Тікелей эфир

Коронавирус Қазақстанда: 13 сәуір хронологиясы. 2 адам көз жұмып, 140 науқас қосылды

Фото Informburo.kz
Фото Informburo.kz
Іnformburo.kz отыз екінші күннің оқиғаларын рет-ретімен әңгімелейді.

Қазақстанда коронавирус жұқтырудың алғашқы деректері 13 наурызда тіркелді. Алғашқы 31 күннің оқиғаларын осы жерден оқуға болады.

23.40. Коронавирус жұқтырғандар саны – 1091

  • Алматы – 271;
  • Нұр-Сұлтан – 260;
  • Қызылорда облысы – 119;
  • Қарағанды облысы – 77;
  • Ақмола облысы – 73;
  • Атырау облысы – 62;
  • Жамбыл облысы – 46;
  • Түркістан облысы – 44;
  • Шымкент – 38;
  • Солтүстік Қазақстан облысы – 26;
  • Алматы облысы – 22;
  • Ақтөбе облысы – 11;
  • Батыс Қазақстан облысы – 11;
  • Маңғыстау облысы – 10;
  • Павлодар облысы – 10;
  • Шығыс Қазақстан облысы – 7;
  • Қостанай облысы – 3.

Жазылғандардың жалпы саны – 138.

Көз жұмғандар – 12.

23.40 – Коронавирус инфекциясын жұқтырған тағы 112 адам тіркелді. Осылайша науқастардың жалпы саны 1 091-ге жетті.

  • Алматы – 99;
  • Нұр-Сұлтан – 3;
  • Атырау облысы – 3;
  • Ақмола облысы – 2;
  • Батыс Қазақстан облысы – 2;
  • Түркістан облысы – 1;
  • Қарағанды облысы – 1;
  • Алматы облысы – 1.


22.50 – 15 сәуірден бастап Алматы облысының аумағында карантин енгізіледі. Қаулыға облыстың бас санитар дәрігері Қайрат Баймұхамбетов қол қойды. Құжатқа сәйкес келесі шектеулер қойылады:

  • шет мемлекеттерден келген Алматы облысының тұрғындарын, жүктерді, оның ішінде транзиттік жүктерді тасымалдайтын адамдар мен көліктерді қоспағанда, облыс аумағына басқа өңірлерден адамдар мен көліктің кіруіне тыйым салу;
  • адам тасымалдаумен айналысатын азаматтық әуежайлардың, аудандық, қалалық автобекеттердің қызметін уақытша тоқтату;
  • ресми такси қызметтерін қоспағанда, қалааралық, ауданаралық автобус қатынастарына, сондай-ақ жеке тасымалдауға тыйым салу;
  • әскери әуежайларға жолаушылар борттарын қабылдауға тыйым салу;
  • азық-түліктік емес мақсаттағы сауда нысандарының, бизнес орталықтарының, интернет және компьютерлік клубтардың, азық-түлік базарларының (ет павильондарынан басқа) және азық-түліктік емес базарлардың жұмысын тоқтата тұру;
  • жәрмеңкелер, көше саудасын болдырмау;
  • меншік нысанына қарамастан мектепке дейінгі балалар мекемелерінің қызметін тоқтата тұру;
  • халық көп жиналатын орындарға (саябақ, жағалау, сквер, спорт алаңдары, үй жанындағы балалар алаңдары) баруға тыйым салу;
  • діни мақсаттағы нысандардың (мешіттер, шіркеулер, бірлестіктер т. б.) қызметін тоқтата тұру.

Бұған дейін басқа өңірлерге кеткен Алматы облысының тұрғындары облыс аумағына 15 сәуір күнгі сағат 00:00-ге дейін кіре алады.

Оқи отырыңыз: Нұр-Сұлтан мен Алматыда қандай кәсіпорындар жұмысын жалғастырады?

