Тікелей эфир

"Митингке қатысушыларды жаппай ұстап, қамауға алу дұрыс емес". Қазақстандықтардың бейбіт шеруге қатысты пікірі

Алмаз Төлекенің фотосы
Алмаз Төлекенің фотосы
Қазақстандықтар бейбіт митингілер арқылы елдегі жағдайды жақсартуға болатынына сенімді. Митинг халықтың жан-айқайын биліктің құлағына жеткізеді дейді.

Қазақстандықтардың 43%-ы митинг өткізуді дұрыс деп санаса, 16%-ы митингке шығуға қарсы екенін білдірген. Ал 41% респонденттер бұл сұраққа келгенде нақты бір шешімге әлі келмеген. Олар өздерінің қауіпсіздігі үшін ойын ашып айта алмаған. Дегенмен бейбіт жиын өткізуді азаматтың құқығы ретінде яки құбылыс ретінде қабылдайтын респонденттер баршылық.

Оқи отырыңыз: "Бейбіт жиындар туралы заң жобасы Конституцияға қайшы". Қоғам белсенділері жаңа құжатқа неге қарсы?

"Бейбіт митингілер елдегі жағдайды жақсарта ала ма?" деген сұраққа сауалнама қатысушыларының 46%-ы шеруге шығу арқылы халықтың жан-айқайын биліктің құлағына жеткізуге болады деп санайды. Олар бейбіт жиындар мемлекеттік деңгейде қабылданатын шешімдерге ықпал етуге қауқарлы деген сенімде. 40% респонденттер бұл пікірмен келіспейді, олар митингілер, керісінше, халықтың берекесін кетіреді дейді. Қалған қатысушылар бұл сұраққа жауап бермеген.


Бейбіт митинг өткізу құқығы туралы сауалнама нәтижесі

Бейбіт митинг өткізу құқығы туралы сауалнама нәтижесі / MediaNet халықаралық журналистика орталығының инфографикасы


Белсенді азаматтар бейбіт жиын биліктің келісімінсіз өтуі керек деп санайды. Бірақ қоғамның санасы мұндай өзгеріске дайын емес секілді. Сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың 73%-ы "митинг өткізу үшін биліктен рұқсат алу керек" деп жауап берді. Небәрі 17% респондент бұл пікірмен келіспеген.

Оқи отырыңыз: Алматыда митинг өткізетін жерлердің саны артуы мүмкін. Бейбіт шеру орнын 8 ауданда белгілеу ұсынылды

"Қоғамдық тәртіпті бұзбаған митинг қатысушыларын қамауға алу дұрыс па?" деген сауалға да респонденттер әртүрлі пікірде. Қатысушыларының 58%-ы белсенділерді ұстап, қамауға алу заңсыз деп санайды. 24%-ы билік әрекетін құп көреді. Олар митингке қатысушылар қоғамдық тәртіпті бұзады деп санайды.

Митингке шыққандарды қамауға алуды дұрыс емес деп есептейтін халық Атырау облысында көп (78%), ал ең азы Түркістан мен Қарағанды облыстарының тұрғындары арасында (47%) байқалды.

"Сауалнама қорытындысына сәйкес, қазақстандықтар жалпы бейбіт митинг өткізуге деген көзқарастары дұрыс және қоғамдық акциялар арқылы елдегі жағдайды жақсартуға болады деп сенеді. Бірақ митинг өткізу үшін биліктің келісімін алу туралы мәселеге келгенде әлі де батылдық таныта алмай отыр. Десе де, олар қатысушыларды жаппай ұстап алып кетіп, қамауға алуды дұрыс емес дейді" – зерттеу жүргізушілері.

Сауалнама 26-29 қыркүйек аралығында жүргізілді. Оған Қазақстанның 14 облысы мен республикалық маңызы бар Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында тұратын 1100 адам жауап берді. Қатысушылардың 47%-ы ер азаматтар, 53%-ы әйелдер. Барлығы 18 жастан асқан. Тұрғындардан сұрақтарға жауап стационарлық нөмерлерге қоңырау шалу арқылы алынды.

Сауалнаманы DEMOSCOPE қоғамдық пікірге жедел мониторинг жүргізу бюросы жүргізді. Жоба MediaNet халықаралық журналистика орталығы Конрад Аденауэр атындағы Қордың Қазақстандағы Өкілдігі қолдауымен жүргізілді.

Серіктестер жаңалықтары