Informburo.kz порталына – 10 жыл: Фотошежіре

Иллюстрация: Informburo.kz
Иллюстрация: Informburo.kz
4 мамырда Informburo.kz порталының ақпарат тарата бастағанына 10 жыл толды!

Алғашқы ақжолтай жаңалық

2015 жылы 4 мамырда сағат 9.05-те Informburo.kz порталында ресми алғашқы жаңалық жарық көрді. Оның авторы – порталдың бас редакторы Михаил Дорофеев. 

"Қазақстанда жаңа Informburo.kz жаңалықтар сайты іске қосылды", – деп жазды ол.

Бұл – бүгінде 10 жылдық белесті бағындырып отырған Қазақстандағы ең танымал сайттардың бірінің алғашқы тәй-тәй қадамы еді. 

Жаңа жоба Алматыда "Мегаполис" басылымы негізінде іске қосылды. Порталдың меншік иесі – "Инфополис" ЖШС. 

Михаил Дорофеевтің Informburo.kz туралы баяндау сәті

Informburo.kz ақпарат нарығына өзімен бірге жаңа леп пен журналистиканың жаңа стандарттарын да ала келді. Портал ә дегеннен ақпараттың шынайылығы мен дәлдігі қағидасын бәрінен жоғары қойды. Тәулік бойы жаңалық таратып, оқиғаларға терең талдау жасады. Оқырмандармен бірге "неге?" және "не үшін?" деген сұрақтарға жауап іздеді. 

Түсауы енді кесілгеніне қарамастан, 2015 жылғы мамырда Informburo.kz Астанада өткен экономикалық форум аясындағы теледебатты ұйымдастыруға белсенді атсалысты.

Бір жылда – 57 миллион қаралым

Информбюроның бір жылдығына орай ұйымдастырылған рәсім

2016 жылы Информбюро редакциясы порталдың алғашқы туған күнін атап өтті. Бір жылда Informburo.kz сайтына 11 миллион қолданушы кіріп, сайт беттері 57 миллион рет қаралды. Аз ғана уақыттың ішінде әртүрлі форматта 20 мыңнан астам материал жарияланып, 3,5 мың видеоролик жүктелді. 

Дәл осы жылы портал European Newspaper Award байқауында Web design for Screen and Smartphone номинациясын жеңіп алды. Информбюро Қазақстан мен ТМД елдерінің ақпарат құралдары арасында бұл марапатты бірінші болып иеленді. 

Қазақ тілінде ақпарат тарата бастады

2017 жылы Информбюро порталының қазақ редакциясы құрылып, сайт екі тілде ақпарат тарата бастады. 

Қазақ аудиториясына арналған өзекті қоғамдық-саяси тақырыптарды тереңінен қозғаған қазақ редакциясы бірте-бірте сайтта күнделікті жаңалықтар таратуға көшті. "Пікір" айдарында белгілі публицист Қайнар Олжай, драматург Сая Қасымбек, саясаттанушы Дос Көшім мен Расул Жұмалы, экономист Қайырбек Арыстанбеков және өзге сарапшылар қоғамдағы өткір мәселелерді көтерді.

2020 жылы қазақ редакциясының материалы сайтта бірінші болып 1 миллионнан астам қаралым жинады!

Бүгінде редакция сайт жұмысына жасанды интеллект қызметін енгізу бағытында белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. 


Оқи отырыңыз: "Ақпараттық терапия бастауы": Сарапшылар Informburo.kz сайтының бұлжымас қағидалары туралы


Жылдың үздік басылымы

2018 жылы Информбюро порталы жылдың үздік интернет басылымы атанды және "Үздік интернет БАҚ" аталымы бойынша "Үркер" ұлттық сыйлығын жеңіп алды. 

Сондай-ақ, осы жылы порталдың бас редакторы Михаил Дорофеев Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының лауреаты атанды.

Informburo.kz командасы "Үркер" сыйлығын табыстау рәсімінде

2018 жылы Informburo.kz екі рет "ЦЕХ" салалық медиаконференциясын өткізді.

Іс-шараға жергілікті және шетелдік медиа менеджерлер спикер ретінде қатысты.

Михаил Дорофеев, Қуат Бахридинов және Родион Скрябин "ЦЕХ" конференциясында панельдік пікірталас кезінде

"Үркер" – тағы да Информбюрода

2019 жылы журналист Евгения Бодрова "Үркер" сыйлығына ие болды. Евгенияның Информбюро порталында жарияланған материалы жылдың үздік сараптамалық материалы атанды.

Евгения Бодрова "Үркер" сыйлығын алды

2019 жылы қарашада Михаил Дорофеев 31 арнадағы "Информбюро" бағдарламасыны бас редакторы қызметіне тағайындалып, портал мен тележаңалықтар қызметін бір редакцияға айналдыруды қолға алды. Бұл – 2023 жылы құрылған "31" медиахолдингінің қалыптасуының алғашқы қадамы еді.