20.15 – 14 сәуірде Алматы ішінде жүріп-тұруға рұқсат беретін мәліметтер базасы бар жаңа infoalmaty.kz сайты іске қосылады. Оған кәсіпкерлер өтінішін қайта жіберуге мәжбүр болады. Жеке тұлғалар қалада жүріп-тұруға рұқсаттың бар-жоғын білу үшін ЖСН енгізу керек. Ал кәсіпорындар үшін БСН-ді енгізсе жеткілікті.

"Жедел штабтың шешімімен қаладағы бірқатар кәсіпорындарға жұмыс істеуге рұқсат берілді. Бұл рұқсат өткен айда беріліп, қаланың қалыпты тіршілігін қамтамасыз етуге қатысы бар тұлғалардың деректер базасы жасалды. Бірақ, тәжірибе көрсеткендей, кейбір кәсіпкерлер мүмкіндікті пайдаланып, өз кәсіпорындарының тізіміне кейбір автомобильдер мен осы жұмысқа мүлдем қатысы жоқ адамдарды енгізген. Сондықтан ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында біз жаңа портал әзірледік", – деді Алматы әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев.

Өтінімдер мекеменің бірінші басшысының ЭЦҚ-сы арқылы ғана қабылданады. Бұл оған жеке жауапкершілік жүктейді. Жалған ақпарат берген жағдайда жауапқа бірінші басшы тартылады. Сондықтан әкімдік қарапайым тұрғындарды порталға өз бетінше жеке деректерін жарияламауға шақырды.

19.30 – Қазақстанда емделіп, жазылған науқастар саны 138-ге жетті. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше осы сағатта тағы 28 адам қауіпті індеттен айыққан.

  • Нұр-Сұлтан – 20 адам;
  • Алматы – 1 адам;
  • Алматы облысы – 3 адам;
  • Ақмола облысы – 4 адам.


Оқи отырыңыз: Жазғы ыстықта коронавирус жойыла ма? Вирусолог мамандардың зерттеуі

18.50 – Пандемияға байланысты рейстердің қысқаруы мен шектелуінен отандық әуе компаниялары шығынға батуда. Мәселен:

  • отандық әуе компаниялары – 235 млрд теңге;
  • әуежайлар – 24,5 млрд теңге;
  • "Қазаэронавигация" РМК – 28 млрд теңге жоғалтты.

Қазақстанда коронавирустың таралуын болдырмау мақсатында бүгінгі күні халықаралық рейстердің 99 пайызы қысқарды. Барлық тұрақты ішкі рейстер жабылды. Қазіргі уақытта ел аумағында тұрақты әуе қатынасы жоқ.

"Егер 22 наурызға дейін 45 ішкі бағытта аптасына 540 рейс (тәулігіне 77 рейс) орындалса, 2 сәуірден бастап Қазақстан қалалары арасындағы барлық ішкі тұрақты рейстер тоқтады. Наурыз-сәуір айларында елде тасымалданатын жолаушылар саны 70 пайызға азайды", – деп хабарлады Азаматтық авиация комитеті.

Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) болжамына сәйкес, биылғы жылдың бірінші жарты жылдығында әуе компаниялары ұсынатын орындар саны 51 пайызға қысқарады, сондай-ақ тасымалданған жолаушылар саны 500 миллионға азаяды. Әуе компанияларының операциялық шығындары – 124 млрд АҚШ долларын құрайды.

Халықаралық әуе көлігі қауымдастығы (IATA) 2020 жылы жолаушылардан түсетін кірістің жоғалуын – 252 млрд долларға бағалайды.

Оқи отырыңыз: Коронавирусты анықтайтын тестті тегін тапсыруға болады. Ол үшін не қажет?

18.34 – Алматыда банк қызметкерлері, базар жұмысшылары және құқық қорғау органдарының өкілдері Covid-19 инфекциясына тексеруден өтеді. Қалада қауіпті індет бойынша тексерілетін адамдардың контингенті кеңейтілді.

"Бүгінгі таңда Құрлық әскерлері әскери институтының 383 қызметкері тексерілді. Сондай-ақ, "Жұлдыз", "Жасыл базар", "Магнум" сауда орындарының жұмысшылары арасында да медициналық тексеру жалғасуда. Жаппай тексеру қаладағы коронавирустық инфекцияның жасырын ошақтарын анықтауға көмектеседі", – деді қаланың бас санитарлық дәрігері Айзат Молдағасымова.

