Тікелей эфир

#Biz birgemiz! Төтенше жағдай кезінде кімге және қандай көмек беріледі?

Informburo.kz фотосы
Informburo.kz фотосы
Коронавируспен күресу үшін құрылған республикалық қорға 41 млн доллардан астам қаржы жиналды.

Коронавирус пандемиясына байланысты жарияланған төтенше жағдай Қазақстан экономикасына да теріс ықпалын тигізді. Көптеген азаматтар жұмыссыз қалып, кәсіпкерлердің де бизнесі тұралады. Уақытша қаржылық қиындыққа тап болғандарға және қауіпті вируспен күреске кімдер және қандай көмек береді?

Оқи отырыңыз: Коронавирус Қазақстанда: оқиғалар хронологиясы. Тоғызыншы күн

Баламен үйде отыруға мәжбүр ата-аналарға – ақылы еңбек демалысы

Нұр-Сұлтан мен Алматыда карантин жариялануына байланысты балабақшалар жұмысын тоқтатты. Соған орай, кей ата-аналар бала күтімімен үйде отыруға мәжбүр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осындай ата-аналарға қолдау көрсетіп, ақылы еңбек демалысын беруді ұсынды.

Оқи отырыңыз: Карантин режиміндегі наурыз. Мерекені қалай үйден шықпай-ақ тойлауға болады?

Үйде жұмыс істейтін мұғалімдерге жалақы төленеді

16 наурыз бен 5 сәуір аралығында оқушылар демалады. Ал, мұғалімдер қашықтан жұмыс істеуге көшті. Осы кезеңде оларға жалақы төленеді. Бұл ұсынысты Білім және ғылым министрлігі барлық білім беру бөлімдеріне, директорларға жеткізген. Ал 5 сәуірден кейін карантин жарияланған екі қаланың мектеп оқушылары қашықтан оқу режиміне көшуі мүмкін. Бұл кезеңде де ұстаздардың тиісті еңбекақысы беріледі.

Оқи отырыңыз: Мектеп оқушылары 6 сәуірден бастап сабақты қалай оқиды? Министр түсіндірмесі

Жеке тұлғалардың несиесін төлеу мерзімі кейінге шегерілді

Төтенше жағдай салдарынан несиесі бойынша міндетін өтемегендер жауапқа тартылмайды. Еліміздің барлық екінші деңгейлі банктері тұтынушыларына осылайша қолдау білдіріп, олардың төлемдері бойынша мерзімін кейінге шегерді.

Демек, төтенше жағдай салдарынан төлем мерзімі өткен несиелер бойынша айыппұл мен өсімпұл есептемейді. Барлық іс-әрекеттерді қаржы ұйымдары автоматты түрде орындайды.Сондықтан, банкке арнайы барудың қажеті жоқ. Бірақ, әр банктің төлем бойынша ұсынып отырған мерзімі әртүрлі.

Мәселен, бір банк қарызды өтеу уақытын тек 15 сәуірге дейін шегерсе, ендігі қаржы ұйымы клиенттеріне 90 күнге дейін рақымшылық жасап отыр. Барлық банктердің бекіткен кестесін мына сілтемеден көруге болады.

Оқи отырыңыз: "АҚШ Италияның қателігін қайталауы мүмкін". Елдегі қазақстандықтар қалай өмір сүріп жатыр?

Кәсіпкерлерге салық жеңілдігі берілді

Сондай-ақ, жеке кәсіпкерлер үшін несиелік берешектерін өтеу 90 күнге шегерілді. Әрі заңды тұлғалар мен кәсіпкерлер бір жылға мүлік салығынан босатылатын болды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ұлттық банк қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін жеңілдікпен кредиттеу бағдарламасын әзірледі.

Аталған бағдарламаны іске асыру үшін екінші деңгейлі банктерде негізделген салымдарды орналастыру арқылы 600 млрд теңге бөлінді. Бизнесті қолдау тетігі екінші деңгейлі банктердің төтенше жағдайдың енгізілуі нәтижесінде зардап шеккен шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне, жеке кәсіпкерлерге 12 айға дейінгі мерзіммен жылдық 8 пайыздан аспайтын мөлшерлеме бойынша айналым қаражатын толықтыруға жеңілдікпен кредиттер беруі арқылы іске асырылады. Екінші деңгейлі банктердің қаражатты игеру мерзімі – 3 ай.

Оқи отырыңыз: Мейрамхана, сұлулық салоны, жаттығу залдары жабық. Карантин кезінде тағы қандай шектеулер қойылады?