Informburo.kz порталы

2020 жылы Информбюро порталында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың эксклюзив сұхбаты жарық көрді. 

2019 жылы Informburo.kz "Халықтың сүйіктісі" ұлттық сыйлығында "Жылдың үздік ақпараттық интернет-басылымы" атанды.

Informburo.kz "Халықтың сүйіктісі" ұлттық сыйлығының лауреаты атанды

2021 жылы портал "Үздік БАҚ" аталымы бойынша Мира Мустафина атындағы сыйлықпен марапатталды. Бұл сыйлық отбасы және гендерлік саясатты ілгерілетуге қосқан үлесі үшін берілді.


Оқи отырыңыз: Informburo.kz 10 жылдығына орай құттықтаулар қабылдайды


Есімдері естен кетпес...

2019 жылдың соңы Қазақстан халқы үшін ғана емес, Информбюро редакциясы үшін де қайғылы оқиғамен есте қалды. 27 желтоқсанда Bek Air әуе компаниясының Fokker-100 ұшағы Алматы облысының Қызыл Ту ауылының маңында апатқа ұшырады. Ұшақ бетон қоршауға соғылып, екіге бөлінді. Оның бортында 93 жолаушы және 5 экипаж мүшесі болған. Апат салдарынан 12 адам қаза тапса, солардың қатарында Informburo.kz сайтының белді журналисі Дана Круглова да бар болатын.

Дана Круглова

Дана бар болғаны 35 жаста еді. 2016 жылдан бері Informburo.kz командасында жұмыс істеді. Оның зерттеу мақалалары қоғамда талай мәрте резонанс тудырды. Жыл сайын әріптестері Дананы қайғыра еске алады.

Информбюро порталы қайғылы апатқа қатысты зерттеу материал жариялады.

Informburo.kz ұжымы үшін 2021 жыл да қайғымен басталды. Порталдың бас редакторы Михаил Дорофеев кенеттен өмірден озды

Информбюро порталының алғашқы бас редакторы Михаил Дорофеев

Михаил Дорофеев 25 жылдан аса уақыт әртүрлі БАҚ-та еңбек етіп, Қазақстан Журналистика академиясының академигі, ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі болған еді. Ауыр қазаға орай, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев марқұмның отбасы мен жақындарына қайғыра көңіл айтты.

2023 жылдан бері журналистер арасында Михаил Дорофеев атындағы сыйлық тағайындалып келеді.

Михаил Дорофеев атындағы аудитория

Сол жылы қарашада Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде Михаил Дорофеев атындағы аудитория ашылды. Дорофеев осы жоғары оқу орнының түлегі еді. Оның құрметіне аталған аудиторияда студенттер – болашақ журналистер оқиды. Сондай-ақ, университет басшылығы Дорофеев атындағы стипендия тағайындады.

Михаил Дорофеевтен кейін Информбюро порталын 2021-2023 жылдары Анастасия Новикова және Анастасия Боловинцева басқарса, 2024 жылы портал тізгінін Гүлжан Мұқышева ұстады.

"31" медиахолдингі

2023 жылы сәуірде 31 арна мен "Инфополис" ЖШС "31" медиахолдингіне бірікті. Редакцияларды біріктіру процесі бірнеше жыл бұрын 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы мен Informburo.kz порталын қосу негізінде басталған еді. Екі медианы бір медиахолдингке біріктіру басқару сапасын және редакциялық саясатты одан әрі жақсартуға, сондай-ақ контентті бірлесіп өндіруге бағытталған.

"31" медиахолдингі

2024 жылы "Инфополис" ЖШС жаңа жоба – Sportburo.kz спорт саласындағы ақпараттық-сараптамалық жаңа сайтты іске қосты. Бұл – негізгі сайттың алғашқы "серігі", алдағы уақытта олардың санын көбейту жоспарда бар.  

"Миллионер" материалдар

Қазіргі таңда Informburo.kz порталының 7 материалы 1 миллионнан астам қаралым жинаған. Ең үздігі – түнгі жөтел туралы мақала 3 миллионнан астам рет оқылған. 

Одан бөлек, үздік бестікке келесі материалдар енген: 

Informburo.kz порталының мобильді нұсқасы

2024 жылы Informburo.kz командасы қоғам назарын аударған Салтанат Нүкенованың қазасына бір жыл толуына орай "Салтанат. Бір өмір – мыңдаған тағдыр" деректі фильмін жарыққа шығарды

Биыл Информбюро порталның құрылғанына он жыл толды. Он жылда редакцияда танымал журналистер, фотографтар, блогерлер және медиаменеджерлер жұмыс істеді.

Informburo.kz журналистері қоғамдағы шешімін таппаған мәселелерді қозғап, халық пен билік арасындағы көпірге айналды. Талай республикалық байқауларда жүлде алып, еңбегі еленді. 

Ең бастысы, Informburo.kz оқырман сүйіспеншілігіне бөленген жетекші сайтқа айналды.  

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары