Тікелей эфир

Коронавирус Қазақстанда: 10 сәуір хронологиясы. 2 адам көз жұмды және төтенше жағдай мерзімі ұзарды

Фото Informburo.kz
Фото Informburo.kz
Іnformburo.kz жиырма тоғызыншы күннің оқиғаларын рет-ретімен әңгімелейді.

Қазақстанда коронавирус жұқтырудың алғашқы деректері 13 наурызда тіркелді. Алғашқы 28 күннің оқиғаларын осы жерден оқуға болады.

22.30. Коронавирус жұқтырғандар саны – 812

  • Нұр-Сұлтан – 228;
  • Алматы – 123;
  • Қызылорда облысы – 105;
  • Ақмола облысы – 61;
  • Қарағанды облысы – 61;
  • Атырау облысы – 48;
  • Жамбыл облысы – 46;
  • Түркістан облысы – 35;
  • Шымкент – 31;
  • Солтүстік Қазақстан облысы – 25;
  • Ақтөбе облысы – 11;
  • Алматы облысы – 10;
  • Маңғыстау облысы – 9;
  • Шығыс Қазақстан облысы – 6;
  • Батыс Қазақстан облысы – 6;
  • Павлодар облысы – 4;
  • Қостанай облысы – 3.

Жазылғандардың жалпы саны – 64.

Көз жұмғандар – 10.

22.48 – Алматыда коронавирус жұқтырған "Абди Ибрахим Глобал Фарм" ЖШС бас директоры Зиятхан Гасановтың көз жұмғаны белгілі болды. ДСМ Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің ұжымы марқұмның туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтты.

"Ол алғашқылардың бірі болып медицина қызметкерлері мен жалпы қазақстандықтарға коронавирус инфекциясымен күресте көмектесіп, өкінішке орай, осы індеттің салдарынан өзі де көз жұмды", – деп хабарлады ұжым.

Оқи отырыңыз: Иммунитеті мықтыға коронавирус қауіп емес. Оны қалай нығайтамыз?

22:30 – Коронавирус инфекциясын жұқтырған тағы 4 адам тіркелді:

  • Нұр-Сұлтан – 2;
  • Жамбыл облысы – 1;
  • Атырау облысы – 1.

Елімізде қазірге дейін коронавирус жұқтырған барлығы 812 адам анықталды.

21.25 – Алматыда қайтыс болған екінші марқұмның мән-жайы белгілі болды. 57 жастағы ер адам "екі жақты полисегментарлы өкпе қабынуы" диагнозымен ауруханаға 29 наурызда түскен. Кейін оның коронавирустық инфекция жұқтырғаны анықталған.

1 сәуірде емделушінің жағдайы нашарлап, жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Жасалған емге қарамастан, жедел тыныс алу, жүрек-қан тамырлары және бауырдың жетіспеушілігі салдарынан науқастың жағдайы одан сайын нашарлай түскен. Сондай-ақ, науқастың 2 сатылы қант диабетімен сырқаттанғаны да белгілі болды.

"Бүгін 10 сәуірде сағат 18:00-де полиоргандық жетіспеушіліктің үдеуі нәтижесінде науқастың жүрек қызметі тоқтады. 30 минут ішінде жасалған реанимациялық іс-шаралар сәтсіз болды. Сағат 18:30-да науқас көз жұмды", – деді Алматы Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев.

Марқұммен байланыста болған адамдардың барлығы провизорлық стационарға карантинге жатқызылған.

Оқи отырыңыз: "Денсаулық сақтау, білім беру салаларын түбегейлі реформалау қажет". Президент мәлімдемесіндегі 10 маңызды мәселе

20.42 – 9-11 сынып оқушыларын қорытынды аттестаттау жылдық баға негізінде өткізіледі. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді.

"Мемлекеттік емтихандар болмайды. Ағымдағы бағалар негізінде жылдық баға шығарылады. Бұл баға аттестатқа қойылады. Біздің 11-сынып оқушылары аттестаттарын осылай алады. Көптеген елдер қорытынды емтиханнан биыл бас тартты, біз де осындай шешім қабылдадық", – деді БҒМ басшысы.

Қорытынды жиынтық бағалау (БЖБ) және тоқсандық жиынтық бағалау (ТЖБ) мерзімдері бекітілді. Төртінші тоқсанда жиынтық бағалау 2020 жылғы 4-8 мамыр аралығында бір рет өткізіледі. Бұл ретте ТЖБ келесі пәндер бойынша өткізілмейді:

  • өзін-өзі тану;
  • көркем еңбек;
  • музыка;
  • дене шынықтыру;
  • кәсіпкерлік және бизнес негіздері;
  • графика және жобалау;
  • қоғам және дін.