Оның айтуынша, Алматыда бір күнде Covid-19 инфекциясына 1 064 адам тексеруден өтті.

18.15 – Елімізде Ұлттық бірыңғай тестілеудің өту мерзімі өзгерген жоқ. Ал 6 сәуір күні басталған қашықтан оқыту жалғасын табады. IV тоқсанда оқушылар бір БЖБ мен бір ТЖБ тапсырады. Сондай-ақ, қорытынды аттестаттау емтихандары өткізілмейді, аттестатқа жылдық қорытынды бағалар қойылады.



18.00 – Қытайдан келген медицина қызметкерлері өңірлерді аралауға кіріседі. Шыңжаң дәрігерлері 15 сәуірде Қарағандыға, содан кейін Алматыға барады. Олар тәжірибемен бөлісіп, бейнеконференцияларға қатысады. Сондай-ақ, отандық дәрігерлердің сұрақтарына жауап береді.



Қытайлық 10 дәрігер Қазақстанға өткен аптада келген болатын. Бұған дейін олар Нұр-Сұлтандағы әріптестеріне кеңес берді.

Оқи отырыңыз: 42 500 теңге: бірінші ай төлемін алу үшін 15 сәуірге дейін өтініш беріп үлгеру қажет

17.30 – Коронавируспен күреске жұмылдырылған алматылық медицина қызметкерлерінің жалақыларына үстемеақы төлеуге 1134,8 млн теңге көлемінде қаражат бөлінді. Үстемеақыны 3 711 адам алады. Төлем келесі санаттағы адамдарға жасалды:

  • 1 тәуекел тобы – 555 қызметкер, төлем сомасы – 375,1 млн теңге;
  • 2 тәуекел тобы – 2 283 қызметкер, төлем сомасы – 569,9 млн теңге;
  • 3 тәуекел тобы – 874 қызметкер, төлем сомасы – 118,3 млн теңге.

Төлемдер Салық кодексіне сәйкес барлық салықтарды ескере отырып, айлықтық жұмыс балансынан аспайтын нақты жұмыс істеген уақыты (күндер/сағаттар) үшін жүргізіледі.

"Бүгінгі күні медицина қызметкерлеріне 1 063,3 млн теңгеге төлем жүргізілді, бұл 96 пайызды құрайды. Төлем жасау жалғасуда. Осы күннің соңына дейін медициналық жедел жәрдем қызметі бойынша қалған барлық сома екі карантиндік ұйымға төленеді" – деді Алматы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев.

16.37 – Алматыда 280 орындық жұқпалы аурулар госпиталінің құрылыс қарқыны көрсетілді. Нысан құрылысы 4 сәуірде басталған болатын. 28 интенсивті терапия бөлімшесі бар мекеме коронавирус жұқтырған науқастармен байланыста болған және қатерлі індетті жұқтыруы мүмкін деген күдікпен есепке алынған адамдарға арналмақ.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Асет Мукажанов (@aset.mukazhanov)

16.31 – Алматы мен Нұр-Сұлтанның 3 136 тұрғынына КВИ анықтайтын экспресс-тесттер жасалды. Нәтижесінде 64 адамның Covid-19 жұқтырғаны белгілі болды, бірақ олар емделіп үлгерген.

"270 мың экспресс-тестілерді меценаттар сатып алды. Оның 3 136-сы қолданылды. Тестілеудің 354-і көлік өткізу пункттерінде, 2 782-сі медициналық ұйымдарда жасалды. Тексеріс нәтижесі 64 адамның бойында антиденелердің бар екенін көрсетті. Яғни олар емделіп үлгерген адамдар. Енді оларды ПТР әдісімен де тексереді", – ДСМ Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрайымы Людмила Бюрабекова.

16.2220 сәуірден бастап Нұр-Сұлтан мен Алматыдағы кәсіпкерлік субъектілерінің жұмысы кезең-кезеңмен қалпына келтіріледі. Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия осындай шешім қабылдады. Комиссия төрағасы Асқар Мамин нысандарда санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздіктің қамтамасыз етілуі мен қызметкерлердің жұмыс орындарында әлеуметтік ара қашықтықты сақтауына қатаң бақылау жасауды тапсырды.

Бірінші кезеңде өнеркәсіп және құрылыс кәсіпорындарының, сондай-ақ қызмет көрсету саласының белгілі-бір секторларының жұмысы қалпына келтіріледі. Олардың жұмыс істеуі үшін қойылатын міндетті шарт – санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды қатаң сақтау.

Жұмысын бастайтын кәсіпкерлік қызмет түрлерінің нақты тізімін Мемлекеттік комиссия 15 сәуірде бекітеді.

Оқи отырыңыз: Сіз білуіңіз қажет! Covid-2019 коронавирусынан сақтану шаралары

16.16 – Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрайымы Людмила Бюрабекова ғалымдардың болжамы бойынша Қазақстанда індеттің шарықтау шегі сәуір айының соңына немесе мамыр айының басына тура келетінін хабарлады.

16.05 – 37 қызметкері коронавирус жұқтырған Алматыдағы №12 орталық клиникалық аурухана толықтай карантинге жабылды. Медициналық мекеме әзірге науқастарды қабылдамайды, деп хабарлады қаланың бас санитар дәрігері Айзат Молдағасымова. Жедел респираторлы вирустық инфекция жұқтырған және ауыр тыныс жолдары аурулары бар науқастар № 7 қалалық клиникалық ауруханаға жеткізіледі.

"Ауру жұқтырған дәрігерлермен 316 адам байланыста болған. Медицина қызметкерлеріне жаппай вирус жұқтырған – наурыз айының соңында МРТ-тексеруден өткен науқас. Ол дәрігермен және медбикемен қарым-қатынаста болған", – деді Айзат Молдағасымова.

Оқи отырыңыз: "АҚШ Италияның қателігін қайталауы мүмкін". Елдегі қазақстандықтар қалай өмір сүріп жатыр?

15.59 – Павлодар облысының азық-түлік базарлары 06:00-ден 12:00-ге дейін жұмыс істейді. Бірақ, ондағы саудагерлерге санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтау міндеттелді. Тұтынушылар мен сатушылар арасында 2 метрден астам ара қашықтық сақталуы тиіс. Сатушылар әрдайым медциналық маска мен қолғап киюі қажет. Әр екі сағат сайын ылғал тазалау, әр үш сағат сайын арнайы дезинфекциялық құралдардың көмегімен қолданылатын заттардың, үстелдің үстін сүрту сияқты талаптар қойылды. Бұл ережелер бұзылған жағдайда азық-түлік базарлары жабылады.

"Тиісті түзетулер Павлодар облысының бас санитар дәрігерінің аймақ аумағында карантин режимі туралы қаулысына енгізілді. Егер алғашында барлық азық-түлік базарлары өз қызметін тоқтатуы керек болса, енді олар 06:00-ден 12:00-ге дейін жұмыс істей алады. Бұл ретте 06:00-ден тек көтерме сатып алушыларға қызмет көрсетуге рұқсат етілген. Бөлшектеп сату үшін 09:00-ден бастап үш сағат уақыт беріледі", – деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Оқи отырыңыз: Мейрамхана, сұлулық салоны, жаттығу залдары жабық. Карантин кезінде тағы қандай шектеулер қойылады?

15.41 – Қазақстанда 211 медицина қызметкері коронавирус инфекциясын жұқтырған. Дәрігерлердің сырқаттануының негізгі себептері:

  • жеке қорғаныш заттарымен, дезинфекциялау құралдарымен қамтамасыз етілмеген, медициналық мекеме басшылары тұрақты нұсқаулық жүргізбейді;
  • нысандардың техникалық жағдайы көбінесе қажетті талаптарға сай келмейді ("таза" және "лас" аймақтарға нақты бөлінбеген);
  • еңбек тәртібін бұзу, қызметкерлердің стационарда тәулік бойы немесе жұмыс орнында 10 және одан көп сағат жұмыс істеуі, қатты шаршау, шамадан тыс жүктеме;
  • арнайы киімдерді кию және шешу техникасын сақтамау.

