсініспеушілік туғызған моментті нақтылайтын техникалық процесс. Халықаралық ұйымдардың митинг жайлы заң жобасына реакциясын ескерсек, Сенаттың бүгінгі іс-әрекеті – "жалкая иммитация демократии".

Алда осындай жаңалықтарды естіген кезде ҚР парламентінің толықтай "Нұр Отанның" бақылауында екенін естен шығармайық.

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Читайте также