Тоқсан бойынша жиынтық бағалау (ТЖБ) бір рет – 18-22 мамыр аралығында болады. 1-10 сыныптардағы жиынтық жұмыс саны:

  • бөлім үшін бір жиынтық бағалау 8 мамырға дейін;
  • тоқсан бойынша бір жиынтық бағалау 22 мамырға дейін.

11-сыныптағы бақылау жұмыстарының саны:

  • бір өзіндік жұмыс 8 мамырға дейін;
  • бір бақылау жұмысы 22 мамырға дейін.

Оқи отырыңыз: Тоқаев: Төтенше жағдай режимін сәуірдің аяғына дейін созуға тура келеді

20.15Алматыда коронавирус салдарынан тағы бір адам көз жұмды. Ол 1963 жылы дүниеге келген. Осылайша індет құрбандарының саны 10-ға жетті.

Сондай-ақ, Covid-19 жұқтырған тағы 6 адам тiркелді:

  • Алматы – 1 адам;
  • Павлодар облысы – 1 адам;
  • Атырау облысы – 2 адам;
  • Қызылорда облысы – 1 адам;
  • Түркістан облысы – 1 адам.


19.40 – Нұр-Сұлтанда коронавирус жұқтырған тағы 1 адам емделіп шықты. Қазақстан бойынша жазылғандар саны 64.

18.54 – 42 500 теңге көлеміндегі әлеуметтік төлем 615 мыңнан астам адамға тағайындалды.

10 сәуір сағат 14:00-дегі жағдай бойынша ТЖ кезеңінде табысынан айырылған 1 785 413 азаматтан барлығы 3 593 853 өтініш түскен.

Оқи отырыңыз: Зейнеткерлер мен студенттер 42 500 теңге әлеуметтік төлем ала ма? Маңызды 18 сұраққа жауап

18.30 – Коронавирус инфекциясын жұқтырудың шарықтау шегі келесі 2 аптаға тура келеді, деп мәлімдеді Денсаулық сақтау министрлігінің жауапты хатшысы Ботагөз Жакселекова.

"Соңғы 4 күнде біз жаңа жағдайлардың өсу қарқыны төмендегенін байқадық. Дегенмен, індеттің шарықтау шегі әлі өткен жоқ. Нұр-Сұлтан мен Алматыда карантиндік шаралардың күшеюіне байланысты айтарлықтай бәсеңдеу бар. Басқа өңірлерде біз эпидемияның күшейгенін көріп отырмыз. Жалпы, еліміз бойынша келесі 1-2 апта ішінде аурудың шарықтау шегі болады", – деді ол.

18.34 – Қазақстанға коронавирусты анықтауға арналған экспресс-тестілер жеткізілді. Бірақ, коронавирус инфекциясына күдігі бар және ауыратындарға экспресс-тестілеу жасауға болмайды, тіпті зиян. Өйткені, антиденелер ағзаға әлі сіңбей, экспресс-тестілеу олардың ағзада жоқ екенін көрсетуі мүмкін. Осылайша, олар көптеген адамға вирусты жұқтырады. Сондықтан мұндай науқастарға тестілеу ПТР әдісімен жүргізіледі.

18.24 – Елімізде карантин шаралары енгізілгеннен кейін коронавирус жұқтырудың қарқыны төмендеді. Мәселен, 29 наурыздағы көрсеткіш 24% болса, бүгінгі таңда 7%-ға дейін түскен. Бұл қабылданып жатқан шаралардың тиімділігін дәлелдейді, деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігі.

Соңғы бір аптада Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында динамика едәуір төмендеді. 4 сәуірден бастап елордада өсу қарқыны 8,4%-дан 0,9%-ға дейін, Алматыда 15%-дан 2,5%-ға дейін бәсеңдеді. Аптаның басынан бері бұл қалаларда вирусты тек 6 адамның жұқтырғаны тіркелді.

Оқи отырыңыз: Зейнетақы мен жәрдемақылар 10 пайызға индексацияланады. Президенттің дағдарысқа қарсы 8 тапсырмасы

18.05 – Алматы әкімі Бақтыжан Сағынтаев дәрігерлердің жанкешті еңбегі мен жанқиярлық ерліктері үшін алғысын білдірді.