"Медицина қызметкерлерінің арасында Covid-19 індетіне немқұрайлы қарайтындары бар. Мысалы, еліміздің бас санитар дәрігері Айжан Серікбайқызы бүгін Теміртау жұқпалы аурулар ауруханасында болып, ондағы қызметкерлердің коронавирустық инфекциясына ұқсас белгілері бар шағымданушыларды еш сақтық шараларын қолданбастан, бақылаусыз дәрігерге жіберіп отырғанын көрген", – деді ДСМ Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрайымы Людмила Бюрабекова.

Оқи отырыңыз: "Тәулігіне 604 мың маска өндірілуде". Ақпарат министрі сұрақтарға жауап берді

15.20 – Covid-19 инфекциясынан Нұр-Сұлтанда қайтыс болған 84 жастағы қария бұған дейін індеттен екі адам көз жұмған қарттар үйінің тұрғыны болған.

5 сәуірден бастап ол Көкшетау темір жол ауруханасының провизорлық стационарында карантинде жатқан. 9 сәуірде Ақмола облыстық туберкулезге қарсы диспансеріне емдеуге ауыстырылды. Жағдайы өте ауыр болғандықтан, дәрігерлер науқасты жасанды тыныс алу аппаратына қосқан. Оған ауыр дәрежелі екі жақты жаппай пневмония, вирустық этиология диагнозы қойылды. Қарияның бұдан бөлек, артериялық гипертензия, өкпенің созылмалы обструктивті ауруы, жүректің ишемиялық ауруы сынды сырқаттары болған.

15.08 – Алматыда соңғы тәулік ішінде Covid-19 диагнозы расталғандардың 27-cі де медицина қызметкерлері болып шықты. Оның ішінде 21 әйел және 6 ер адам, араларында бір жүкті әйел бар. Полисегментті пневмония анықталған екі науқастың жағдайы ауыр деп бағалануда. Қалғандарының денсаулығы қанағаттанарлық.

Коронавирус анықталған 20 медицина қызметкері қалалық орталық клиникалық аурухананың қызметкерлері болып табылады. Олар шұғыл медициналық көмек көрсеткендер. Тағы 7 адам – балалар жұқпалы аурулар ауруханасының қызметкерлері. Мамандарға 4 сәуірде өткізілген бірінші тест теріс нәтиже көрсеткен. Қазір дәрігерлердің жаппай сырқаттануы байланысты эпидемиологиялық тексеру жүргізілуде. Олар инфекцияны симптомсыз ауырған емделушілерден жұқтыруы мүмкін деп болжануда.

Оқи отырыңыз: Коронавирустан сақтанудың ең дұрыс тәсілдері. Инфографика

14.31 – Алматының бас санитар дәрігері Айзат Молдағасымова үй карантинінде жатқан кезде үстемеақы алғаны туралы ақпаратты жоққа шығарды. Есесіне ол Halyk Bank-тен ақшалай сыйақы алғанын растады.

"Сыйақы алдым, бірақ көп емес. Ел қатарлы және өздерінің бөлгеніне қарай. Мен өз өзіме сыйақы тағайындамаймын, оған құқығым жоқ. Сыйақыны комитет бекітеді. Біз тек Денсаулық сақтау министрлігінен ғана аламыз, соңғы рет біздің ДСМ тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінен Наурыз мейрамына үстемеақы алдық. Halyk Bank қайырымдылық қаржылық көмекті өз қаражаттарынан қаланың санитарлық қызметінің мамандарына да аударды", – деді ол.

Айзат Молдағасымованың өзіне қомақты сыйақы тағайындағаны туралы медицина ғылымдарының кандидаты Қайырғали Қонеев мәлімдеді. Ол Алматының бас санитарының Еуропадан ұшып келіп, үй карантинінде бола отырып сыйақы алғанын хабарлаған болатын.