Коронавируспен күресіп жатқан дәрігерлерге сыйақы беріледі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирусты анықтау, науқастарды емдеу және вирустың одан әрі таралмауы үшін аянбай еңбек етіп жатқан дәрігерлерге алғыс айтып, Үкімет осындай қызметкерлерге сыйақы беру шараларын қабылдайтынын мәлім етті. Бұл сыйақы медицина қызметкерлеріне қашан және қанша көлемде берілетіні әзірге белгісіз.

Денсаулық сақтау министрінің бұйрығы бойынша, өз бастарын қатерге тігіп қауіпті ауруды жұқтырған адамдармен тікелей қарым-қатынаста жүрген:

  • жедел жәрдем қызметкерлерінің;
  • инфекционист дәрігерлердің;
  • медбикелердің;
  • санитарлық дәрігерлердің ақпан айынан бастап жалақысы 2-3 есе көтерілді.

Оқи отырыңыз: Beeline карантин кезінде барлық ТВ топтамаға қосылу мүмкіндігін ашты

Nur Otan 150 миллион теңге бөлді

Коронавируспен күреске Nur Otan партиясы үлес қосты. Партия Алматы мен Нұр-Сұлтанда әлеуметтік аз қамсыздандырылған топтарын қолдауға 150 млн теңге бөлетінін хабарлады. Бұл қаржыға жалғызбасты қарттар, мүгедектер мен көп балалы аналарға маска, антисептиктер, бірінші қажеттіліктегі азық-түлік сатып алынады.

Оқи отырыңыз: Коронавирус түрлі заттың бетінде қанша уақыт сақталады?

Тұңғыш президенті қоры 200 млн теңге бөлді

Індеттің ел аумағына жайылып кетпеуі үшін Тұңғыш президент қоры 200 млн теңге бөлетінін хабарлады. Бұл қаражат елорда мен Алматыға теңдей бөлінеді. Қаржының бір бөлігі Нұр-Сұлтандағы балалар үйі мен мамандандырылған ауруханаларға тамақ, медициналық маска және антисептиктер алуға жұмсалынады. Тағы бір бөлігі қауіпті вируспен күресіп жатқан дәрігерлерді ынталандыруға беріледі. Бұдан бөлек, Елбасы қоры елорданың денсаулық сақтау басқармасын 50 мың бетпердемен қамтамасыз ететін болды.

Оқи отырыңыз: Төтенше жағдай кезінде балалардың уақытын қалай тиімді өткізуге болады? Пайдалы онлайн контент топтамасы

Болат Өтемұратов қоры экспресс-тест алуға 200 млн теңге бөлді

Болат Өтемұратов қоры да жомарттық танытып, қиын кезеңде қазақстандықтарға қолдау көрсетуге ниет білдірді. Қор Денсаулық сақтау министрлігімен бірге елорда мен Алматыда мобильді талдау пункттерін ұйымдастырады. Қор Қытай Халық Республикасы шығарған, Еуропалық одақта сертификатталған IgG/IgM класты тез анықтайтын тесттер жиынтығын сатып алады.

Ал карантин жарияланған қалалардағы денсаулық сақтау басқармалары жедел тексеру жүргізу үшін 10 мобильді топ ұйымдастырады. Топтар халық көп жиналатын жерлерде - дәріханалар, супермаркеттер, қоғамдық көлік аялдамалары мен теміржол вокзалдарының жанында жұмыс істейді.

Оқи отырыңыз: "Сақтаныңыздар, бұл – ойын емес!" Коронавирус тараған елдердегі қазақстандықтардың монологы

Кәсіпкерлер республикалық қорға қаражат аудара бастады

20 наурызда Қазақстанның Тұңғыш президенті – Елбасы қиын кезеңде ел-жұртқа көмектескісі келетін және жәрдем бере алатын адамдардың қаражаты жинақталатын Республикалық қор құруды ұсынды. Нұрсұлтан Назарбаевтың коронавирусты еңсеруге қатысты үндеуін отандық бизнес өкілдері қолдап, Birgemiz қоғамдық қорына қаржы аудара бастады. Қазіргі уақытта қорға 41 миллион доллардан астам қаржы жиналды.

  • Тимур Құлыбаев – 10 млн доллар;
  • Айдын Рахимбаев – 2 млн доллар;
  • Кеңес Рақышев – 1 млн доллар;
  • Ғалымжан Есенов – 2 млн доллар;
  • Рашид Сәрсенов – 2 млн доллар;
  • Александр Клебанов – 2 млн доллар;
  • Александр Белович – 2 млн доллар.

Бұдан бөлек, мына кәсіпкерлердің қорларынан коронавирусқа қомақты қаржы бөлінетін болды:

  • Динара Құлыбаеваның қоры – 4,5 млрд теңге;
  • Eurasian Resources Group – 4,5 млрд теңге;
  • "Верный Капитал" компаниялар тобы – 1 млн доллар;
  • BI Group – 100 млн теңге;
  • Astana Group – 60 млн теңге;
  • Болат Назарбаевтың қоры – 150 млн теңге;
  • Серік Түлбасовтың қоры – 25 млн теңге;
  • Сәби" қоры мен Kaspi.kz – 100 000 тест сатып алуға 200 млн теңге;
  • Тимур Құлыбаев пен Қайрат Боранбаев коронавирус эпидемиясы салдарымен күреске – 1 млрд теңге қарастырды. Оған оператор болып Halyk қайырымдылық қоры белгіленді.

Алматыда коронавирустың таралуымен күресуге көмектесетін қайырымдылық қор құрылды

Кәсіпкерлер мен қарапайым қазақстандықтардың Алматыда коронавирустың таралуын болдырмау жөніндегі жұмыстарға көмектесуі үшін қолданыстағы "Жаңа Алатау" қоғамдық қоры жұмысын бастады. Кіріс қаражаты осы қордың есебінде жинақталады және азаматтардың көмегіне мұқтаж жандар – әлеуметтік аз қамтылғандар, қарттар, мүгедектер және басқа да санаттағы азаматтарға жеке қорғаныс құралдарын, азық-түлік пен негізгі қажеттіліктерді сатып алуға бөлінеді.

"Жаңа Алатау" қоғамдық қорының реквизиттері:

  • РНН 600300567791
  • БИН 080740011034
  • ИИК №KZ826010131000165601
  • "Қазақстан Халық Банкі" АҚ
  • БИК HSBKKZKX КБЕ 18 КНП 119
  • Телефон: 8 (727) 396-7420
  • Жетекші – Балабеков Айдар Бүйтағалыұлы
  • ЖСН 710315301396

Оқи отырыңыз: Коронавирустан аман қалуға болады. Ол үшін дәл қазір не істеу керек?

Президент әкімшілігінің қызметкерлері мен депутаттар бір күндік еңбекақыларын аударды

Сын сағатта ортақ істен ешкім де сырт қалмауға тырысуда. Осы ретте Сенат және Мәжіліс депутаттарының бір күндік еңбекақыларын коронавируспен күреске аударатыны белгілі болды. Президент әкімшілігінің қызметкерлері де бір күндік жалақысын індеттің таралуына қарсы күреске көмек ретінде аударуға шешім қабылдады.

Аударылған қаражат елорда мен Алматы қалаларының пандемия салдарын өз бастарынан өткерген тұрғындарға беріледі. Сонымен қатар, жиналған қаржы коронавирусқа қарсы күреске атсалысып жатқан медицина қызметкерлерін ынталандыруға жұмсалады. Бұл қаражаттың бір бөлігін жұқпалы аурулар ауруханаларын қолдауға, маскалар мен басқа да қажетті қорғаныш құралдарын сатып алуға жұмсау жоспарлануда. Бұдан бөлек балалар үйлеріне де көмек көрсетіледі.

Оқи отырыңыз: Сіз білуіңіз қажет! Covid-2019 коронавирусынан сақтану шаралары

"Самұрық-Қазына" қоры 6 миллион медициналық маска сатып алады

Игі іске үн қосқан "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ 6 миллион медициналық маска алатын болды. Осылайша, Денсаулық сақтау, Еңбек және әлеуметтік қорғау, Ішкі істер министрліктерінің әрқайсысына 2 млн маскадан беріледі. Сондай-ақ, қордың қызметкерлері бір күндік жалақысын Елбасының бастамасымен құрылған коронавирусқа қарсы күрес жөніндегі арнайы қорға аударатынын хабарлады.

Оқи отырыңыз: Коронавирус жұқтырған қазақстандықтардың жағдайы қандай?

#Biz Біргеміз! акциясы басталды

Алматыдағы Қызыл жарты ай халықаралық қозғалысының волонтерлері "Жақсылық жаса" акциясы аясында қарттарға қолұшын беруге кірісті. Олар карантин кезінде үйінен шыға алмай отырған егде жастағы адамдарға азық-түлік тарата бастады. Ал шаһардағы полицейлерге қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге көмектесу үшін, 500-ге жуық ерікті жұмылдырылды.

Волонтерлер тәртіп сақшыларымен бірге көше аралап, тұрғындарға түсіндіру жұмысын жүргізуде. Көшеге шыққан жұртқа карантин талаптары мен вирустың қауіптілігін жеткізіп, дүкен, дәріханалардағы ахуалды бақылауға алды. Сондай-ақ, олар қозғалуы қиын әр түрлі созылмалы ауыр дертке ұшыраған науқастарға дәрі-дәрмек тасиды.

Серіктестер жаңалықтары