"Жұмыста қалып, Сіздер, яки ақ халаттағы абзал жандар, балаларыңыз бен туған-туыстарыңызды көрмейсіздер. Күш-жігер мен шыдамдылық серік болсын. Қала Сіздерді қолдайды!", – деп жазды ол Instagram парақшасында.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Бакытжан Сагинтаев (@sagintayev.b)

18.03 – Алматыдағы полиция қызметкерлеріне әскер шебіне жаңадан шақырылған сарбаздар көмекке келді. Жаңадан жасақталған 100 әскери қызметші полиция жүйесіне қосылды. Олардың басты міндеттері сеніп тапсырылған аумақтағы құқық қорғау, азаматтармен профилактикалық жұмыс, құқық бұзушылықтарды анықтау және жолын кесу.

"Біздің резерв тек жаяу патрульдерде ғана пайдаланылады. Олардың орналасуы тыныш аудандар мен тұрғын үйлер. Бес ауданның полиция басқармасына 20 шақырылушы ауыстырылды. Патрульдік жасақтар құрылып жатыр, олардың құрамы есептеуден құралады: бір учаскелік инспектор және екі әскери қызметші", – деді, Алматы қалалық полиция Департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Нұрлан Алмасбеков.


Алматы ПД баспасөз қызметінің суреті


17.38Алматыда аса мұқтаж жандарға 50 мың теңгеден беріледі. Қаражат "Almaty Birgemiz" қоры арқылы қарастырылмақ. Қала бойынша бұл көмекті 23 мың 472 адам алады. Олар келесі санаттарға жатады:

  • аз қамтылған көп балалы отбасылар;
  • атаулы әлеуметтік көмек алатындар;
  • бірінші топ мүгедектері;
  • ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар;
  • ең төменгі немесе базалық зейнетақы алатындар (38 686 және 16 839 тенгеден төмен);
  • тұл жетімдер.
Азаматтардың тізімі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне сәйкес жасалды. Егер көмек алушы аталған санатқа кіретін болса, онда ол адамға көмек автоматты түрде көрсетіледі. Ешқайда барудың қажеті жоқ. Ақша жәрдемақы немесе зейнетақы түсіп жүрген банк картасына "Almaty Birgemiz" қоры мен "Nur Otan" партиясының атынан смс-хабарландырумен бірге аударылады.
17.28Қазақстанға тәжірибелерімен бөлісуге келген қытайлық мамандармен бірге ҚХР-дан 5,5 тоннаға жуық гуманитарлық көмек жеткізілді. Ол дәрі-дәрмектерден, медициналық бұйымдар мен техникалардан тұрады.

16.50Алматы полициясы 300-ге жуық қорғаныс костюмін алды. Бұл киімді бірінші кезекте Алматының карантинді периметрі бойындағы 27 бақылау-өткізу бекеттерінде қызмет етіп тұрған полиция қызметкерлері киеді. Қорғаныс киімдерін ішкі істер министрінің тапсырмасымен қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің ресурстары жасады.

"Бүгін бізде 280 жиынтық бар, алдағы уақытта олардың санын 350-ге жеткіземіз. Бақылау-өткізу бекеттерінде қызмет етіп жүрген Алматы гарнизонының қызметтері мен бөлімшелерінің қызметкерлері қорғаныс шапандарын киді. Күн сайын олар азаматтармен тығыз байланыста болады, олардың арасында "қауіп тобына" кіретін адамдар да болуы мүмкін. Бұл полиция қызметкерлері медициналық қызметкерлермен қатар жұқтыру қаупі өте жоғары", – деді қалалық Полиция департаментінің басшысы Қанат Таймерденов.


Алматы қаласы ПД баспасөз қызметінің суреті


16.47ҚХР дәрігерлері өздерінің коронавирус инфекциясын анықтау және емдеу алгоритмін жариялады:

  1. Науқастың бұрыннан бар ауруларын зерттеу;
  2. Науқастың жалпы жағдайын бағалау;
  3. Байланыста болған адамдардың дене температурасын үздіксіз өлшеу;
  4. Қандағы лимфоциттердің жоғарылуы немесе төмендеуін талдау мониторингі;
  5. Диагноз тек ПТР жүйелерімен тестілеу арқылы ғана расталады.

Оқи отырыңыз: Індет пен міндет. Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәлидің түсіндірмесі

16.19Қытайдан келген дәрігерлер Қазақстанда 15 күн болып, коронавирус жұқтырғандарды емдеу тәжірибесімен бөліседі. Олар Нұр-Сұлтан, Алматы және Қарағанды қалаларында бес күннен болады. Мамандар емдеу мекемелерін аралап, қазақстандық әріптестеріне өздері жұмыста қолданған тәсілдерін үйретеді. Қытайлық делегация елдің басқа өңіріндегі медицина қызметкерлеріне білгендерін видеоконференция арқылы дәріспен жеткізеді. Бұл туралы ДСМ қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің директоры Мағрипа Ембергенова айтты.

"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин телефонмен сөйлесіп, екі жақты келісімге келді. Бұл медицина қызметкерлерін шақыруға Қазақстан тарапы ұсыныс жасады. Қытайлық әріптестеріміз ұсынысымызды қабыл алып, бізді қолдауға келді. Делегация құрамында инфекционист дәрігерлер, пульмонологтар, эпидемиологтар, қоғамдық денсаулық сақтау дәрігерлері және медбикелер бар. Олардың барлығы ұшақтан түспей тұрып тексерілді. Тиісті сынамалар алынды", – деді Мағрипа Ембергенова.

Алдағы уақытта Қазақстан мен Қытай мамандары Сovid-19-ды емдеуде қолданылатын препараттар мәселесін қарайды.болады.

14.58 – Қазақстанда төтенше жағдай сәуір айының соңына дейін созылады.

Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында осындай шешім қабылдады.

"15 сәуірде төтенше жағдай режимі туралы Жарлығымның мерзімі аяқталады. Төтенше жағдай режимін, кем дегенде, сәуірдің аяғына дейін созуға тура келетіні қазірдің өзінде түсінікті болып отыр. Біз коронавируспен ауырудың шарықтау шегін әлі өткізген жоқпыз. Індетке қатысты жағдайды жеңілдетуге болмайды. Осы себепке байланысты карантин режимін елордада, Алматы мен Шымкентте және тиісті облыстарда сәуірдің аяғына дейін созуды тапсырамын. Мұның оңтайлы шешім емес екенін түсінемін. Өйткені халық көшеге шығып, қалыпты тұрмысын жалғастырғысы келеді. Бірақ карантин режимін сақтаудан, оқшауланудан басқа жол жоқ. Бұл отандық және халықаралық вирусолог мамандардың ұсынысы" – деді Мемлекет басшысы.

Оқи отырыңыз: Көрме, театр, ойын-сауық орталықтарының қызметі тоқтайды. Төтенше жағдай кезінде тағы қандай шектеулер қойылады?

14.25Алматыда коронавирус жұқтырған тағы 2 науқас емделіп шықты. Олар 42 жастағы ер адам және 23 жастағы қыз. Ер адам 23 наурызда Шарм-эль-Шейх қаласынан ұшып келген, ал қыз Швейцариядан Ыстанбұл чартерлік рейсімен 17 наурызда келген.

"Олардың ауруы жеңіл болды. Қазір екеуі де сауығып, 14 күндік үй карантиніне шығарылды", – деді Алматы Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев.

Осылайша, Қазақстан бойынша сауыққандар саны 63-ке жетті.

14.15 – Алматыда 26 мың адам жұмысқа орналастырылады. Олар қалада жүзеге асырылып жатқан 214 инфрақұрылымдық жобада еңбек етеді. Яғни мектеп пен балабақшалардың құрылысына, аурухананы кеңейту жұмыстарына тартылады. Бұдан өзге сумен жабдықтау желілерін жүргізіп, жолдар мен аулаларды ретке келтіру, скверлер мен саябақтарды абаттандыруға жұмылдырылады. Жалақының орташа мөлшері 120 мың теңгені құрайды. Бұл туралы Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев өзінің Іnstagram парақшасында жариялады.

"Карантин кезінде қала тұрғындарының арасында жұмыспен қамту мәселесі шиеленісе түсті. Көптеген адамдар ақысыз демалысқа шығуға мәжбүр болса, енді біреулер жұмысынан айырылды. Демек, өмір сүретін қаражатынсыз қалды. Мемлекет тарапынан оларға көмек ретінде жәрдемақы төленеді. Бұған қоса біз "Жұмыспен қамтудың жол картасы" бағдарламасын іске қоспақпыз", – деді мегаполис басшысы.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Бакытжан Сагинтаев (@sagintayev.b)

14.10Алматыда 135 дәріхана тексеріліп, бесеуінің медициналық масканың шекті бағасын көтергені анықталды. Олар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Қалада үш қабатты медициналық маска үшін белгіленген баға – 87 теңге, сүзгісі бары – 111 теңге.

13.40 – Covid-19 вирусын жұқтырған анадан туған сәбидің дені сау. Кеше Қызылорда қаласында коронавирусқа шалдыққан әйелден туған балаға жасалған тест нәтижелері оның ағзасында инфекцияның жоқ екенін көрсетті.

"Коронавирус инфекциясын жұқтырған әйел 9 сәуір күні босанды. Жаңа туған нәрестеде Covid-19 вирусының жоқ екені анықталды", – деді Қызылорда облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жақсылық Әбдусәметов.

Қызылорда облысында 104 адам коронавирусты жұқтырған, оның төртеуі бүгін тіркелді.

13.33 – Қазақстанда төтенше жағдай кезінде дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарды сатып алу тәртібін жеңілдетті. Үкімет дәрілік заттарды жеткізушілерге қойылатын кейбір талаптардың қолданылуын тоқтатты.

Оқи отырыңыз: Ауруханалар карантин режимінде қалай жұмыс істейді? Фоторепортаж

13.33Қостанай облысының дәрігерлеріне жергілікті бюджет есебінен 80 санитарлық автокөлік сатып алынды. 70 техниканы өңірлерге жіберіп, қалған онын Қостанайда қалдыру көзделген.

Облыс әкімдігі эпидемияға қарсы шараларға 2,1 млрд теңге бөлді. Қаражат медициналық құрал-жабдықтарды, медицина қызметкерлеріне арналған қорғаныш киімдерін және зарарсыздандыру құралдарын сатып алуға жұмсалады. Стационарларға мына заттар сатып алынады:

  • 60 төсек жанында тұратын монитор;
  • 40 өкпені жасанды желдету аппараты;
  • 20 ларингоскоп;
  • 20 хирургиялық сорғы;
  • 2 қандағы газ анализаторы.

Мемлекеттік қор қаражатынан Қостанай облысына 535 млн теңгеге қосымша жеке қорғану құралдары жіберіледі. Қазіргі таңда өңірде Covid-19 вирусын жұқтырған 3 адам тіркелген.

13.13 – Жамбыл облысында тәркіленген этил спиртінен антисептиктер жасайтын болды. Жергілікті фармацевтикалық компания 13 мың литр антисептик пен дезинфекциялық заттарды өндіруді жоспарлап отыр. Оларды аймақтағы медициналық мекемелерге тапсырады.

13.00 – Қазақстанда 61-шы адам коронавирустан жазылып шықты, ол Алматы облысының 35 жастағы тұрғыны. Науқас 17 наурыз күні Меккеден Түркия мен Қырғызстан елдері арқылы Алматыға келген. Ал 20 наурызда коронавирус диагнозымен Қаскелең қалалық инфекциялық аурханасына түскен. Толық емнен соң, азамат үйіне шығарылды.

Бүгін сағат 12:30 дейін елімізде жалпы 61 адам үйлеріне шықты оның ішінде:

  • Нұр-Сұлтан – 30;
  • Алматы – 26;
  • СҚО – 1;
  • Ақтөбе облысы – 1;
  • Жамбыл облысы – 1;
  • Павлодар облысы – 1;
  • Алматы облысы – 1.

Оқи отырыңыз: Зейнеткерлер мен студенттер 42 500 теңге әлеуметтік төлем ала ма? Маңызды 18 сұраққа жауап

12.53 – Тасымалдаушылар карантин мен ақша жетіспеуіне байланысты аймақтарда жолаушылар тасымалы 10 есе азайды деп шағымданады.

"Сондықтан тасымалдаушылар қиын жағдайға тап болды. Субсидиялау жоқ өңірлерде кәсіпорындардың қаржылық жағдайы қанағаттанарлықсыз. Егер алдағы уақытта жағдай осылай жалғаса беретін болса, отын сатып ала алмаймыз, техниканың жөндеуін қамтамасыз ете алмаймыз. Соның салдарынан маршруттар бағытқа шыға алмай, кестесі бұзылады. Сондықтан әкімдіктер тасымалдаушылардға отын мен жүргізушілердің жалақысы бойынша шығындарын өтеу қажет. Біз биылғы жылы автокөлік кәсіпорындарын көлік және еңбекақыға салынатын салықтардан босатуды сұраймыз", – деді Алматы Жолаушылар тасымалы кәсіпорындары қауымдастығының президенті Сәбит Аманбаев.

Оның айтуынша, барлық автокәсіпорындар банктерге қарыз және салынған тыйымға қарамастан, қаржы ұйымдары қоңырау шалып, қарыз төлеуді талап етуде.