14.30Коронавирус инфекциясынан Ақмола облысында 1 адам көз жұмды. Cондай-ақ, Covid-19 жұқтырған тағы 6 адам тіркелді:

  • Нұр-Сұлтан – 4 адам;
  • Шығыс Қазақстан облысы – 1;
  • Солтүстік Қазақстан облысы – 1.

Елімізде коронавирус инфекциясын жұқтырған жалпы 979 адам анықталды.



14.00 – BISAM Central Asia Әлеуметтік және маркетингтік зерттеулер орталығы Covid-19 пандемиясына және қазіргі карантиндік шараларға байланысты қоғамдық сауалнама жүргізді.

Белгілі болғандай:

  • толық күн жұмыс істейтін қазақстандықтардың тек 40%-ы төтенше жағдай режимі мен карантин кезінде зардап шекпеген;
  • бұрын толыққанды жұмыс істеген респонденттердің 27%-ы кәсіпорын қызметінің тоқтатылуына байланысты ақысыз еңбек демалысына жіберілген;
  • 11%-ы жұмыстан айырылған;
  • 7%-ы толық емес жұмыс күніне ауыстырылған;
  • 17%-дан астамы басқа себептер бойынша табысының айтарлықтай бөлігін жоғалтқан.

Бұл тақырып бойынша сауалнама осымен екінші рет жүргізілді. Біріншісі наурыз айында өткен болатын. Респонденттердің басым бөлігі әлі де коронавирустың қаупі асыра сілтеп айтылған деп санайды. Наурыз айының ортасында сауалнамаға жауап бергендердің 60%-ы осындай пікірде болған. Сәуір айының бірінші онкүндігінде мұндай пікір тек 3%-ға азайды.

Үкіметтің іс-әрекетін мақұлдау пайызы айтарлықтай өзгерді. Респонденттердің 72%-ы Қазақстан Үкіметі коронавируспен жақсы күресіп жатқанын мойындады. Наурызда көрсеткіш 61%-ды құраған болатын.

Оқи отырыңыз: Ауруханалар карантин режимінде қалай жұмыс істейді? Фоторепортаж

13.52 – Қауіпті аурудан тағы 10 адам емделіп шықты. Осылайша, Қазақстан бойынша жазылғандар саны 110-ға жетті:

  • Нұр-Сұлтан – 5 адам;
  • Атырау облысы – 3 адам;
  • Қызылорда облысы – 1 адам;
  • Маңғыстау облысы – 1 адам.

13.31 – Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов 13 сәуірде стационардан бұрын Covid-19 диагнозы қойылған жүзінші науқастың сауығып, үйіне шағарылғанын хабарлады. Ол 82 жастағы әйел.

"Науқас Нұр-Сұлтанда ем алды. 22 наурызда көпбейінді медициналық орталықтың инфекциялық аурулар бөліміне індет жұқтырған адаммен жақын байланысқан ретінде түсті. Оған коронавирустық инфекция, екі жақты полисегментарлы пневмония, бірінші дәрежелі тыныс алу жеткіліксіздігі, өкпенің созылмалы обструктивті ауруы, үшінші дәрежелі артериялық гипертензия, идиопатиялық подагра диагнозы қойылды. Кешенді емдеуден кейін 24 сағат аралығымен Covid-19-ға екі рет зертханалық талдау жүргізілді. Нәтижелері теріс болды. Қазіргі уақытта денсаулығына шағым жоқ", – деді министр.

Оқи отырыңыз: #ҮйдеОтырыңыз. Карантин талаптарына қатысты 20 маңызды сұраққа жауап

13.10 – Нұр-Сұлтанда осымен үшінші рет ауқымды дезинфекция жұмыстары жүргізіледі. Оған қалалық коммуналдық қызметтер, Қарулы күштердің биологиялық қорғау бөлімшелері, әскерге шақыртылғандар – барлығы 500-ге жуық адам қатысады. Олар тұрғын үйлер мен аулаларды дезинфекциялайды.

Елордада күн сайын адамдар көп жиналатын орындар: әлеуметтік нысандар, базарлар, сауда орталықтары, блок бекеттер дезинфекцияланады. Сондай-ақ, магистральды көшелер екі рет жаппай өңделеді.

"Біздің бригаданың бөлімшелері тікелей Нұр-Сұлтан аумағын дезинфекциялаумен айналысады. Әскери бөлімнің жеке құрамы мұндай жұмыстарға дайындалған, барлық қажетті құралдармен қамтамасыз етілген. Біз медициналық мекемелердің, дәрігерлер тұратын қонақ үйлердің аумақтарына ерекше назар аударамыз", – деді 68/665 әскери бөлімінің радиациялық, химиялық және биологиялық қорғаныс қызметінің басшысы Дмитрий Ефимов.



13.00 – Шығыс Қазақстан облысында коронавирус инфекциясынан қайтыс болған әйелге қатысты мәлім болды. Ол 1979 жылғы Өскемен қаласының тұрғыны. Ауруханаға 12 сәуір күні жәдел жәрдем бригадасымен ауыр халде арнайы провизорлық стационарға жеткізілген. Науқасқа диагностикалық тест жасалып, Covid-19 жұқтырғаны расталды.

"Түскен кезде жағдайы өте ауыр болды. Екі жақты пневмония, сол жақтық плеврит, жіті респираторлық дисстресс-синдром, миокардит. Сонымен қатар, ауыр алкогольдік интоксикация диагнозымен түскен. Науқастың өмірін сақтау үшін барлық реаниматолог дәрігерлер көмек көрсетті. Азаматша жасанды тыныс алу аппаратына қосылды. Түні бойы екі мәрте жүрегі тоқтады. Ренанимациялық іс-шараларың нәтижесінде жағдайы тұрақтанды. Бірақ, үшінші мәрте жүрегі тоқтағанда реанимациялық шаралар нәтижесін бермеді", – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ілияс Мұхаметжан.

Оқи отырыңыз: Коронавирус жұқтырып, қайтыс болғандар қалай жерленеді? Министр бұйрығы, ҚМДБ пәтуасы және шетел тәжірибесі

11.57 – Шығыс Қазақстан облысында 1 адам коронавирус инфекциясының құрбаны болды. Елімізде індет салдарынан қайтыс болғандар саны 11-ге жетті.

11.17 – Бүгінгі таңда 42 500 теңге әлеуметтік төлем 1 млн 779 мың адамға тағайындалды. Ол үшін қазынадан 75 млрд 600 млн теңге жұмсалды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтың мәліметінше, әлеуметтік көмекті алуға жалпы саны 3 млн 703 мың адам өтініш берген. Жолданған өтініштердің саны – 5 миллионға жуықтаған.

Ведомство басшысы жәрдемақыны төлеудің ұзаққа созылып жатқаны үшін халықтан кешірім сұрады.

"Өтініштерді неге ұзақ қарастырып жатырсыздар, неге ақша кеш түседі деп көбісі сұрайды. Мен министр ретінде барлығынан кешірім сұрағым келеді. Бірақ бұл шын мәнінде объективті себеп – біз үлгермей жатырмыз. Өйткені, осы уақытқа дейіні түскен өтініштердің барлығы қайталанып берілген. Оның барлығын тексеріп, сұрыптау уақыт алады", – деді Біржан Нұрымбетов.

11.10 – Қарағанды облысында коронавирус инфекциясын жұқтырған тағы 11 адам тіркелді. Елімізде коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың жалпы саны – 972.



10.57 – Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссия бүгін жұмысты қайта бастауға рұқсат берілетін ШОБ кәсіпорындарының тізімін бекітеді. Қызметін қайта қолға алуға рұқсат берілетін Нұр-Сұлтан мен Алматының кәсіпкерлеріне карантин тәртібін сақтауға тура келеді. Қызметкерлер мен келушілердің қауіпсіздігі үшін олар санитарлық-эпидемиологиялық режим талаптарына қатаң бағынуы қажет.