"Біз ресми тыйым салуды сұраймыз. Барлық кәсіпорындар әзірше өз жұмысын атқаруда, бірақ күннен-күнге қиындап келеді. Мысалы, Алматы бойынша 16 наурыздан 31 наурызға дейін тасымалдаушылардың шығындары миллиард теңгені құрады. Ал түскен пайда 500 млн. теңге. Бізге Алматы әкімдігі отын шығынын өтейтін болды. Мұндай қолдау басқа өңірлерде де болуы керек", – деп атап өтті Сәбит Аманбаев.

Оқи отырыңыз: "Сақтаныңыздар, бұл – ойын емес!" Коронавирус тараған елдердегі қазақстандықтардың монологы

12.28 – Төтенше жағдай салдарынан Қарулы Күштер қатарын толықтырған әскерге шақырылушыларға әскери атақтар беріледі. Арнайы жиынға 473 әскери міндетті шақырылды. Нұр-сұлтан мен Алматыда бөлімшелер құрылды.

Жергілікті әскери басқару органдарына ерікті түрде әскерге баруға 2 372 адам өтініш білдірді. Бұл туралы Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев мәлімдеді. Әскери міндеттілердің орташа жасы – 27,5. Олардың 34 пайызы жұмысқа орналастырылды, орташа жалақысы 82 000 теңгені құрайды.

  • Алматы облысында – орташа жасы 25, орташа жалақысы 121 500 теңге;
  • Нұр-сұлтанда – орташа жасы 28, орташа жалақысы 188 500 теңге;
  • Қызылорда облысында – орташа жасы 26, орташа жалақысы 102 700 теңге;
  • Павлодар облысында – орташа жасы 27, орташа жалақысы 87 000 теңге;
  • Ақмола облысында – орташа жасы 31, орташа жалақысы 51 000 теңге;
  • Алматыда – орташа жасы 28, әскери міндеттілердің барлығы жұмыс істемейді.

Қалған өңірлер бойынша әскерге шақыру жалғасып жатқанына байланысты мәлімет жоқ.

Оқи отырыңыз: Әскери міндеттілер аумақтық әскер жасақтау үшін арнаулы жиындарға шақырылады. Президент жаңа қаулыға қол қойды

12.00Ақтөбеде карантинге қарамастан, жол жөндеу жұмыстары жалғасуда. Қазір мемлекеттік сатып алу бойынша конкурстар өткізіліп жатыр, ал 20 сәуірден кейін жолдардың ауқымды күрделі жөндеуі басталады, деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.

11.44 – Медициналық сақтандыру қорының астаналық филиалы коронавирустың таралуын болдырмау, Covid-19 жұқтырғандарды емдеу және қауіпті еңбек жағдайындағы дәрігерлерге қосымша ақы төлеу үшін 5 денсаулық сақтау субъектілеріне 1 млрд 672 млн теңге бөлді.

11.20 – Шымкенттің өрт сөндіру бөлімшелерінде дезинфекциялық дәліз орнатылды. Бұл құрылғыны мамандандырылған жасақ өрт сөндірушілері әзірледі. Күн сайын өрт сөндірушілер таңертең жұмыс басталар алдында осы дәлізден өтіп, барлық ескертулерді орындайды:

  • тепловизор арқылы дене қызуын өлшейді;
  • қолды арнайы дезинфекциялық сұйықтықтармен тазартады;
  • дезинфекциялық дәліз өтеді.

Мамандандырылған жасақтың өрт сөндірушілері өрт сөндіруге шығып, жұмыс орнына қайтып келгенде, осы дәліз бойынша киімдерін толығымен заласыздандырып келуі тиіс.



11.12Нұр-Сұлтанда халық көп жиналатын орындар мен ауруханалардың аумағына 10 дезинфекциялық кешен орнатылады. Қала әкімдігінің бастамасымен №3 көпбейінді балалар ауруханасына алғашқы дезинфекциялық кешен қойылды. Медицина қызметкерлері жұмысқа кірместен бұрын, сол тоннель арқылы өтеді. Мұндай кешендер басқа да медициналық мекемелер мен адамдар көп жиналатын орындарға қойылады.



10.48Алматыда коронавирус індетіне қарсы күресіп жатқан медицина қызметкерлеріне алғашқы үстемақылары төлене бастады. Осыған сәйкес 500-ден астам дәрігер, 1,7 мың орта медицина қызметкері, 549 кіші медицина қызметкері және 764 өзге де денсаулық сақтау қызметкері өз төлемдерін алуда.

Жалпы алғанда, қалада 965 млн. теңге сомаға 3 557 медицина қызметкері төлем алады. Есептеулер 3 күрделілік санаты бойынша жүргізіледі.

"Бұған дейін Алматы қалалық Балалар жұқпалы аурулар ауруханасының медицина қызметкерлері, оның ішінде ауруларды қабылдау бөлімі, лаборатория, клиникалық-диагностикалық бөлімдерінің мамандары қатерлі індетпен күнде бетпе-бет келіп жүргендерін айтқан болатын. Бұл мекеменің де барлық медицина қызметкерлеріне, оның ішінде дәрігерлер, орта буын медицина қызметкерлері, кіші буын медицина мамандарына үш санатқа сәйкес үстемақы төленді", – деді Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев.

Оқи отырыңыз: Коронавируспен күреске қатысатын дәрігерлерге айына 850 мың теңгеге дейін үстемеақы беріледі

10.40Алматыда КВИ жұқтырған тағы бір науқас тіркелді, жалпы бұл 122-жағдай болды. Науқас – байланыста болғандар қатарындағы 1967 жылы туған әйел. Жағдайы пневмония есебінен ауырлықтың орташа дәрежесі ретінде бағалануда.

Бүгінгі күні қаланың инфекциялық стационарларында коронавирус инфекциясын жұқтырған 96 адам жатыр (1 облыс тұрғыны), оның ішінде 4 бала бар. Дәрігерлер олардың жағдайын төмендегідей бағалады:

  • 72 науқас – жай-күйі қанағаттанарлық;
  • 1 науқас – өте ауыр халде;
  • 4 науқас – денсаулығы ауыр;
  • 19 ересек науқас – ауырлықтың орташа дәрежесінде.

Алматыда жалпы саны 26 адам коронавирустық инфекциядан сауығып шығарылды. Провизорлық орталықтарда 250 адам, оның ішінде 29 бала жатыр. 384 азамат карантиндік оқшаулауда, 5 306 адам үй жағдайындағы карантинде.

Оқи отырыңыз: Коронавирус жұқтырып, қайтыс болғандар қалай жерленеді? Министр бұйрығы, ҚМДБ пәтуасы және шетел тәжірибесі

10.33 – Алматыда қайтыс болған адамның өліміне қатысты мән-жай анықталды.

64 жастағы әйел байланыста болғандар қатарынан, 16 наурызда ауруханаға түскен. Алайда оның қосымша аурулары болған. Атап айтқанда өкпенің созылмалы обструктивті аурулары, жүректің созылмалы жеткіліксіздігі мен жүректің ишемиялық аурулары, стенокардиясы, артериялық гипертензия. Осыған байланысты ол 18 наурызда реанимация және қарқынды терапия бөлімшесіне орналастырылды.

"Жүргізілген қарқынды терапияға қарамастан, қосымша аурулары үдеп – тыныс алу, жүрек-қан тамырларының дамуымен жағдайы нашарлады. 9 сәуірде қосымша аурулары үдеп, сағат 23.20-да қан айналымы тоқтады. 30 минут ішінде жүргізілген реанимациялық іс-шаралар сәтсіз болып, сағат 23.50-де биологиялық қайтыс болғаны анықталды", – деді Алматы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев.

Марқұмның негізгі диагнозы: Covid-19 коронавирустық инфекциясы, расталған жағдай. Екі жақты полисегментті пневмония, ауыр ағымы. Екі жақты плеврит. Өкпенің ісінуі, Лайелла синдромы.

10.31 – Нұр-Сұлтан кәсіпкерлер палатасының мәліметі бойынша, елордада кейбір азық-түлік тауарларының бағасы орташа есеппен 15,9%-ға көтерілген.

"Мысалы, картоп 52%, сәбіз 37%. Сондай-ақ, ТЖ-ға байланысты өнімдердің дер кезінде жеткізілмеуіне байланысты кейбір сауда желілерінде қант бағасы 53%-ға көтерілді. Сүт өнімдерінің де құнының өсуі байқалады. Мәселен, жұмсақ орамадағы майлылығы 2,5% пастерленген сүттің бағасы 14%-ға, сары май 13%-ға қымбаттады. Жалпы, мониторинг мәліметтеріне сәйкес қалада азық – түлік тауарларының жетіспеушілігі жоқ және қоймалардағы қор 28,5 мың тоннадан астам", – деп хабарлады Нұр-Сұлтан кәсіпкерлер палатасының директоры Алмат Жүнісов.

Оқи отырыңыз: Коронавирус қаупі жағдайында қорқынышты қалай жеңуге болады? Психоаналитик кеңесі

09.53 – Қарағанды облысында Covid-19 инфекциясымен сырқаттанған екі науқас реанимациядан палатаға ауыстырылды. Дәрігерлер олардың жағдайы жақсарғанын атап, қарқынды емді қажет етпейтінін алға тартты.

Өңірде үй карантинінде 1 200 адам, тәулік бойы бақылауда - 795 науқас бар. Бұл 1А және 1Б санатындағы елдерден (Италия, Франция, Испания, Иран, Германия, Үндістан, Таиланд, Малайзия, БАӘ, Шри-Ланка, Египет) оралған немесе инфекция жұқтырғандармен байланыста болған азаматтар.

Коронавируспен күреске барлығы 690 медицина қызметкері тартылды. Стационарлардың жүктемесі артқан жағдайда қосымша тағы 1 125 медицина қызметкері, сондай – ақ 6 дәрігер мен 12 бірлік әскери лазареттерден орта медициналық қызметкер, балалар санаторийлерінің жұмысын уақытша тоқтату есебінен 40 маман жұмылдырылатын болады.

Өңірде қазіргі уақытта коронавирусты жұқтырудың төрт жаңа жағдайы тіркелді. Барлығы – 61 науқас.

09.45 – Кеше Павлодарда коронавирус инфекциясынан қайтыс болған 84 жастағы науқаспен байланыста болған 118 адам анықталды. Олардың 50-і ауруханаға жатқызылып, 68 адам үй карантиніне жіберілді.

Ауру жұқтырған науқастардың бірі 21 наурыздан бастап Қазақстанның бірнеше қалаларында, соның ішінде Қарағанды мен Шымкентте болды. Алдын ала мәлімет бойынша 158 адаммен байланысқаны анықталды. Оның ішінде алты адам ауруханаға жатқызылды, 114 адам үйлерінде оқшауланды. Ал 38 адам басқа облыстардың тұрғындары. Олардың деректері тиісті аумақтық органдарға берілді.

Оқи отырыңыз: Жазғы ыстықта коронавирус жойыла ма? Вирусолог мамандардың зерттеуі

09.41 – Қызылорда облысында коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың үшеуі Шиелі ауданындағы Бала би, Қодаманаов ауылдарынан, ал 1 науқас Жаңақорған ауданында анықталды. Ауру жұқтырғандардың екеуі 1989, 2010 жылы туылған ер адамдар, қалған екеуі 1996, 1967 жылғы әйел адамдар. Барлығы осы инфекциямен ауырған адамдармен байланыста болып жұқтырған.

Өңірде қауіпті індетті жұқтырғандардың саны 104-ке жетті.

09.26 Батыс Қазақстан облысында Covid-19 инфекциясын жұқтырған 2 азамат та жүк тасымалымен айналысатын 25 және 27 жастағы Өзбекстан республикасының азаматтары. Оларды Ресейдің Самара облысымен шекарадағы "Сырым" автоөткеліндегі санитарлық-карантиндік бекетте сауалнама жүргізу кезінде анықтаған. Қазіргі науқастармен қарым-қатынаста болған адамдар анықталып, барлығы медициналық бақылауға алынды.

Оқи отырыңыз: #ҮйдеОтырыңыз. Карантин талаптарына қатысты 20 маңызды сұраққа жауап

09.20Маңғыстау облысының Маңғыстау ауданында індет жұқтырғандардың екеуі де 40 жастағы әйел. Қазіргі уақытта аймақта Covid-19 жұқтырудың тоғыз жағдайы тіркелген:

  • Ақтау 5 адам;
  • Жаңаөзен 2 адам;
  • Маңғыстау ауданы 2 адам.

09.15 – Шымкентте вирус жұқтырған 4 адамның мән-жайы белгілі болды.

Барлығы да коронавирус жұқтырған адаммен қарым-қатынаста болуына байланысты карантиндік стационарға жатқызылғандар. Олармен қарым-қатынаста болған адамдар анықталып, барлығы медициналық бақылауға алынуда. Ауру ошақтарында эпидемиологиялық зерттеу, дезинфекциялық жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Қазірге дейін Шымкентте Covid-19 жұқтырған жалпы 31 адам анықталды.

Оқи отырыңыз: Карантин бізге неге керек?

09.00 Коронавирус инфекциясын жұқтырған тағы 21 адам тіркелді:

  • Шымкент – 4;
  • Қарағанды облысы – 4;
  • Қызылорда облысы – 4;
  • Атырау облысы – 3;
  • Батыс Қазақстан облысы – 2;
  • Маңғыстау облысы – 2;
  • Ақмола облысы – 1;
  • Нұр-Сұлтан – 1.

Алматыда коронавирус салдарынан бір науқас көз жұмды.



Серіктестер жаңалықтары