Кинотеатрлар, сауда-ойын-сауық орталықтары, клубтар, мейрамханалар мен кафелер әзір ашылмайды.

Оқи отырыңыз: Көрме, театр, ойын-сауық орталықтарының қызметі тоқтайды. Төтенше жағдай кезінде тағы қандай шектеулер қойылады?

10.15 – Пандемияға байланысты дүние жүзінде әуе рейстерінің саны 70%-ға қысқарды. Қазақстандағы әуе компаниялары да коронавирустың дендеуіне орай рейстерін тоқтатып, қысқартуға мәжбүр болды. Олар мемлекеттен қолдау шараларын күтуде деп хабарлады finprom.kz.

  • Қазақстан азаматтарын шет елдерден репатриациялау үшін халықаралық әуе тасымалдары бойынша шығыстарды өтеу;
  • Ішкі рейстерде авиатасымалдау қызметтеріне ҚҚС нөлдік ставкасын белгілеу;
  • Салықтарды және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді өсімпұл, хабарламалар мен айыппұл санкцияларын есептемей төлеу бойынша мерзімін ұзарту;
  • Мұнай құнының айтарлықтай төмендеуіне және теңге бағамының ауытқуына байланысты авиакеросиннің құнын төмендету;
  • Төлемдерді кейінге қалдыру мүмкіндігімен ішкі және халықаралық әуе желілерінде аэронавигация қызметтеріне уақытша төмендету коэффициенттерін ұсыну.

Елде ТЖ енгізілгенге дейін әуе компанияларының табысы 2020 жылдың қаңтар-ақпан айларында 55,3 млрд теңгені құрады, оның 54 млрд теңгесі жолаушылар тасымалына тиесілі. 2019 жылғы қаңтар–ақпанмен салыстырғанда жылдық өсім 11,4%-ды, жолаушылар тасымалынан түскен табыс 11,7%-ды құрады.

Оқи отырыңыз: Коронавирус түрлі заттың бетінде қанша уақыт сақталады?

09.46Бас бостандығынан айыру мекемелерінен босатылған қазақстандықтарды үйлеріне қылмыстық-атқару жүйесі департаменттерінің қызметкерлері ертіп апарады. Карантиндік режим енгізілген күннен бастап 60-тан астам адам босатылды, олардың 38-і блок бекет арқылы тұрғылықты жеріне, қалғандары – туысқандарына және қайта әлеуметтендіру орталықтарына жеткізілді.

09.30 – Польшадан елімізге Wipasz поляк компаниясы өндіретін көп мәрте қолданылатын 100 мың дана медициналық маска, сондай-ақ князь Любомирский қорының қазақстандық оқушыларды қашықтан оқыту үшін сыйға берген компьютерлерін қамтыған гуманитарлық жүктің кезекті партиясы келді.


Польша жіберген гуманитарлық көмек

Польша жіберген гуманитарлық көмек / СІМ фотосы


09.00 – Коронавирус инфекциясын жұқтырған тағы 10 адам тіркелді:

  • Алматы – 7;
  • Нұр-Сұлтан – 2;
  • Қызылорда облысы – 1.
08.45 – Алматы облысында төрт саяжай массиві карантинге жабылды:
  • Алтын адам;
  • Көксай;
  • Алтын алма;
  • Береке.
Облыс əкімінің тасырмасымен тұрғындардың тізімі жасалды, қажеттілігіне қарай олар азық-түлікпен жəне қызмет түрлерімен қамтамасыз етіледі.

Денсаулық сақтау министрлігі профилактикалық 5 шараны тұрақты істеуге кеңес береді:

  • қол мен бетті сабынмен жиі және мұқият жуу;
  • қолға арналған спирттік антисептиктерді қолдану;
  • көп адам жиналған орындардан аулақ болу;
  • науқас адамдармен байланысқа түспеу;
  • салқын тию белгілері (дене қызуының көтерілуі, мұрынның бітелуі, жөтел, тамақтың ауруы) пайда болғанда міндетті түрде дереу үйге жедел жәрдем шақыру қажет.
ДСМ жедел желі номері: 1406

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары